Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Күзді арманға сенбейді деп кім айтты?!

Күзді арманға сенбейді деп кім айтты?!
А.Қартабай
Қаланың шулы тіршілігіне күздің ырғағы енгелі де біршама уақыт болды. Күз табиғаттың ғана емес, адамның да ішкі әлемін өзгеріске ұшырататын мезгіл.

Күн шуағының қызуы әлсіреп, жапырақтар жерге түсіп жатқанда өмірдің өтпелілігін еріксіз ойға аласың. Мезгілі жетіп, сабағынан үзілген сары жапырақ уақыттың өткінші екенін үнсіз ескертіп жатқан секілді. Кеше ғана бүр жарып, бойынан көктем иісін аңқытып, аспанға жұпар шашқан ағаштар бүгінде бар сәнінен айырылып, жалаңаштанып үлгерді. Сол секілді адам да өмір жолының басында көктемдей гүлдесе, кейін күз жеткенде әрбір сәтін сабыр мен ақылға жеңдіретін шаққа жетеді.

Адам өмірі де расында да Табиғат – Ананың төрт мезгіліне ұқсайды. Дүние есігін жаңа ашқан нәресте жаңа ғана бүр жарған көктем болса, қызуы мол жаймашуақ жаз жайнаған жастық шаққа ұқсайды. Ал күзі жеткен жан өмірдің алтын ортасына келгендей күй кешері анық.

Күз адам еңбегінің жемісін жеп, молшылық пен жауапкершілікке кенелетін кезі. Көктем мен жазда атқарған ісі арқылы маңдай терінің өтеуін алатын шақ. Ізденіс пен жетілуге үлкен мүмкіндік. Сондықтан да бұл мезгіл адамды ойлылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді.

Жаңбырлы күндері терезе алдында шай ішіп отырып, сырттағы табиғаттың тамырын ойша басып, тынысын тыңдау да күздің бізге сылайтын ерекше ләззаты. Жапырақтардың сыбдыры, тырс-тырс еткен тамшылардың терезеге соғылған дыбысы, бәрі де тіршіліктен қажыған жанға тыныштық сыйлайды. Сағыныштың символына айналған алтын түстес мезгіл – бұла балалық пен жастық шақтың, қайта айналып келмес ыстық кезеңдерінің естелігін көкірек көзінен өткізіп, есеп беруге таптырмас мезет.

Негізі өмір ұстаздың әр маусымы – бізге дәріс, үлгі. Иә, әр мезгіл, өз сәнімен, өз сабағымен қымбат. Көктем қуаныш сыйласа, жаз еркіндік береді. Ал күз сабыр мен шүкірдің, тыныштықтың мезгілі. Өткен шаққа ой жүгіртіп, келер күнге үміт артып, шүкір айтып отыратын салиқалы сырлы мұңға толы уақыт. Себебі ол сиқырлы сезімге толы сағыныш тектес мезгіл.

Жалпы күз туралы күңірене жырламаған ақын жоқ. Себебі күз өткен өмір тізбегіне деген сағыныш пен есті естеліктің образы. Әр жапырақ сыр жасырып, ескірмес елестің мұңын тұндырып тұрғандай әсер қалдырады.

Ендеше, күз туралы ақындардан артық кім айтсын, шайырдан артық кім жырласын?! Осы орайда ақын Ерлан Жүністің «Жаңбыр» атты өлеңі ойға оралады.

 

Жаңбыр, жаңбыр – жалқы жүрек, жалғыз мұң,

Жалғыз мұңға күз суретін салғыздым.

Жерге түскен жапырақты көтерші,

Мұңымыздан ауыр емес ол біздің!

 

Күзгі аспанның күрсінісін, кемсеңін,

Жүрекке сап салмақтадым, өлшедім.

Құлап жатқан тамшыларды көтердім,

Көз жасыңнан ауыр емес ол сенің!

 

Күзді арманға сенбейді деп кім айтты,

Бізді арманға сенбейді деп кім айтты!

Алматыға жауған жаңбыр неліктен,

Астанада жүрген мені мұңайтты?

 

Бұл өлең поэтикалық мәнде өрілген, адамның ішкі әлеміне, өмірге, үміт пен мұңға деген көзқарасын қайта қарауға шақыратын терең философиялық түйін. Көпшілік күзді мұңмен, сағынышпен, өткеннің естелігімен байланыстырады. Бірақ күз сарғайған жапырақ пен естелікті көз алдыңда көлбеңдетумен қатар, жаңа арманның, жаңа ойдың бастауы болуы да мүмкін. Себебі бұл мезгіл адамды өзіне үңілуге, өткенді сараптап, жаңа мақсаттарға бет бұруға жетелейді. Жапырақтың жерге түсуі оның өмірде жоқ болып кетуінен бұрын топыраққа жаңа өмірдің дәнін беретін табиғи үдеріс. Сол сияқты күзгі мұң да адамның ішкі әлемін тазартатын, рухын шыңдайтын кез.

Күз – арманға сенетіндердің мезгілі. Өйткені ол сабыр мен сенімнің шекарасында тұр. Күннің жарығы азайған сайын адам жүрегінің шамы жанады, сырттағы салқындық ішке жылу сыйлайтынын ұмытпайық. Ал арман кейде көктемнің шуағында емес, күздің жаңбырында тұнып тұрады. Өйткені арман жыл мезгіліне бағынбайды, ол адамның сенімінде өмір сүреді. Сондықтан күз жаңарудың, іштей өсу мен үміттің уақыты. Әрбір сарғайған жапырақ өткен күннің белгісі, ал әрбір түскен тамшы жаңа күннің хабаршысы іспетті. Сондықтан күзден мұң емес, мағына іздеу керек. Бірақ мен бәрібір күзді емес, көктемді ұнатамын.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар