
Тірлігі алға басып, еңсесін тіктеген шаруашылықтар Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылында да көптеп саналады. Ауылдың жер жағдайы егін егіп, мал өсіруге өте қолайлы болғандықтан тұрғындар негізінен егін және малмаруашылығымен айналысқанды жөн көреді. Ауылдағы тірлігі тындырымды, ісі өнімді шаруашылықтардың бірі – «Төлеген» шаруа қожалығы.
Бүгінде шаруашылықтың жұмысын қолған алған іскер әрі еңбексүйгіш азамат Мейірбек Қуатбекұлы 1978 жылы Түктібай ауылында туып, осындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте білім алып, еңбекке ерте араласады. Жас болса да совхоз бөлімшесінің тракторын жүргізіп, әртүрлі жұмыстар атқарады. Еңбекке ерте араласқанының арқасында Мейірбек Қуатбекұлы 2011 жылы өз алдына тірлік бастап, «Төлеген» шаруа қожалығын құрады. Қазір аталған шаруашылықта 500 гектардан аса егістік, 500 гектар жайылымдық жері бар. Қожалық ауылшаруашылығына қажетті барлық техникамен қамтылған деуге болады.
Шаруашылықты жан-жақты дамытуды көздеген іскер азамат сүт бағытындағы сиырлар сатып алып, бірер жылдан бері өнімді жұмыс істеуде. Совхоз бөлімшесі тараған жылдары еңбекқор азамат өзінің жеке қаражатына 40 шақты сиыр алып, мал басын көбейтуді ұйғарады. Ол «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан қомақты несие қаражатына қол жеткізіп, қаражатқа 120 бас сиыр сатып алады. Мемлекеттен төленетін субсидиядан да өз үлесін алып, үлкен іске білек сыбана кіріседі.
– Шаруа қожалықтың құрылғанына да биыл 14 жыл уақыт болды. Осы уақыт аралығында көптеген қиыншылық кездесті. Уақыт өте оның барлығын еңбекпен енсердік. Кездескен қиындықтың барлығына шыдамдылық қажет. Ешқандай жұмыс, еңбек өнімділігі оңайшылықпен келмейді. Барлығы маңдай тердің, ұзақ жылғы тынымсыз еңбектің арқасы. Шаруашылықты қолға алып, оны дамытып, кәсіп істеуге деген құлшынысымды оятқан бірден-бір жағдай, ол – туған ауылыма деген сүйіспеншілік десем, артық айтпаймын. Өйткені осы ауылда өсіп-өніп, ұрпағымыз көбею үстінде. Отбасында асыл жарым екеуміз төрт перзент өсіріп, бүгінде олардан немере сүйіп отырмыз. Қазіргі таңда екі ұлым маған барлық жағынан қолғабыс етіп, шаруашылықты көтеру бағытында тынбай еңбек етуде. Оған да шүкір. Шаруашылықта қосымша екі жұмысшы бар. Ал маусымдық жұмыстар кезінде жұмысшылардың саны 10-ға жетеді. Барлығы ауылдың азаматтары. Көктем шыға салысымен бойдақ жас малдар жайлауға жіберіледі. Егістік алқапқа арпа, бидай, мақсары және картоп егіліп, одан алынған өнім мал азығына жаратылуда. Нақты айтқанда, мал азығын толығымен өзімізде дайындалады. Нәтижесінде төрт түлік қыстан қысылмай, қоңды шығады, – дейді қожалық басшысы Мейірбек Төлегенов.
Сауынды сиырдың басын көбейту мақсатында қожалық басшысы 2016 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы қайта несие рәсімдеп, Чехия мемлекетінен 64 бас «Симменталь» асылтұқымды таналарын сатып әкеледі. Асылтұқымды мүйізді ірі қара климат талғамайтын, түрлі ауруларға да шыдамды келетін көрінеді. Мүйізді ірі қараның тағы бір ерекшелігі, оны ет және сүт бағытында қатар өсіріп, көбейтуге болады. Шаруа қожалық мал басын кемітпей, керісінше, жыл өткен сайын оны көбейтіп, табысты отбасылық бизнеске айналдырып отыр.
Қазір «Төлегенде» егістік жерлерді тиімді игеруге арналған төрт трактор, түрлі ауылшаруашылық тіркемелері, екі астық дәнін жинайтын комбайн және екі бірдей ауыр жүк көлігі қажетке жарап-ақ тұр. Техникаларды көбінесе Мейірбектің ұлдары жүргізеді. Бір сөзбен айтқанда, «Төлеген» шаруа қожалығының қасиетті өңірдің аграрлық әлеуетін дамытудағы жұмысы жүйелі, беталысы қарқынды. Осы бағыттан таймауына біз де тілектеспіз!
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
журналист,
Жуалы ауданы