
Дегенмен тиімді пайдалана білсең ЖИ-дің ұтымды тұстары көп. Әсіресе оқушылар мен мұғалімнен бастап өзге де түрлі сала қызметкерлерінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретін онлайн көмекшілердің пайдасы зор. Жақында меркілік оқушы Медет Есенбай өз қатарластарына арналған тамаша чат-бот жасап шығарды. Биыл мектепті тәмамдағалы отырған жас өнертапқыштың Қазақстан тарихы пәні бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуға көмектесетін тест-боты расында да пайдасы мол қосымша.
Он алты жасар Медет Меркі ауданындағы М.Мәметова атындағы №13 жалпы орта білім беретін мектепте оқиды. Бір қызығы, бала кезінен технологияларға ерекше қызығушылық танытқан оқушы робототехника үйірмесіне мүлде қатыспаған. Бағдарламалау тілі, технологияның шексіз мүмкіндіктері туралы ғылымға терең бойлауына мектептегі информатика пәнінің мұғалімдері ықпал еткен.
– Робототехника, IT саласына қызығушылығым 8-сыныптарда пайда болды. Алғашында компьютерлік бағдарламалар мен ойындарды зерттей бастадым. Кейінірек робот жасау, кодтау сияқты нәрселерге сүйіспеншілігім артты. 8-сыныпта информатикадан сабақ беретін мұғалімдерімнің арқасында алғашқы роботымды құрастырдым. Содан бері түрлі робототехника жарыстарына қатысып, өзімді дамытуға тырыстым, – деген Медет тарихи жылнамалар, ел шежіресіндегі маңызды деректер енгізілген чат-бот алғашқы үлкен жобасы екенін жеткізді.
«UBT Kazakhstan with Medet» атты электронды қосымша – Қазақстан тарихынан ҰБТ-ға дайындалуға көмектесетін тест бот. Ол оқушыларға маңызды жылдарды, оқиғаларды жаттауға, тестерді шешуге және өз білімдерін тексеруге мүмкіндік береді. Ботты жасап шығару жөніндегі идея Медетке ҰБТ-ға дайындалып жүргенде келген.
– Тестілеуге дайындық кезінде тарих пәнінде жылдарды есте сақтау қиынға соғатынын байқадым. Сондықтан осы процесті жеңілдететін тиімді әдіс ойлап тапқым келді. Осылайша қарапайым оқу әдістерінен бөлек, оқушыларға интерактивті түрде дайындалуға мүмкіндік беретін чат-бот жасау туралы ой келді. Бағыма орай, жаңа идеямды жүзеге асыруға ниеттенген шағымда «Python» бағдарламалау тілін үйреніп жүрген едім. Сабақтардың бірінде чат-бот жасау жайлы видео-нұсқаулық көргенбіз. Артынша бірден өзім де чат-бот жасауды қолға алып көрейін деп шештім. Қазақстан тарихы чат-ботын, ең алдымен, жоғары сынып оқушылары пайдалана алады. Ол ҰБТ-ға немесе мектептегі тарих пәні бойынша емтихандарға дайындалуға көмектеседі. Сонымен қатар тарихқа қызығатын кез келген адам оны ақпараттық құрал ретінде қолданса болады. Чат-боттың негізгі қызметі – тарихи жылдар мен оқиғалар бойынша тест тапсыру. Қосымшаға барлығы 10 нұсқа енгізілген. Сонау сақ, ғұн тайпалары дәуірінен бастап Алтын Орда, Қазақ хандығы тұсындағы оқиғалар, Алаш Орда заманы, сондай-ақ тәуелсіздікке дейін, егемендіктен кейінгі хронологиялық маңызды деректердің барлығы енгізілген. Оқушы өзі қалаған нұсқаны таңдап, тестілеуден өте отырып, жылнамалық деректерді жаттай алады. Бот қолдануға ыңғайлы, пайдаланушылардан өтініш пен ұсыныс түсіп жатса, өзіме кері байланысқа шыға алатын функциясы бар, – дейді жас өнертапқыш.
Қазіргі таңда чат-бот «Telegram» платформасында жұмыс істейді. Пайдаланушылар оны «https://t.me/medetesenbai_bot» сілтемесі арқылы немесе арнайы бот атауын іздеп тауып, іске қосып пайдалана алады.
Жаңашыл жас чат-ботты жасауға шамамен 2-3 ай уақыт жұмсаған. Тәжірибесі аз болғанына қарамастан ұстаздары Әлия Зорықбаева, Ботагөз Құлмағамбетованың қолдауымен алғашқы жобасын сәтті іске қосты. Осы ботты жасау барысында басқа да мектептерден мақсатты чат-ботты іске қосуға қатысты шағын жобаларға ұсыныс түсе бастаған. Сол секілді өткен жылы өзі білім алатын мектепте 8 наурыз мерекесінде алғаш рет квест-бот жасап, мерекені жаңа бағытта өткізуге септігін тигізген.
Өнертапқыш өреннің үлкен жетістіктерінің бірі – халықаралық «BeginIT» жобасына қатысуы. Өткен жылы «InDrive» компаниясы талантты оқушыларды қолдауға арналған «BeginIT» байқауын ұйымдастырған болатын.
– Халықаралық байқау туралы алғаш рет информатика пәнінен сабақ беретін мұғалімімнен естідім. Қатысуға ниет білдіріп, өзімді сынап көруге шешім қабылдадым. Сайыстың іріктеу кезеңдері бірнеше сатыдан тұрды. Бірінші кезеңде өтініш беріп, анкетаны толтырдық. Бұл жерде жетістіктерім, IT саласына деген қызығушылығым және жобаларым туралы жаздым. Екінші кезең – теориялық және практикалық тестілеу. Осы бөлімде логикалық тапсырмалар және көшбасшылық бойынша сұрақтарға жауап бердім. Қуанатыным, іріктеу кезеңдерінен сәтті өтіп, «BeginIT» ұйымдастырушыларымен кездесуге мүмкіндік алдым. Жоба аясында Алматы қаласындағы «Ақбұлақ» демалыс орнында өткен лагерьге қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды оқушылармен бірге болдым. Оқыту лагерінде жүргенде «InDrive» компаниясының мамандарымен, танымал әлеуметтік көшбасшылармен және бизнес саласының тұлғаларымен кездестік. IT саласы туралы білімімізді арттырып, жобалармен жұмыс істедік.
Бұл лагерь маған тек білім беріп қана қоймай, көзқарасымды кеңейтіп, жаңа достар табуға көмектесті. Жоба маған үлкен мотивация берді және көшбасшылық жағынан өзімді одан әрі дамытуға деген қызығушылығымды арттырды, – дейді М.Есенбай.
Робототехникадан үлкен жетістіктерге жетіп жүрген жігерлі жігіт әдебиет әлемін де жатсынбайды екен. Қолы қалт еткенде қаламды серік ететін Медет қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының жүзден астам өлеңін жатқа біледі, қайсысын сұрасаң да мүдірмей оқып бере алады. Енді қара сөздерін түгел жаттауға кіріскен.
Дарынды жастың ұстазы Әлия Зорықбаева да үздіктер қатарынан көрініп жүрген шәкіртімен мақтанады.
– Медет оқушы күнінен түрлі бағытта жетістікке жетуге тырысып жүретін алғыр жігіт. Бірінші сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейін үздік оқып келеді. Робототехника бойынша аудандық жарыстарда бірнеше рет І орын алып, облыстық деңгейде жүлделі орындарға ие болды. Қазіргі сәтте ҰБТ-ға дайындығымен қатар Қазақстан тарихы бойынша чат-бот жасап, оны дамыту жұмыстарымен айналысып жүр. Шығармашыл өреннің болашаққа құрған жоспары көп. Білімді шәкіртімнің талай биікті бағындырарына сенемін, – дейді А.Зорықбаева.
Ал Медет алдағы уақытта чат-ботын толықтырып, мүмкнідігін арттырып, оны еліміздің оқушылары үшін қолжетімді әрі пайдалы етуді көздеп отыр. Сонымен бірге алдағы уақытта басқа пәндер бойынша да осындай интеллектуалды оқу құралдарын жасауды ойластырып жүр. Болашағын анық жоспарлай алатын өреннің ең басты қалауы – Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетіне оқуға түсу.
– Болашаққа құрған жоспарым көп, ең бастысы – өзімді IT және білім беру технологиялары саласында дамытып, еліміздің білім жүйесіне үлес қосу. Алдымен мектепті жақсы аяқтап, жоғары білім алу үшін еліміздегі немесе шетелдегі мықты университеттердің біріне түсуді жоспарлап отырмын. Негізгі бағытым – ақпараттық технологиялар, киберқауіпсіздік. Бұл салалар ерекше қызықтырады, себебі білім мен технологияны біріктіріп, оқушыларға тиімді оқу құралдарын жасағым келеді. Болашақта еліміздің білім беру саласына үлес қосып, оқушыларға, мұғалімдерге арналған жаңа цифрлық платформалар жасау ойымда бар. Қазіргі білім беру жүйесінде технологияны пайдалану өте маңызды, сондықтан осы бағытта жұмыс істеу басты мақсаттарымның бірі. Жалпы әрқашан өзімді дамытып, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылып, білім мен технологияны ұштастырып, пайдалы жобалар жасауды жалғастыра беремін. Бұл тек бастамасы ғана деп ойлаймын. Әлемдік деңгейдегі технологиялық компанияларда тәжірибе жинап, кейіннен өз елімде инновациялық стартап бастағым келеді, – деп түйіндеді сөзін Медет.
Бір айта кетерлігі, жыл басында «Robotek» робототехника байқауының аудандық кезеңі өткен болатын. Аудандық байқауда І орын иеленіп, облыстық кезеңіне жолдама алады. Облыстық сайыстан да сүрінбей өтіп, I орынды еншілейді. Енді меркілік жастар «Robotek» байқауының көктемде өтетін халықаралық кезеңіне дайындалып жатыр. Жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орынмен ораларына сенеміз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ