
Нақақтан күйіп, жат жерде көмусіз қалғандардың артында қалған жетімдер мен жесірлердің төгілген көз жасында, бүкіл өміріне өзек болған мұң мен зарында есеп болған жоқ. Солай жазықсыз жалалы болғандардың бірі – қордайлық Мәдішұлы Құдайберген еді. 1937 жылы желтоқсан айында НКВД-нің әйгілі үштігінің шешімімен «Алашордашыларды қолдады, Ораз Жандосовпен кездесті, пікірлес болып, тапсырмаларын орындады, антисоветтік насихат жүргізді» деген желеумен тағдырдың тәлкегіне ұшырап, тауқымет арқалап 10 жылға сотталып кете барды. Құдайбергеннің әйелі Сағияға «халық жауының әйелі», әлі кәмелет жасына жетпеген балалары Асхат, Нұржақан, Нұрсұлуға «халық жауының балалары» деген қара таңба басылды. Бұл таңба олардың кейінгі өмірлерінде талай мәрте алдарынан шығып, болашақтарына балта шауып, үнемі үрей мен қорқыныш құшағында ұстап келді. Тек арада көп жылдар өткен соң, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданды. Соның нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандардың көпшілігі, оның ішінде Құдайберген Мәдішев те ақталды.
«ҚҰДАЙДЫҢ БЕРЕ САЛҒАНЫ...»
Қазіргі Қордай (бұрынғы Красногор) ауданының ең бір көрікті жері Сұлутөр – төр десең төр, сұлу десең сұлу жер жаннаты емес пе?! Саф ауасы жанға шипа, топырағы құнарлы осынау жерұйықтың Көктөбе аталатын бөктерінде өткен ғасырдың басында Бейсенбек ақсақалдың жалғыз ұлы Мәдіштің шаңырағы көптен күткен зор қуанышқа бөленді. Алладан перзент тілеп әулие-әмбиелерді қоймай адақтап, түнеп, мінәжат етумен бармаған жері, баспаған тауы қалмаған Мәдіш пен бәйбішесінің тілегі қабыл болып, балпанақтай ұл келеді өмірге. Бұл 1900 жылдың жаз ортасы болса керек. «Бұл бір Құдайдың бере салғаны ғой, баламның аты Құдайберген болсын» деп Мәдіш молдаға азан шақыртып, нәрестенің атын қойғызады. «Құдайберген тегін бала емес, ерекше бала, Алладан сұрап алғанбыз, тіл-көзден аулақ болсын» деп түсі қызыл, жеңі ұзын жейде кигізеді екен. Жаман нәрсе ұстап алмасын деп жеңінің ұшын буып қоятын. Оны балалар үлкендерге көрсетпей ойнаған кезде шешіп, үйге қайтарда қайтадан байлап беретін көрінеді. Құдайбергеннің әкесі Мәдіш медреседе дін қызметкері болып істеген, баласын да өзі оқытып, сауатын ашқан.
1919 жылы Кеңес үкіметі халық арасындағы сауатсыздықты жою жөнінде арнайы Декрет қабылдап, жер-жерде мұғалімдер даярлайтын семинариялар ашыла бастайды. Аздаған сауаттылар қатарында Құдайберген Орынбор семинариясына жіберіледі. Оқуын бітіріп, елге келген бойда сауатсыздықты жою (ликбез) бойынша мұғалім болып жұмыс істей бастайды. Революцияға дейін Қордай өңірінде бірде-бір қазақ мектебі болмаған болса, 1923 жылы сол кезде аудан орталығы болып тұрған Қасық ауылында жергілікті ұлт балалары үшін төрт жылдық мектеп ашылады.
Жаңа үкіметтің халыққа білім беру мәселесіне жете назар аударуы нәтижесінде мектептерге жыл өткен сайын білікті оқытушы мамандар көптеп келе бастады. Оларға жан-жақтағы ауылдарда қызыл отаулар, мектептер ашып, балалармен қатар үлкендерді де оқуға тартып, сауаттандыру ісі тапсырылды. 1921-1922 жылдары Құдайберген Мәдішев Қызылсай, Қырықүй, Ауқатты, Шарбақты ауылдарында мұғалім болып істеп, 1923-1928 жылдар аралығында аудандық халыққа білім беру бөлімін басқарады. Осы жылдары Көгадыр, Соғанды және Ырғайты ауылдарында да қазақ мектептері ашылып, оларда Әбдіқайым Әбдікерімов, Михида Қадыкенова, Әбітай Игібаев сынды мұғалімдер жұмыс істепті.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары, кейінірек 1939 жылы жаңадан Жамбыл облысы құрылғанға дейін іргелес жатқан Шу, Қордай, Красногор аудандары Алматы облысының құрамында болып келгені мәлім. Қордай мен Красногор аудандары аймағында сауатсыздықты жою, қазақ жастарына білім беру бағытында қолдан келгеннің бәрі жасалды. Қ.Мәдішев те бар білімі мен білігін осынау ізгілікті іске арнады. Ол кісіден дәріс алғандардың қатарында кейіннен елге танымал болып, жоғары қызметтер атқарған адамдар аз емес. Мәселен, Республика Ғылым академиясының академигі, тілші ғалым Нығмет Сауранбаев, республика Жоғарғы сотының мүшесі болған Әбілқай Жұмабеков, сондай-ақ Төлеген Ақтанбердиев, Әділ Ділебаев, Санатбай Бегалиев сияқты аудан, облыс деңгейінде жауапты қызмет атқарған шәкірттерін айтуға болады.
Ал 1935 жылдан 1937 жылы ұсталып кеткенге дейін Қ. Мәдішев Красногор мектебінің директоры болды. Сол кезеңде осы мектепте білім алғандардың қатарынан Қайын Керденов, Несіпбай Жұмабаев, Жапар Көпбаев, Қ.Қожалиев, Р.Мұхаметкерімова, С.Алтаев, Б.Сайпышев және басқалары кейіннен аудан аумағында түрлі басшылық қызметтер атқарып, халқына еңбегі сіңген жандар болды.
«...КІТАПТАРДЫ ШАШЫП, ӘКЕМІЗДІ ҚОЛЫН ҚАЙЫРЫП АЙДАП ӘКЕТТІ»
1937 жылы жазда Красногор ауданына қазақ еліне әйгілі партия қайраткері, сол тұста Қазақ АССР Халық комиссары болған Ораз Жандосов келіп, аудан атқамінерлері ел-жұртты жинап, онымен кездесу өткізеді. Олардың қатарында, әрине, мектеп басшысы Құдайберген де болған. Тағдырдың салғанын көрмейсіз бе, сол жылы күзде Ораз Жандосов «халық жауы» болып ұсталып, көп уақыт өтпей-ақ онымен кездесу ұйымдастырған красногорлық басшылардың да басына қатер төнеді. Сөйтіп, қазан айында Красногор аудандық партия комитетінің нұсқаушысы Бөлеген Жатқанбаев (ҚР Түңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нағашысы), «Ворошилов» колхозының төрағасы Тимофей Кизяев, ауылдық кеңестің төрағасы Изатулла Ботбаевтармен бірге мектеп директоры Құдайберген Мәдішев те бір түнде ұсталып кете барды. Сол жылы 7 желтоқсанда НКВД үштігінің шешімімен 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберіледі. (Ал онымен бірге ұсталған Бөлеген Жатқанбаевты көп ұзамай, яғни 1938 жылы 11 ақпанда ату жазасына кесіп, бес күннен кейін-ақ, 16 ақпанда Алматы түрмесінде үкімнің орындалғаны туралы архивтік деректер тапқан едік).
Әкесінің қолын кісендеп, үйден қалай алып кеткені сол кезде жеті жасар үлкен қызы Нұржаханның көз алдында қалып қойыпты. Естелігінде ол: «...1937 жылдың желтоқсан айы болатын. Кенет үйдегі қонағымыз далаға галошын кимей жүгіріп шықты. Не болып қалды деп қызық көрген балалық назарымыз үйге кіріп келе жатқан қызыл жағалы бейтаныс адамдарға түсті. Сол қарулы адамдардың үйді тінтіп, кітаптарды ақтарып далаға лақтырғаны, әкеміздің қолын қайырып байлап машинаға мінгізгені, анамыздың зарлы үні, әлгілердің біздің үрейлі жүзімізге сұстана қарап: «халық жауының күшіктері, өшіріңдер үндеріңді» дегені естен кетпейді.
...Сол кеткеннен әкемізді қайта көрмедік», – деп жазды.
Қызметінде құрметке бөленген, социализмнің келешегіне құдайдай сенген адамның аяқ астынан қамалып, айдалып кетуіне не себеп болды деген сұраққа әйелі мен балалары көпке дейін жауап ала алмады. Ол кезде жауап беру былай тұрсын, бұрынғы туыс, дос, таныс адамдардың өзі «бәлесі жұғады» деп сырт айналған кез.
Нұржаханның тағы бір есінде қалғаны:
«Әкемізді алып кеткен күні-ақ баспанамызды босаттырды. Аязды суық түнде бүрсеңдеген біз көршіміздің үйінде түнеп шықтық. Ертесіне Бәйділда атамыздың қорасына орналастық. Одан басқа туысқандардың бірде-біреуі қасымызға жоламады».
Көз көрген қариялардың айтуынша, Қ.Мәдішев өте білімді, саяси сауатты, араб, орыс тілдерін жетік меңгерген, кезінде аудармашы болып та істеген екен. Үш тілде кітаптар оқып, сөйлер сөзге де шебер болса керек.
Тағы бір айтар жайт, қазақ халқы қаншама жаңа өмірге бет бұрды дегенмен, ата дінінен түгел безе қойған жоқ-ты. Жасырын түрде Құранға ұйып, намаз оқитындар аз да болса бар еді. Құдайберген де діншіл болған, Құранды жатқа білген, есебін тауып бес уақыт намазын қаза қылмай, ораза ұстап, ауыз бекітуге тырысатын. Бәйбішесі Сағия қожаның қызы екен. Қожалар қыздарын тек қожаларға тұрмысқа береді. Айттырып барғанда қыздың әкесі Әбілезқожа, әрине, қарсы болады. Сонда Құдайберген Құранды, шариғат заңдарын терең білетінін танытып, қожаның кез келген сұрағына тиянақты жауап берумен риза етіп, қызына үйленген екен. Сағия да ақылды, іскер де көрікті кісі болыпты. Бес бала көтерген екен, екеуі нәресте күнінде шетінеп кеткен. Ерінің қолына кісен салып айдап алып кеткенде артында оң-солын танып болмаған үш жас баласымен қалды. Басына төнген қайғы-қасіретке төзе алмай, Сағия 1940 жылы жанын жегідей жеген күйіктен қайтыс болған.
Әкелерінен бір, шешелерінен екі айырылған үш жетімек бірін-бірі сүйемелдеп жапанда жалғыз қалғандай болды. Естияры он екі жасар Асхат екі қарындасы Нұржахан мен Нұрсұлуды ертіп туған жерінен ауып, Ұмтыл (қазіргі Кенен) ауылындағы нағашыларына келіп сағалайды.
МАЙДАНГЕР АСХАТ ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ
«Жұт жеті ағайынды» демекші, алда бет қаратпас қара дауылын бұрқыратып сұрапыл соғыс таяп келе жатты. 1941 жылы Асхат 16 жаста еді. 1943 жылы жасы 18-ге толған бойда әскерге шақырылып, қан майданға аттанды. Артында көздері жәутеңдеп екі қарындасы қалды. Асхат Құдайбергенұлы Мәдішев атқыштар полкінде взвод командирінің көмекшісі болып Отанын қорғады, талай қанды шайқастарға қатысты. Ол соғыс тақырыбына әңгіме қозғауды онша ұната бермейтін, өзінің майдандағы ерліктері жайлы да көп айта қоймайтын. Бірақ архивте сақталған мына бір құжат оның соғыстағы бір ерлігін паш етеді:
« ...7-ші атқыштар полкіне қарасты атқыштар взводы командирінің орынбасары, гвардия аға сержанты Мадышев Аскат Кудайбергенович 1945 жылы 2 апрельде Ленценкортен елді мекенін (Австрия) шабуылдап алуға взводымен батыл араласып, винтовкамен оқ жаудырып, жаудың жиырмадан аса солдаты мен үш офицерін жайратты.
1925 жылы туған, қазақ, ВКП(б) мүшесі, Жамбыл облысы, Қордай аудандық әскери комиссариатымен әскерге шақырылған...»
Сондай жан алып, жан беріскен шайқастардың бірінде ауыр жараланды. Госпитальда ұзақ емделгенімен әскери медкомиссия оны екінші топтағы мүгедек деп танып, 1945 жылы елге қайтарды. Омырауына «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», тағы да басқа наградаларын тағып келген майдангер өзін тағатсыздана күтіп отырған қарындастарымен қауышты.
Соғыстан қайтқан жаралы солдат әке жолын қумаққа Алматы педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, өзі туып өскен Красногор ауылындағы мектепте еңбек жолын бастайды. 1946 жылы Рәзипамен бас қосып, отау құрады, екі қарындасын қолына алып, барлығы бірге тұрады. Өмірі осылай қалыпты арнаға түскендей-ақ еді, бірақ баяғы қара дақ тағы да алдынан шығады. «Халық жауының» баласы қалай бала оқытып жүр?» деген түртпекке түсе беріп, мұғалім болып жұмыс істеу мүмкін болмай бара жатқан соң, амал жоқ, қаржы саласы мамандарын даярлайтын техникумға құжат тапсырады. Онда сырттай оқи жүріп түрлі қара жұмыстарды атқарады, отбасын асырап, қарындастарын ұзатып, құтты орындарына қондырады. Өздері де сәбилі болып, қуанышқа кенеледі. Техникумның дипломын алған соң Красногор ауылдық кеңесінің қаржы бөлімінде инспектор болып қызмет атқарады. 1965 жылы денсаулығына байланысты дәрігерлердің кеңесімен таулы өңірден төмендегі аудан орталығы Қордайға (ол кезде Георгиевка) көшіп келіп, ауылдық кеңесте салық жинау агенті болып жұмысын жалғастырады. Асхат Құдайбергенұлы өмірден көргені мен түйгені мол парасатты, білімді, адамгершілікті, үлкен-кішіге бауырмал, барлық туыс, жақындарына қайырымды жан болған деседі. Үнемі біреуді жұмысқа тұрғызып, біреуді оқуға түсіріп, пәтері болмағандарды үйіне ертіп келіп қамқорлық жасап жүреді екен.
А. Мәдішев 1975 жылы соғыста алған жарақаттың салдарынан елу жасында зейнетке шықты. Араға бес жыл салып 1980 жылы елу бес жасында дүниеден озды. Ата-анасының өмірін жалғап артында төрт қыз қалды. Тұңғышы Нәйля Асхатқызы Мәдішева Жамбыл пединститутын орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, Қызылсай мектебінде 41 жыл, оның 35 жылында оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. КПСС мүшесі болды. «Еңбек ардагері» медалімен, «Қордай ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталған. Екінші қызы Қарлығаш – Красногор совхоз-техникумын бітірген, мамандығы – мал дәрігері. Қордай аудандық ветстансада, кейіннен Қарағанды облысы, Молодежный ауданы, «Мирный» совхозында қызмет етті. Үшінші қызы Гүлбала Красногор совхоз-техникумын және Талғар есеп-санақ техникумын бітірген. Кенже қызы Гүлнара аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында қызмет еткен. Бәрі де балалы-шағалы, өсіп-өнген. Міне, тағдырдың жазуымен сүйегі жат жерде қалған Құдайберген Мәдішевтің жалғыз ұлы майдангер Асхаттың бүгінгі үрім-бұтағы осындай.
Құдайберген Мәдішевтің үлкен қызы Нұржахан әкесі айдалып кеткенде жеті жаста еді. Сол қасіретті жылдар әсерінен балалық санасы ерте ашылып, тез есейген. Ешбір қиындыққа мойымай, оқып, жан-жақты білім алып, әке жолын қуған ол ұстаздық қызметті таңдады. Әкесінің елге бере алмай кеткен білімін жалғастырып, аянбастан тер төкті. Қордай ауданының Шарбақты ауылында бастауыш сыныптың мұғалімі болып табаны күректей қырық жыл ұстаздық етіп, «Халыққа білім беру ісінің үздігі» құрметті атағымен зейнетке шыққан болатын. 2020 жылы 91 жасында дүние салды. Кезінде әкесінің халық ағарту қызметіне қосқан зор үлесін алға тартып, есімін есте қалдыру туралы аудан басшыларының алдына барған. Соның нәтижесінде Сұлутөр ауылындағы бір көше «Мәдішев көшесі» аталады.
Екінші қызы Нұрсұлу болса, әкесі айдалып кеткенде небәрі бес жаста болғандықтан аға, әкпесімен бірге жетімдіктің тауқыметін тартудай-ақ тартқан. Ол өте шебер оюшы, балбармақ тігінші болатын. Зейнетке шыққанға дейін сауда саласында үздіксіз еңбек етті.
Қ.Мәдішевтің отбасындағы мына бір жайды да айтпауға болмайды. Ері сотталып кеткен соң «халық жауларының» әйелдерін де қамауға алып, жазаға тартады екен» дегенді естіген туыстары үш жетімектің тағдырын ойлап, Сағияны Құдайбергеннің аталас ағасы Ыбырайымға әмеңгерлік жолмен қосады.
Бұл Ыбырайым Данияров жылқышы болған. 1947 жылы 87 биеден 87 құлын алғаны үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, «Алтын жұлдызбен» наградталған кісі еді. Сағия одан 1940 жылы Рима атты қыз табады. Бірақ арада бір ай өтпей басына түскен тағдырдың тәлкегіне төзе алмай, Сағия күйіктен көз жұмғанын жоғарыда айттық. Бір айлық сәбиді оның сіңлісі Уәзипа бауырына басады. Рима сол кісінің қолында өсіп, бойжетіп тұрмысқа шығады. Жолдасы Амантай ерте қайтыс болып, Рима қолындағы енесін де, өзін асыраған анасы Уәзипаны да, әкесіз қалған жеті бірдей баласын да ешкімнен кем қылмай, бағып-қағып өсірді, аяқтандырды. Олардан немере-шөбере көріп, 81 жасында өмірден озды.
86 ЖЫЛДАН КЕЙІН АШЫЛҒАН АҚИҚАТ
Өткен ғасырдағы «отыз жетінің» сүргінінде нақақтан айдалып кеткен жанның одан кейінгі тағдыры, қайда барып, қалай қайтыс болғаны, сүйегі қайда жерленгені мұндаға дейін белгісіз болып келген еді. Не бір суреті де сақталмаған екен. Өздері «халық жауының балалары» атанып, сергелдең күй кешіп жүрген балаларының ол кезде қолы қысқа болды, қалай ізденудің жолын да білмеді. Тек 2018 жылдан бастап көзі ашық немерелері атасы туралы деректерді интернет арқылы іздей бастады. Еліміздің және Ресейдің түрлі архивтері мен мұражайларына сұраныстар жіберілді. Олардың көпшілігінен ешқандай дерек жоқтығы туралы жауаптар келіп жатты. Ақыры күткен қуанышты хабар да жетті. Ол Қ.Мәдішев айдалып кеткеннен кейін 86 жылдан соң, яғни 2023 жылы 5 шілдеде Қарағандыда тұратын Қарлығаш Асхатқызының атына «Қазақстан Республикасы Президентінің архиві» мемлекеттік мекемесінен келді.
Осы құжаттан мәлім болғанындай, Қ.Мәдішев Ресейдің Қиыр Шығысына жер аударылып, Амур өлкесіндегі Бурейнск лагерінде (Бурлагта) теміржол құрылысының ауыр жұмысына жегіліп, екі жылдан соң, 1939 жылы 15 қаңтарда өкпе қабынуынан қайтыс болған екен. Ол кезде небәрі отыз тоғыз жаста еді, туған жерінен бір уыс топырақ та бұйырмады, жаназасы да оқылмады.
Президент архивінен осынау анықтамамен қоса Қ.Мәдішевтің тергеу кезіндегі екі суретін, кейбір құжатының көшірмелерін де салып жіберіпті. Осылар қолдарына тигенде аталарының өзі тіріліп келгендей көңілі жайланып еді. Бір ғасырға таяу мерзім өткенде ғана ақиқатқа көз жетіп отыр. Сол тұстағы үкіметтің адам тағдырын тәлкекке салып, талайлардың көз жасын селдеткені жандарын жаралап, жүрегінде мәңгі жібімес кек болып қатқандай.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қордай ауданының Құрметті азаматы