Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлеуметтік желі – заманауи табыс көзі

Әлеуметтік желі – заманауи табыс көзі
Ашық Дереккөз
Қазір әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр. Желіге шығып, желдей ессеңіз – жұлдыз болып шыға келесіз. Ол үшін қызықты контент түсіріп, қиялыңызға креатив қоссаңыз жетіп жатыр.

Әлеуметтік желіні бірі ақпарат тарату үшін қолданады. Олар күнделікті өзінің әрбір жаңа бастаған ісін, тіпті таңнан кешке дейінгі аралықта атқарған әрбір қимылын таспаға басып, желіге жүктейді. Бұл жай танымалдылықты аңсап жүргендердің ісі. Алайда бұл ойды дұрыс жүйеге қоя білгендер бүгінде оқырмандарын арттырып, қаралымын көбейтіп алды. Соның арқасында жарнамаға тапсырыс алып, табыс табады.

Желіде табыс табудың тағы бір түрі – тауар сату. Мәселен, бұл жүйе кәсіпкерлер үшін таптырмас тәсіл. Киім-кешек, ойыншық, алтын бұйымдар, тіпті жиһаздың түр-түріне қазір желі арқылы тапсырыс бере аласыз. Әп-сәтте қалауыңыз орындалады. Бұл әсіресе қазіргі өзіне көңіл бөлуге уақыты тапшы, жұмысбасты жандар мен сыртқа аттап шыға алмайтын жас аналар үшін тиімді. Қалаған затын смартфоны арқылы ұнатып, ала салады.

Әлеуметтік желіде әлдене сатып, табыс көзін тапқандар ерекше көзге түсу мақсатында әйелдер тонын, көйлегін киіп, бетмайларын жүзіне жағып, сөмкелерін асынып, өздерін көрсетуден алдына жан салмайды. Оған себеп, әлеуметтік желінің ең оңтайлы тұсы – осындай ерекше образдар. Ал адамдардың ерекше тәсіл қолданып, ел алдына шығуы кім-кімнің болсын көңілін аулап, өзіне қаратады. Тауардың түр-түрін оқырмандарына көрсетіп, бағасын айтып, бастарын шыр айналдырады. Сол көріністің соңы міндетті түрде әлденені сатып алуына ықпал етеді.

Мәселен, Гугуша атымен танылған тараздық блогер әлеуметтік желіде алғашында билеп шығып, көзге түскен. Сол сәттен бастап оқырмандардың көзайымына айналып, бүгінде тікелей эфиріне мыңдап адам жинап отырады. Оны бақылаушылар қырықтың қырқасына шықса да эмоциясын басқара алмай, бірде ұрыс шығарып, енді бірде күліп, ал бірде жылап отыратын мінезіне тапжылмай қарап отырады.

– Мен қаражаттан қатты қиналып жүрдім. Сөйтіп, ең алғаш тікелей эфирді қосып, «TikTok» желісіне билеп шықтым. Сол күннен бастап эфирімнен адам үзілмеді. Оқырмандарды тарту үшін қызық болуың керек. Ондай қызық мінезден ада адам емеспіз. Өз мінезім, барым осы. Алайда кей-кейде оқырмандарды одан сайын қызықтыра түсу мақсатында өз-өзіммен сөйлесетінім де бар. Мен «Tik Tok» желісі арқылы миллиондаған кредиттерімді жаптым. Арнайы іздеп келіп, азын-аулақ тауарымды сатып алатындар да бар. Халықтың алдында кейде ұрсып, кейде жылап аламын. Не десем де оқырмандарым өзіме адал. Басыма қандай жағдай түссе де қолдауға әзір. Өздері көмектескісі келіп тұрады. Кейде заттарымды үйде отырып, эфирде сатып жіберемін. Аккаунтыма адам тез тіркелгенінің арқасында қаралым да көп, оқырман саны да аз емес. Әр аккаунтыма оқырмандарды көптеп жинап алып, парақшамды сатып та жіберемін. Бұл мен үшін табыс көзі. Сол үшін эфирде сағаттап отырып, оқырмандарыммен әңгіме-дүкен құрамын, – дейді Гугуша.

Бір қызығы, тікелей эфирде танылған блогерлердің өздері ғана емес, олардың әрбір туған-туысы да оқырмандарының назарынан тыс қалмайды. Танымал блогердің інісі көше кезіп, ащы суға салынып кеткен екен. Із-түзсіз кеткен інісінің дүниенің қай бұрышында жүргені отбасы үшін жұмбақ күйінде қалған еді. Бірде Гугушаның телефонына Төле би көшесінің бойында билеп жүрген қайыршы жігіттің бейнесі келіп түседі. Бет-аузы домбығып ісіп, таяқ сүйеніп жүрген жігіттің көзінен ол өзінің бірге өскен бауырын тани кетеді. Сол түні эфирде көз жасына ерік берген блогер таңертең інісі билеп жүрген орынға барып, бауырын тауып алды.

Осы оқиғаны 5 мыңнан аса көрермен тамашалап, әпкесі бауырын ауруханаға емдетіп, қалай бәйек болып жүгіргеніне толық куә болған. Сөйтіп, оқырмандар өзара ақша жинап, інісіне пәтер жалдап, киім алып берді. Қазіргі таңда әпкелі-інілі Гугуша мен Нуканай «Tik Tok»  желісі арқылы би билеп, ән айту арқылы табыс тауып жүрген бауырлар.

Сол сияқты бүгінде Джон есімді желі қолданушысының есімі әлеуметтік желіде дүрілдеп тұр. Ол стрим арқылы батл ойнап, табыс табады. Ерекше қылық танытып, билеп отыратын көңілді стримердің табысын жұрт 40 миллионға жетті деп айтып жүр. Алайда стример бұл сұраққа жауап бергісі келмеді.

– Бойымда қазақтың рухы, қаны ойнап тұр. Эфирдегі көрермендер жасықты да, пасықты да бірден таниды. Менің бойымдағы рух бәрін көтеріп кетеді. Қазақи нақыштағы әуенді қойып, «Аттан қазақ» деп айғайлап қойсам болды, оқырмандардың өзі тиын-тебен тұратын сыйлықтарынан бастап, 100 мың теңгеге дейін сыйлықпен қолдап кетеді. Мен сол қолдаушыларға шын риза кейіппен аттарын атап, алғыс айтқанда олар да көтеріліп қалса керек, келесі ойында одан да асырып қолдай кетеді, – дейді стример.

Ал Ухтам Абдуллаеваның жасы алпыстың асқарында. Осы Ухтам әжей желіде желдей есіп, бүгінде 1 миллион 900 мың подписчик жинағанын мақтан тұтады.

– Мен трендтегі видеоларды түсіремін. Сөйтіп, «Tik Tok» желісіне танылып кеттім. Алдағы уақытта 2 миллион адамды тіркеуге дайындалып жүрмін. Оқырманым көп болғанымен, табыс көзім 100 мыңнан аспайды. Мұндай оқырман жинау үшін қысылмай-қымтырылмай, билейтін жерде билеп, өртейтін жерде өртей салатын мінез болу керек, – дейді Ухтам әжей.

Иә, қазақта «Атың шықпаса, жер өрте» деген сөз бар. Бүгінде бұл мәтел «Атың шықпаса, желіні өртеге» айналып кеткендей. Не болса да әлеуметтік желі арқылы табыс тауып қана қоймай, танымалдыққа ие болуға болатынын бүгінде біраз адам ұғынып қойды. Тек тапқан табысыңыз бетті қызартпаса болғаны.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар