Тараз қаласы Дүниежүзілік Қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие шаһар ретінде осы мазмұны зор іс-шараға арнайы шақырту алған болатын. Делегацияны Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова бастап барды. Делегация құрамында Дүниежүзілік Қолөнершілер Кеңесінің (World Craft Council) Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша президенті, Қытай тоқыма және киім өндірушілер қауымдастығының мүшесі, «Asyl-Design» сән үйінің бас дизайнері, «Aspara Fashion Week» халықаралық сән апталығының негізін қалаушы, 80-нен аса сәндік және маусымдық киім топтамасының авторы Айдархан Қалиев және қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің туризм маманы Маржан Назаралиева бар.
Көрме аясында ұйымдастырылған форумда Қазақстаннан бөлек, Оңтүстік Корея, Қытай, Австралия, Жаңа Зеландия, Тайланд, Австралия, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен келген өкілдер қолөнер саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды кеңінен таныстырып, өзара тәжірибе алмасты.
Сонымен қатар мәртебелі меймандар «Қолөнершілер орталығын» аралады. Орталықтың ерекшелігі – онда алыс-жақын шет елдердің де көрмелері жұмыс істеп тұр.
Көрмеде жергілікті ауылшаруашылығы өнімдерінен, жіп пен ағаштан жасалған бұйымдар, сурет өнерінің туындылары қойылған
Сондай-ақ өнер, шеберлік, мүсін жасау секілді түрлі бағыттар бойынша қолөнершілер мен келушілерді үйретуге арналған арнайы жабдықталған шеберханалар да орналасқан.
Тараз қаласының Чхонджудағы халықаралық қолөнершілер көрмесіне қатысуы ұлттық қолөнерді әлемдік деңгейде дәріптеудің маңызды қадамы әрі Қазақстан мен өзге мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі тереңдетуге бағытталған игі бастама болып отыр.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы




