
«Әдебиетті салынып жатқан ғаламат бір ғимарат,
Көк тіреген күмбез, сұлулық сарайы деп есептесек,
сен соның талантты тас қалаушыларының бірі едің.»
Қадыр МЫРЗА ӘЛІ
Тағдырдың көп тауқыметін тартқан ақынның өмір жолы да, шығармашылық жолы да оңай болмаған. Жастайынан әкеден жетім қалған Мұқағалиды сынақтары мен қиындықтары мол азапты жол күтіп тұрған еді. Бірақ қиындықтарға сынбауға тырысты.
Мұқағали Мақатаев өз заманындағы барлық адамның қолы жете бермейтін бірнеше оқу орнына өз күшімен түскен. Алғашында ҚазМУ-дың филология факультетіне, содан кейін шет тілдер институтына, артынша ҚазМУ-дың заң факультетіне оқуға түседі. Тіпті кейін, 1973 жылы Жазушылар одағының жолдамасымен Мәскеудің М.Горкий атындағы Әдебиет институтының студенті атанады. Алайда тұрмыстық себептерге байланысты оқуын аяқтамаған деседі. Бала бақытын сезініп өспеген ақын жігіттік шағында да, тіпті үйдің отағасына айналып, әке атын алып жүрген уақытта да қиыншылықтан көз ашпаған. Өмірдің нағыз қызған шағы ортаң беліне келгенде ақынның денсаулығы сыр береді. Оның тұңғыш қызы Ләззат қайтыс болып, кейіннен кіші қызы Майгүл де көлік апатынан қаза тапқан. Ақынның қыздарына арнаған өлеңдері қазақ әдебиетінің классикалық туындыларының қатарын толықтырды. Балаларының қазасынан кейін ішқұса болған ақын ақыры жазылмас дертке шалдыққан.
Мұзбалақ ақынның өлеңдері мен жазған еңбектері тірі кезінде толыққанды бағасын алған емес. Біртуар азаматты бүлікшіл деп Жазушылар одағынан шығарып жібергенін де оқып-біліп жүрміз.
Сонымен қатар «Мұқағали көп ішкен» деген қаңқу сөздер әлі күнге дейін ел арасында айтылып жүр. Алайда Мұқағали Мақатаевтың өзі Дінмұхамед Қонаевқа жазған хатында ішкендігін мойындап, ішкіш деген сөзді жоққа шығарады. Хатында ақын:
«Кейде туған әдебиетте қарақан басының қамын күйттейтін көлденең көк атты көріндім. Сондықтан қателігім ешқандай жөнделместей сезініп, ұнжырғам түсіп, көлеңкеде қалуға тырыстым, әлдекімдер мені де көлеңкеде ұстауға әрекет етті. Не істеген ләзім?
Бәріне де дариға ақын жүрек кінәлі. Әйтсе де барымды салып еңбектендім. Бәрібір жеңіл емес еді. Қол қаламнан қалт еткенде жағалаған жағымпаз достармен, дәлдүріш ақындармен іше бастадым. Олардың ырқына қалай түскенімді байқамай қалғандаймын. Әлсін-әлсін менің серілік өмірім басталды. Өзім ұяттан өртеніп тұрсам да құрдастарымның сәл қуаныштарына сілтейтін болдым. Ішкенімді жасырмаймын, бірақ үйіме де, басқалардың күйіне де зиян келтірген жоқпын, ал рухани жағын қайдам?!
Еш уақытта ішкіш болған емеспін, болмаймын да, ал салынып ішкен кісі ешқашан отбасын асырап, бала тәрбиелеп, ақылға қонымды әлдеқандай әрекет етпейді. Әдетте адамның күнестен гөрі, көлеңке жақтары көзге көп түседі. Нәжістің аты – нәжіс. Ол адамға, әсіресе мен сияқтыларға бір жұқса, жуық арада одан тазару оңайлыққа соқпайды. Өз іс-әрекеттерімде адамдарға ұдайы таупиқсыз қарап, әсіресе ішіп алғанда имансыздыққа бой ұрып, көп қателік жасаппын. Ешкімді күстәналамай, дөрекілік танытпай, бетің бар, жүзің бар демей, қара қылды қақ жарғандай туралығын айтыппын. Ақырында осы жылғы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының секретариаты мені КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тынды, өзіме де сол керек шығар. Ол үшін ешкімді де кінәламаймын», – дейді.
Мұқағали Мақатаев – қазақ әдебиетін биік белеске шығарған біртуар ақын. Әлем және қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері ақынның шығармашылығы тұрғысында өз пікірлерін білдірген. Мәселен, орыс жазушысы, ақын Константин Скворцов: «Қазіргі қазақ әдебиеті туралы сөз қозғасам, ең алдымен, аузыма аса ірі ақын Мұқағали Мақатаев түседі. Оның творчествосымен көптен таныспын. Аудармалары діттеген жерден шықпай жатса да ақындық қуат деңгейі мен парасат өрісі кім-кімді болсын таңғалтпай қоймайды», – деп шығармашылығына жоғары баға берген. Ал қазақтың біртуар ақыны Тұманбай Молдағалиев: «Қазақ жырының аспанындағы аз ғана жұлдыздардың арасынан сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік. Сенің жұлдызың – ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз», – деп еске алады.
«Күтемін сенен үміт, сенен жігер,
Қисаң маған, биік пен тереңді бер!
О, Муза!
Маған алыс сөреңді бер!
Ғайыптан кел де, мені демеп жібер, деген Мұқағали Мақатаевтың сыры мен мұңы да, қуанышы мен жұбанышы да бөлек шығарма, бөлек әлем іспетті. Өмір бесігін тербетіп, өлім күйін әлдилеп, оқырманды тасқа тұнған теңіздің тамшысындай таза табиғатымен табыстыратын ақынның шығармашылығы бір төбе, ал оның шығармашылық музасы бір белес. Олай болса, Мұқағалидың музасы өз жарынан бастау алған десек, қате айтпаған болар едік. 17 жасында Лашындай келбеті мен ақылы келіскен, тұрпаты мен табиғаты бөлек сұлу қызды көріп, өмірлік серігі боларын сезгендей-ақ. Мұзбалақ ақынның келіні Бақытгүл Қыдырбайқызының айтуынша, енесі шашы тобығына дейін түсетін, аққұба, сұңғақ бойлы, әдемі болған екен.
– Апамыз аттың үстінде әдемі көрінсе керек. Атам бірден «мен осы қызға үйленемін» деп айтқан екен. Атамыз бұл кезде 17, ал анамыз 21 жаста болатын. «Жас айырмашылығына қарамастан, ауылда жүргенде бір-бірімізге хат жазып, үлкен қара тастың үстінде отырып таңды атыратынбыз. Сол кезде маған неше түрлі керемет өлеңін оқып беретін» деп айтатын анамыз. Бірде ауылдағы клубта «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымында атам мен анам басты рөлді сомдап, махаббат ұшқыны осы кезде пайда болған екен. Анам көпке дейін атамның жас кезінде өзіне жазған хаттарын жинамағаны үшін өкініп жүрді, – деп еске алады келіні.
Сүйікті жарына Мұқағали бірнеше өлеңін арнаған деседі. Ақынның «Лашынға» деген өлеңі зайыбы екеуінің арасындағы сенімділікті күшейту мақсатында шыққандай.
«Бүгін де, кеше де, өткенде,
Іздесең қателік көп менде.
Қауғадай басыма барлығы,
Сірә да соқпай бір өткен бе...
Іздесең, қателік көп менде,
Сен бірақ түңілме, жек көрме!» деген ақын жарына түрлі дақпырттар мен желдей ескен жалалар жабылса да мен туралы ойыңды өзгертпе деп, бір отбасын бірлік қана сақтайтынын көркем жеткізген.
Мұқағали мен Фариза Оңғарсынованың арасында сезім болғаны да көп айтылып, көп талқыланып жатады. Десе де Фариза Оңғарсынова мұны сұхбаттарының бірінде жоққа шығарған. Поэзия падишасы: «Екеумізге қатысты көптеген әңгіме болды. Бәлкім, ол кісінің тарапынан махаббат болған шығар. Маған кейде жақсы көретінін ұялып айта алмай жүрген кішкене бала сияқты елестейтін», – деп өткенді есіне алады.
Мұқағалидың лирикалық өлеңдері көп. Мәселен:
«Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба?!
О, тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын,
Жүрегі еттен бе әлде қоладан ба?!» – деген өлең жолдары махаббат сағынышынан туындаған жүрекжарды жыры.
«Жанымды тыншытпайды сезім деген,
Қалай жүр, япыр-ау, төзіп денем?
Қаншама күндер өтті дамылдамай,
Қаншама түндер өтті көз ілмеген.
Білмеймін, не іздейді сезім менен?»
Бұл өлеңінде ақын сезімнің қылдан нәзік екендігін суреттей келіп:
«Махаббат па?
Махаббат болған еді.
Таудың мен еркін жүрген тағысы едім,
Тапты да, түсірді ғой торға мені», – деп, екінші өлеңінде махаббаттың машақатын жеткізеді.
Сонымен қатар ақиық ақын тағы бір өлеңінде махаббат майталманының үш қаруы болатынын тілге тиек етеді.
Жүрегіңді бос етіп,
Жүдеп жүріп сүйерсің.
Өзіңе-өзің қас етіп,
Өз отыңа күйерсің.
Өзіңе бал, басқаға у,
Сезімдіге ең қымбат:
Қайғы, сүю, құмарту –
Ең бірінші махаббат», – деп, сезімнің сардарына махаббат қана қалқан болатынын көркем жеткізген.
«Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға», – деп, өмірдің жалғандығын жыр-құдіретінің қауызына сиғызып жіберген өсиет өлеңінде қаншама телегей-теңіздей ой, арнасынан асқан өзендей күркіреген сыршыл сезім төгіліп-тасып жатыр десейші.
«Аспанда кейде,
Бір жұлдыз ағып баратса,
Тұрам да қалам,
Бұралмай қалған сағатша.
Керемет неткен!
Адамның келте өмірін,
Жұлдыз бен Жердің
Қашықтығынан жаратса», – деп, адам өмірінің көркем жаратылғанын астарлы сөзбен жеткізгендей.
Мұқағали Мақатаев – алақандай ауылдың, Алатаудай мекеннің ғана емес, бар қазақтың төл перзенті. Мұзбалақ ақынның есімі еленіп, еңбегі ешқашан естен шықпауы тиіс.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ