Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Білім мен контентті үйлестіре білген педагог

Білім мен контентті үйлестіре білген педагог
Ашық Дереккөз
Ауыл – қазақтың түп-тамыры. Сондықтан әрқайсысымыз кіндігімізден байланған алтын тамырымызды дамытуға қал-қадірімізше үлес қосуымыз керек. Осы ойды дәріптеп, ауыл мұғалімінің қарапайым да жарқын өмірін насихаттап жүрген жас ұстаздардың бірі – Бексұлтан Бақыт.

Ауылдың болашағы еңбекқор, өз ісіне адал жастардың қолында екенін «Instagram» әлеуметтік желісіндегі бейнероликтері арқылы дәлелдеп жүрген Бексұлтан Мұратбекұлы Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Бүгінде Шу ауданындағы Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназияда тарих пәнінен сабақ береді. Таразда білім алып, кейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша туған жеріне оралған.

«Instagram»-да блог жүргізу Бексұлтанның ойында бұрыннан болғанымен түрлі себептермен кейінге қалдыра берген. Ақырында санасында пісіп-жетілген идеясын жүзеге асыруға әпкесі Мәдина Мұратбекқызы себепші болыпты. Алғашында камера алдында сөйлеуге ұялатын Бексұлтан уақыт өте келе қорқынышын жеңіп, оқырмандарына пайдалы әрі қызықты контент ұсынуды қолға алады.

Кейіпкеріміздің «Instagram»-дағы бейнероликтері қарапайым ауыл тіршілігін, ауыл балаларының қызықты өмірін, ұлттық құндылықтарды дәріптейді. Тіпті бір бейнеролигі 3,5 миллионнан аса қаралым жинаған.

Бексұлтан бізбен әңгімелесу барысында сабақ беру әдістерін де ерекше етіп ұйымдастырғанды жақсы көретінін айтты. Мәселен, ұлттық құндылықтарды дамыту мақсатында ойлап тапқан «Супер құрт» әдісі бүгінде көптің көңілінен шығуда. Жуырда жас ұстаз «КТК» телеарнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасына қатысып қайтқан болатын. Сонда бағдарламаға қатысқан сарапшылар «Супер құрт» әдісінің тиімділігін жоғары бағалап, басқа мұғалімдер де сабақтарында қолданса деген ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ бағдарлама қонақтары Бексұлтанға ауыл балаларының асық атып, ләңгі тепкен сәттерін парақшасына салып, насихаттаса, тіпті үйірме ашса деген ұсыныстарын да айтты.

Сонымен қатар Бексұлтан оқушыларының тарих пәніне қызығушылығын арттыру үшін түрлі ойын әдістерін қолданады. Мысалы, «Бәйге» – кері байланыс құралы, «Асық» – жұптық жұмыс әдісі, «Куиз» – викториналық сұрақтар форматы. «Супер құрт» әдісі мен ұлттық ойындарға негізделген тәсілдері тек Шу ауданында ғана емес, басқа өңірлердегі мұғалімдердің де назарын аудартуда десек, артық айтқандық емес.

– Мектеп ұжымы мен оқушыларым ең белсенді оқырмандарым. Жалпы Шу ауданындағы ұстаздар мен ата-аналардың көпшілігі парақшама тіркелген. Оқырмандарымның арасында «сізді көріп, ауылға көшкіміз келіп кетті» деп пікір жазатындар жиі кездеседі. «Қалаға көшу туралы ойламайсыз ба?» деп те сұрақтарын қойып жатады. Шынымды айтсам, қалаға көшу туралы мүлде ойламаймын. Егер ауылды жарнамалап, жастарды ауылға шақырып жүріп өзім қалаға кетіп қалсам, ұят емес пе?! Жастар негізі ауылда ешқандай жағдай жасалмаған деп ойлайды. Бірақ өз жағдайыңды өзің жасауға болады, – деген жас ұстаз әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы ауыл мектебі мен қала мектебінің еш айырмашылығы жоқ екенін көрсеткісі келетінін жеткізді.

Бексұлтан Мұратбекұлының еңбегі тек әлеуметтік желіде ғана емес, ұстаздар қауымының арасында да кеңінен танылуда. Әсіресе жаңашыл әдіс-тәсілдері жас мұғалімдер үшін тәжірибе алмасудың тиімді үлгісіне айналды.

Оқушылармен жақсы қарым-қатынас орнату – Бексұлтан Бақыттың басты ұстанымы. Ол жас ұрпақтың тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, олардың әр жетістігіне шын жүректен қуанатынын айтады. Оқушылар сабаққа белсенді қатысып, жақсы нәтиже көрсетсе, оларға мотивация ретінде видеоларға түсіру арқылы ынталандыру әдісін қолданады. Бұл оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың өзін-өзі көрсетуіне, еркін ойлауына жол ашады.

Сонымен қатар Бексұлтанның блогы тек кәсіби тәжірибесімен ғана емес, отбасы құндылықтарын насихаттауымен де ерекшеленеді. Кейде әкесімен бірге жаттығу жасап, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын насихаттаса, енді бірде тоқсаннан асқан атасына қамқорлық таныту арқылы үлкенге құрметтің жарқын үлгісін көрсетеді. Жас ұстаздың атасын жуындырып, сақалын алып, жетектеп, тамақтандырып жатқан видеосын көрген оқырмандары Бексұлтанға алғысын жаудырып, қазақы тәрбиені бойына сіңірген азамат екенін атап өтуде. Атасының да немересіне шынайы ризашылығын білдіріп, ақ батасын берген видеосы көпшіліктің жүрегін елжіретті. Яғни Бексұлтанның блогы тек білім мен еңбекті ғана емес, отбасы жылуын, ұлттық тәрбиені де дәріптейді.

Ең қызығы, кейіпкеріміздің блогынан жағымсыз пікір жазатындарды табу мүмкін емес. Себебі Бексұлтан әрдайым позитивті ой, жылы энергия сыйлауға тырысады. Оқырмандары да соған сай тек жақсы тілектер айтып, еңбегіне алғыс білдіруде.

Бексұлтанның блогы – мотивация, ізгілік және отбасылық құндылықтардың үйлесімі. Блогер ұстаздың әлеуметтік желідегі белсенділігі ауыл мұғалімінің рөлін жаңа деңгейге көтерді. Бұрын тек сынып ішінде шектеліп қалатын мұғалімдік қызмет енді мыңдаған адамға әсер ететін маңызды факторға айналып отыр.

Алдағы уақытта Бексұлтан өзінің оқыту әдістерін жетілдіріп, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыруға арналған жаңа жобаларды қолға алмақ. Ұлттық тәрбие мен заманауи білімнің үйлесімі – заманға сай жаңашыл ұстаздың негізгі бағыты.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар