Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Гауһардың үйі – мейірімнің мекені

Гауһардың үйі – мейірімнің мекені
Ашық Дереккөз
Гауһар Жолмаханбеттің есімі көпшілікке «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы жақсы таныс. Кейіпкеріміздің «Facebook» парақшасындағы әзіл-шыны аралас жазбалары мен мейірімге толы мінезі туралы желі қолданушылары жиі пікір білдіріп жатады. Әсіресе нәзікжандыларға жасап жүрген жақсылығы бір төбе. Оң босағада отырып аяғы ауырлап, баратын жері, басатын тауы қалмаған қыздарға қамқорлық танытып, төрінен орын бергені жайлы да естідік. Гаухар осы уақытқа дейін бірнеше жас ананы бауырына басып, көмек қолын созған.

Жуырда Гауһармен тілдесудің де сәті түсті. Жанары өткір, жүзі сұсты келіншек әңгімені әріден бастады.

– Адам баласынан тірі пендеге қажеті мейірім ғана. Егер бір-бірімізге қамқорлық танытып, қиналған жанға қол ұшын созбасақ, онда адамдығымыз қайда қалады?! Кейде бейтаныс қыздар хабарласады. Жағдайын айтып мұңын шаққанда ет-жүрегім елжіреп «келе ғой» деп күтіп аламын. Олардың кім екені, қайда жұмыс істегені, тіпті ататегін де білмеймін. Бірақ көмектесуден қашқан емеспін. Бірінші келген қызды күйеуі ұра берген соң кетіп қалған. Балалары күйеуінде қалыпты. Содан соң Алматыға келіп, мұнда да бір еркекке алданып, тағы балалы болған. Қамқорлық жасайтын әжесі қартайған. Шешесі мұны кішкентай кезінде әжесіне қалдырып, күйеуге шығып кетіпті. «Аналар үйінен» шыққан соң баласымен маған келді. Кейін Таразда біреу жұмысқа шақырыпты. «Баламмен бірге сол үйде тұрып, сол жерде жұмыс істейтін болдым» деп кеткен. Кейін білсем, барған үйіндегі ер адам «баласы миды ашытты» деп шығарып жіберіпті. «Үйге кел қайтадан» дегеніме «ұяламын» деп келмеді. Ол қыздан қазір хабар жоқ. Ал екінші қыз толыққанды отбасынан шыққан. Шетелде білім алған. Хас сұлудың өзі. Алданып, аяғы ауыр болып қалған. Әке-шешесіне айта алмаған. Кейін жігіті баласымен алып кетті. Одан кейін екі бала туды. Бәрібір дұрыс болмады. Жігіт нағыз абьюзердің өзі болып шықты. Қыз таяқ жеуден көз ашпады. Үшінші қыздың екі қызы бар еді. Алғашқы некесі сәтсіз болған. Үміттеніп, тағы күйеуге шығамын деп ойлаған, ол да болмаған. Табылған жұмысты істеп, қыздарын өзі асырап отыр. Үш қыз да өте жақсы. Әттең, жігіттен жолы болмаған, – деп күрсінді Гауһар.

Желі қолданушылары да мейірімді жанның жүрегінің кең екенін ескеріп, кімге болсын көмек қолын созуға даяр мінезін біліп алған. Сәл қиналған жан көрсе Гаухардың телефонын беріп, «міндетті түрде көмектеседі» деп айтады екен.

Расында, Гауһардың шаңырағы мейірімнің мекені іспетті. Бір адам көмек сұрап келсе, бір адам алғыс айтып шығып жатады. Бірақ ол өзі жасап жүрген жақсылығын бәрінің қолынан келетін іс деп ойлайды. Ол үшін тек мейірімді жүрек болса жетіп жатқанын жиі айтады.

– Дана халқымыздың «жетімін жылатпаған» дегенін сөз жүзінде қалдырмай, іс жүзінде жүзеге асырғым келгендіктен көп адамнан алғыс алдым деп ойлаймын. Қазір қыз өсіріп отырғанның бәріне «қыздарыңызды көздеріңіздің қарашығындай сақтаңыздар» деп айтқым келеді. Кіммен сөйлеседі, не істейді, не ішіп, не жейді, бәрін біліп отырыңыздар. Қыздың тағдыры бір бұзылса, өте қиын. Біздің қоғамда оларға көзқарас та басқа. Тіктеліп өмір сүріп кетуі оңай емес. Ұл өсіріп отырғандарға айтарым, ұлға жауапкершілікті көп артыңыздар. Алған әйелі, балалары оған Құдайдан берілген аманат. Сол аманаттың салмағын сезінсін. Қыз баласына қиянат жасаудан аулақ болсын. Өзімнің ұлыма «Қыздардың көңілін қалдырушы болма. Босқа үміттендірме. Сен оған «зияным тиген жоқ, бүлдірмедім» деп ойлайтын шығарсың. Бірақ саған қиған көңілінің, уақытының ақысы бар екенін, ертең оның да сұрауы болатынын ұмытпа» деп ескертіп отырамын. Балаларды сақтайықшы. Оларға ата-анасынан жақын ешкім жоқ, – дейді Гауһар.

Бүгінде ес жиып, етек-жеңін жинаған жас аналар өздеріне қамқорлық танытып, қиын күндері көмек қолын созған екінші аналарын ұмытқан емес. Үнемі хабарласып, жағдайын сұрап, мерекелерде кездесіп, құрмет білдіріп тұрады екен. Құшағы кең, пейілі таза жанға біз де ұзақ ғұмыр тіледік.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Әкемнің әні
Алдыңғы мақала
Әкемнің әні

Ұқсас жаңалықтар