Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өмір мен өлім арасындағы қызмет

Өмір мен өлім арасындағы қызмет
Автор
Азаматтық қорғаныс саласында қызмет ету үшін үлкен жүрек керек. Кез келген оқыс жағдай кезінде жылдам шешім қабылдап, табандылық таныту маңызды. Ендеше бүгінгі мақаламызда өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп жүрген бейбіт күннің батырлары жайлы сөз қозғамақпыз.

От – арқасына ер-тоқым тимеген асау ат секілді, еркіне бір жіберсең, ауыздықтау қиын. Алапат өрт жолында кездескеннің бәрін жалмайтын алып күш. Бірақ дәл осы қызыл жалын бір баланың тағдырын түбегейлі өзгертті. Сол түні кішкентай Мәди Жәнелі үйін шарпыған өртті де, қорқынышты да емес, тілсіз жаудан отбасын түгел аман-есен алып шыққан ержүрек құтқарушыны есінде сақтап қалған. Осылайша бала жүрегінде «Өскенде мен де құтқарушы боламын» деген арман пайда болды.

Арманынан айнымаған Мәди 2011 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсіп, құтқарушы мамандығы батырлық пен төзімділікті ғана емес, кең жүректі, адам өміріне деген шынайы жанашырлықты талап ететінін шындап ұғады.

Адал еңбегімен абырой биігіне көтерілген азаматтық қорғау майоры бүгінгі таңда Қордай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы қызметін атқарып жүр.

Кез келген төтенше жағдайда өртсөндіруші, құтқарушы ең алдымен өз өмірін емес, адамдардың амандығын, өрттің таралу қаупін ойлайды. Олар күннің ыстығы мен суығына, жел мен түтінге қарамай, тілсіз жаумен күресіп, әр адамның өмірі үшін арпалысуға дайын. Біздің кейіпкеріміз де осы уақытқа дейін түрлі шақыртуларға шығып, өзін батыл, қызметіне адал және қорқынышын жеңе білетін адам ретінде талай мәрте дәлелдеген. Мәселен 2023 жылдың 11 желтоқсанында өңірімізде қар қалың жауып, көктайғақ пен қатты аяз салдарынан республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда жүк көліктерінің қозғалысы тоқтап қалады. Ауа райының күрт нашарлауына байланысты жолдарда полиция мен құтқарушылар тәулік бойы кезекшілікке кіріседі. Артынша 12 желтоқсаннан бастап «Тараз – Алматы» бағытындағы республикалық жолдар мен облыстық маңызы бар трассалар жабылады. Десе де ауа райының қолайсыздығы туралы ескерту мен үйде болу жөніндегі кеңестерге қарамастан, кейбір жамбылдықтар жолға шығуды жалғастырған. Сол күндері азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері құтқару жұмыстарын жүргізіп, жолда қалған 16 адамға көмек қолын созды. Мәди де құтқару жұмыстарына атсалысып, адам шығынын болдырмау үшін барын салып бақты.

Дейтұрғанмен Мәди үшін статистика маңызды емес. Тілсіз жаудан отбасын аман алып қалған сол бір ержүрек жаннан үлгі алған кейіпкеріміз де адамдарды түрлі қауіп-қатерден қорғауды өз өмірінің басты миссиясына айналдырған.

Құтқарушы қарапайым ережелерді сақтау арқылы айтып келмейтін апаттардың алдын алуға болады деп санайды. Сол себепті түсіндірме жұмыстарын жүргізуге үлкен мән береді. Осы жылдың өзінде Мәди Мұратұлы үйлерді аралап, 100-ден аса тұрғынмен кездесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріпті. Азаматтарға өз өмірі мен жақындарын қалай қорғау керегін үйретіп қана қоймай, әлеуметтік нысандардың жағдайын тексеріп, профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

Әріптестері кейіпкерімізді жауапкершілігі мол, ісіне тиянақты, кәсіби білікті, кез келген сәтте көмекке келуге дайын адам ретінде құрметтейді. Майор Мәди олар үшін ердің жүгін арқалаған нағыз азамат.

Қаншама отбасының басына төнген қауіпті сейілткен абыройлы құтқарушы отбасында да құрметті жан, 4 қыз, 1 ұл өсіріп отырған қамқор әке. Отбасы – оның тірегі, шабыт берер күші, қауырт қызметтен кейінгі тыныштық мекені. Мәди балаларын жақсылыққа баулып, еңбекке құрметпен қарауды, қиындыққа қарсы тұра білуді үйретіп келеді.

– Осы мамандықты жүрек қалауыммен таңдадым. Өйткені бала күнімде өлім аузынан арашалап қалған құтқарушының ерлігі өмір бойы есімде қалды. Сол сәттен бастап сол кісідей батыл, адам өміріне араша болатын маман болуды мақсат еттім. Қазір сол бала арманымның жүзеге асқанына қуаныштымын. Әрбір құтқару операциясына өз міндетімді орындаумен қатар, адам тағдыры алдындағы жауапкершілік деп қараймын, – дейді Мәди Мұратұлы.

Өзгелерді құтқару үшін өз өмірін бәйгеге тігуден тайсалмайтын өртсөндірушінің бірі – Қордай аудандық №15 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Әсет Орымбаев.

Сарыбұлақ ауылында туып-өскен Әсет Дәулетұлы 2009-2010 жылдары Маңғыстау облысында шекара әскерінде Отан алдындағы борышын өтеген. Екі жылдық әскери өмірі оны ширықтырды, төзімділікке, қайсарлыққа баулыды. Туған жеріне оралған соң өмірін азаматтық қорғау саласымен байланыстыруды жөн көреді.

Жұмысқа кіріскен алғашқы күні-ақ жас маман жауапты міндетпен бетпе-бет келеді.

– Отар ауылындағы тұрғын үйдің отқа оранғаны туралы хабар алысымен жеделдетіп оқиға орнына аттандық. Көліктен түскен сәтте «үйдің ішінде кішкентай бала қалып қойды» деген ауыр жаңалықты естідік. Үйдің ішін қою түтін басып кетіпті. Шатыры опырылып құлап жатты. Десе де қорқынышқа бой алдырмадық. Баланы аман алып қалуды ғана ойладық. Сөйтіп тәуекел етіп, қызыл жалын құрсаулап алған үйдің ішіне кіріп, баланы далаға алып шықтық, – дейді Әсет сол күнді еске алып.

Қазіргі сәтте бөлімше командирі ретінде Әсет өз өміріне ғана емес, әріптестерінің де амандығына жауапты. Әр операцияның мінсіз орындалуы – бөлімше командирінің басты міндеті.

Әсеттің тәжірибесіндегі ең ауыр оқиғаның бірі – Қордай ауылындағы «Мақсат» жанармай бекетіндегі өрт. Сол күні көлікке жанармай құйылып жатқанда кенет ұшқын шығып, от көлікті шарпиды. Әр секунд есептеулі еді. Оқиға орнына жеткен бөлімше командирі мен оның қарамағындағы жігіттер бір кісідей жұмыла әрекет етеді. Бірі су бағыттаса, екіншісі қауіпті аумақты қоршады. Қызыл жалынның ортасында қалған жанкешті азаматтардың бойында қорқыныш емес, жауапкершілік сезімі басым түсті. Ондай кезде ең бастысы – сабыр сақтау мен тез қимылдау. Сонда ғана адам өмірін сақтап қалуға болады.

Әсеттің айтуынша, жыл өткен сайын өрт қауіпсіздігі тақырыбы өзекті бола түсуде. Құтқарушылар тек өрт сөндіріп қана қоймай, алдын алу жұмыстарын да жүйелі жүргізеді. Әсіресе жылыту маусымында тұрғындармен кездесіп, кеңес береді.

– Қазір көп үйлер мен ғимараттар тез жанатын материалдардан салынып жатыр. Сондықтан әр адам қауіпсіздік ережесін білуі шарт. Табиғат аясында да, үй маңында да қоқыс пен шөпті жағуға болмайды. Өйткені үлкен өрт – кішкентай ұшқыннан басталады, – дейді Әсет Дәулетұлы.

Қауіп төнсе де, өзінің ажал құшуы мүмкін екенін ойламайтын ержүрек құтқарушымыз өте көп. Сондай құтқарушының бірі – Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері Бақытбек Күзенбаев.

Бақытбек студенттік шағынан-ақ өрт-құтқару спортына қызығып, облыстық және республикалық жарыстарда табандылығымен, төзімділігімен, алға ұмтылысымен көзге түсе білген.

Осы қасиеттер оның өмір жолын айқындап беріп, 2016 жылы Тараз қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне өртсөндіруші-құтқарушы болып қызметке кіріседі. Араға бір жыл салып, жас маман бөлімше командирі атанды. Ал 2022 жылы Көкшетау техникалық институтын тәмамдап, офицерлік шен иеленді. 2023 жылдан бастап Бақытбек Күзенбаев Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде аға инженер қызметін атқарып келеді.

Жас құтқарушы 9 жылдық тәжірибесінде көптеген қайғылы оқиғалардың ортасында жүріп, тұрғындарды құтқаруға көмектескен. Әсіресе Қордай ауданында қарауыл бастығы болып жүрген кезінде аударылып қалған жүк көлігінің жүргізушісін құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткенін әлі күнге есіне алып отырады.

Сондай-ақ өткен жылы кейіпкеріміздің жетекшілігіндегі газ-түтіннен қорғау тобы от шарпыған 5 қабатты үйден екі адамды дер кезінде эвакуациялап, өртті қысқа уақытта ауыздықтады.

Әріптестері Бақытбекті сенім артсаң сыр бермейтін серік, арқасүйер азамат деп бағалайды. Жауапкершілігі мен қатер төнген сәтте дұрыс шешім қабылдау қабілеті оны жас мамандарға үлгі етіп отыр. «Батыр туса – ел ырысы» дегендей, ол да өз ортасының тірегі.

Бүгінде кейіпкеріміз жұбайы Ақнұрмен бірге ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Отбасы мен Отан алдындағы парызын қатар алып жүрген Бақытбек – адалдық пен ар-намыстың айнасы.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар