Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастар депозит жинағына ден қоя бастады

Жастар депозит жинағына ден қоя бастады
Автор
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында «Цифрлық гигиена, дипфейктер және қаржылық қауіпсіздіктің аспектілері» тақырыбында ақпараттық дәріс өтті. Іс-шараға облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары, құзырлы орган өкілдері мен студенттер қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша тоқталып: «Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды.

Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді» – деді.

Ал биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Жаппай цифрландырудың, соның ішінде банк саласын цифрландыру ісінің пайдасы көп екені сөзсіз. Бірақ оның қауіп-қатері де аз емес. Соңғы жылдары онлайн-алаяқтық мемлекеттің және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіріп жатыр. Сондықтан киберқылмыспен күресу үшін антифрод орталығы құрылды. Биометриялық анықтау жүйесі енгізілді. Банктердің, микроқаржы ұйымдары мен байланыс операторларының жауапкершілігі күшейді. Дегенмен бұл мәселеге үнемі жіті назар аудару қажет. Құзырлы органдардың жұмысын ұдайы жетілдіріп отырған жөн» деп, киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құруды, қажет болса, тиісті заңға және құқық қорғау органдарының қызметіне өзгерістер енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ Президент «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастырудың маңызын атап өтті. Өйткені жоба 2022 жылдан бері халықтың қаржылық сауатын арттыруды, қарызға тәуелділікті азайтуды, жеке қаржыға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Былтыр бұл жоба аясында 845 мың азамат білім алып, заңгерлік көмекке жүгінді. Ал биыл 2 ақпан мен 25 тамыз аралығында 51 мың адам офлайн-оқудан өткен, 111 мың азаматқа заңгерлік кеңес берілген, 174 836 қатысушы онлайн-курстарды аяқтаған. Жыл басынан бері жалпы 770 мыңнан аса отандасымыздың берешегін реттеуге қатысты нақты көмек көрсетілген.

Осылайша Президент тапсырмасына сәйкес атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қоғамда қаржылық мәдениет біртіндеп қалыптасып келеді. Дегенмен әлі де атқаратын жұмыс аз емес. Цифрлық технологиялар дамыған сайын алаяқтардың да әдістері түрленіп, зардап шегушілер саны көбеймесе, азаяр емес.

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде өткен жиында осы бір бүгінгі заманның ең өзекті мәселесі кеңінен талқыланып, атқарылған жұмыстар сараланып, қатысушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Басқосуды ашқан университет ректоры Махметғали Сарыбеков жастардың цифрлық қауіпсіздікке қатысты көзқарасын қалыптастыруға және жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстар қарқынды түрде жалғастыра беретінін жеткізді.

– Қазіргі заманның ақпараттық ағымы мен цифрлық технологиялары жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа тәуекелдер де қалыптастыруда. Сондықтан студенттердің онлайн кеңістікте қауіпсіз әрекет етуі, ақпаратты сүзгіден өткізе білуі және қаржылық сауаттылықты меңгеруі – аса маңызды міндеттердің бірі, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Ал облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб басшысы, полковник Ержан Кенжебаевтың айтуынша, елімізде интернет-алаяқтық жыл сайын артып келеді.

– Қазақстанда биылғы 10 айдың ішінде интернет-алаяқтықтың 24 мыңға жуық (23,7 мың) фактісі тіркелді. Алаяқтық түрлерінің ішінде фишинг – 4,5 мың, маркетплейстердегі онлайн-сатып алулар мен интернеттегі жалған хабарландырулар – 9,4 мың, жалған банктерден келетін СМС-хабарламалар – 5,7 мың, онлайн-кредит рәсімдеу – 4,3 мың, ал әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде аккаунт бұзып, қаржы ұйымдары атынан немесе қарыз сұрап жіберілетін хабарламалар 1 мың жағдайды құраған. Жалпы қазақстандықтар онлайн-алаяқтарға 6 миллиард теңге жоғалтқан. Оның тек 1,5 миллиард теңгесі ғана жәбірленушілерге қайтарылып отыр, яғни ұрланған қаражаттың төрттен бірі ғана өтелген. Сондықтан интернеттегі қауіп-қатерден сақтану жолдарын білу және алаяқтардың амал-айлаларына қарсы дер кезінде әрекет ету аса маңызды. Тәжірибе көрсеткендей, алаяқтар көбінесе «TeamViewer» (Тим юер), «AVVAL DESK» (Авал деск), «AnyDesk» (Эни деск), «HopToDesk» (Хоп ту деск) және «RustDesk» (Раст деск) сияқты қосымшаларды қолданады. Сондықтан аталған қосымшаларды пайдаланбаған жөн. Тегін Wi-Fi желілерінің қаупі туралы да айта кеткен жөн. Соңғы уақытта қоғамдық орындарда осындай желілер арқылы жасалатын интернет-алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Біз күн сайын кафеде, әуежайда, қонақүйде Wi-Fi-ға қосыламыз, алайда оның қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін көп ойлай бермейміз. Шын мәнінде телефонды Wi-Fi арқылы бұзу үшін небәрі 5-10 минут жеткілікті. Яғни сіз кофе ішіп, жаңалық қарап отырған аралықта қылмыскерлер сіздің ақшаңызды, жеке деректеріңізді, суреттеріңізді немесе құпия мәліметтеріңізді ұрлап үлгеруі мүмкін. Бұл қалай жүзеге асады? Алдымен алаяқтар шынайы желіге ұқсас атаумен жалған нүкте құрады (мысалы, Kaspifree орнына KaspiFree). Адамдар атаудағы айырмашылықты байқамай, соған қосылады. Осылайша бүкіл трафик алаяқтардың қолына өтеді. Олар парольдерді, банк карталарының деректерін, шоттар тарихын оңай ұрлай алады. Мұндай әрекеттердің салдары өте ауыр. Сондықтан қоғамдық Wi-Fi желілеріне қосылғанда әрдайым сақ болу қажет, – дейді Ержан Құрманбекұлы.

Сондай-ақ департаменттің криминалистикалық бөлімінің басшысы Мақсат Байдалиев жиі кездесетін алаяқтық схемаларын, әлеуметтік желідегі фейк аккаунттардың алдау тәсілдерін және киберқылмыскерлердің жаңа әдістерін көрсетті. Сондай-ақ, интернеттегі күмәнді ақпаратқа сенбеу, банк картасын қорғау, құпия сөздерді құпия сақтау, бейтаныс сілтемелерден аулақ болу сияқты негізгі қауіпсіздік қағидалары түсіндірілді.

– Resemble AI компаниясының есебіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы 4 айында дипфейк технологиясын пайдаланатын алаяқтықтан болған қаржылық шығын 200 миллион доллардан асып кеткен. Ал Deloitte компаниясы 2027 жылға қарай жасанды интеллектіні қолданатын алаяқтықтан келетін шығын көлемі 40 миллиард долларға жетеді деп болжайды. Қазақстанда да бұл қауіп шынайы күшейіп отыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл дипфейктерге қатысты 40 қылмыстық іс тіркелген. Дипфейктердің ең көп таралған түрінің бірі – әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар. «Instagram», «Telegram» секілді платформаларда фейк парақшалар ашылып, ақша бопсалау, буллинг, шантаж және басқа да мақсаттарда пайдаланылады. Алаяқтар дипфейк арқылы жалған жеке фото мен видеолар жариялап, өздерін қыз немесе жігіт ретінде таныстырып, жиі шетелдік болып көрінеді. Сағаттап сөйлесіп, қалжыңдап, флирт жасап, адамға сенім ұялатады. Шын мәнінде, сізбен хат жазысып отырған алаяқтар жасаған бот. Мақсаты – түрлі сылтаумен ақша алу немесе интимдік сипаттағы ақпарат пен фотоларды иемденіп, кейін шантаж жасау. Осындай жағдайларда бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз және әңгімелесіп жатқан адамның ақпаратын міндетті түрде тексеріңіз. Алаяқтық белгілерін байқасаңыз, бірден құқық қорғау органдарына жүгініңіз, – деді Мақсат Құралбекұлы.

Осы орайда, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ел жастарының қаржылық сауатына байланысты жүргізген сауалнамасының нәтижесіне де тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз. Анықталғандай, 35-ке дейінгі отандастарымыздың 4/1-інде депозит жинағы бар. Жеке қорына қаржыны әсіресе 24-28 жас аралығындағы азаматтар көбірек жинайды екен.

Ашып айтсақ, 14-18 жас аралығындағы жастардың 9,4 пайызында, 19-23 жас аралығындағы жастардың 22,2 пайызында, 24-28 жас аралығындағы жастардың 28,8 пайызында, ал 28-34 жас аралығындағы жастардың 25,4 пайызында депозит жинағы бар.

Бір қызығы, жас буынның 2,8 пайызында қос-қостан депозит тіркелген. Негізі 43,4 пайыз жастарда тек бір депозит жинағы бар. Демек көпшілігі жас қосылған сайын келешекке қаржы қорын жинауды әдетке айналдырған. Әрі оған мүмкіндігі бар деген сөз.

Ал Қаржылық мониторинг агенттігінің сәуір айындағы есебіне сүйенсек, 2,8 мың оқу орнындағы 567 мың оқушыға қаржылық қауіпсіздік бойынша сабақ өткізілген. Мұндай жұмыс 100 жоғары оқу орнында жүргізіліп, 100 мыңнан аса студентті қамтыған.

Мұқағали ЖАМБЫЛҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар