Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұмыр жоспар жұмыссыздық деңгейін төмендетті

Жұмыр жоспар жұмыссыздық деңгейін төмендетті
Автор
Жуырда «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстары, жастар жұмыссыздығын төмендету мәселелері және Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қолға алынған бастамалар жан-жақты талқыланды.

Күн тәртібіне шығарылған алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының техникалық және кәсіптік білімді дамыту орталығының директоры Айбар Сапарғали баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап барлық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жүргізілуде. Бұл – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген.

– Бағдарламаның мақсаты – адал, еңбекқор, елжанды азаматтарды тәрбиелеу. Осыған орай бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін нығайту және отбасылық тәрбиенің жақсы жақтарын насихаттау мақсатында «Әкелер кеңесі», «Аналар кеңесі» белсенді жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығының алдын алу мақсатында өгей әкелерімен бірге тұратын балалармен және әртүрлі санатқа жататын отбасылардың балаларымен жеке жұмыстар жүргізуді қолға алдық. Одан бөлек сабақтан жалтарған, қаңғыбастыққа салынған жасөспірімдерді анықтау, интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу мақсатында «Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу», «Түнгі ауылдағы балалар» сынды рейдтерді ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Мұнымен қоса еріктілердің көмегімен «Жақсылық жасауға асығайық!», «Жылы жүрек – жомарт қол» тақырыбында акциялар ұйымдастыруды қамтитын облыстық көлемде жалпыға ортақ жоспар әзірленіп, бекітілді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында министрліктің бастамасымен «ДосболLIKE» жобасы енгізілген болатын. Ал облыс деңгейінде «Komek Stop Bullying», «Кел, дос болайық!» жобалары іске асырылуда. Ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтып, әлеуметтік, этникалық және аймақтық кикілжіңдердің алдын алу мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында «Алғысым шексіз қазақ елі», «Қазақстан – достық шаңырағы», «Содружество сердец» тәрізді түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды, – деді Айбар Мэлсұлы.

Мұнан кейін баяндама жасаған облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиевтың айтуынша, биыл жастарды жұмыспен қамту жоспары 20 903 адам болып белгіленсе, 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін жұмыспен қамту орталықтарына 26 мыңнан аса жас жүгінген екен. Нәтижесінде 19 414 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған.

– Жастар түрлі баянды бағдарламар, жарқын жобалар аясында жұмыспен қамтылды. Атап айтқанда, тұрақты бос жұмыс орындарына – 11 332, алғашқы жұмыс орындарына – 506, әлеуметтік жұмыс орындарына – 264, қоғамдық жұмыстарға 2 267 жас тартылды. Сондай-ақ «Жастар тәжірибесі» арқылы 1 988 түлек жұмыспен қамтылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыста жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3 пайыз болып қалыптасты. Жыл бойы жастарды еңбек нарығына тарту мақсатында мансап орталықтары тарапынан бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен биыл 128 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі және 73 «Ашық есік» күні өтті. Бұл іс-шараларға 10 158 адам қатысып, жұмыс берушілер тарапынан 8 299 бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде 3 225 адам тікелей жәрмеңке арқылы жұмысқа орналасты. Биылдан бастап «Жастар тәжірибесі» мен «Жұмыс орнында оқыту» бағдарламаларына жаңа талап енгізілді. Яғни жұмыс берушілер қатысушыға тәлімгер бекітуі тиіс. Осы бағыт аясында 2 047 жасқа тәлімгер тағайындалды. Жалпы 2025 жылы жастарды жұмыспен қамту бойынша жоспарланған міндеттер жүйелі орындалуда. Жастардың еңбек нарығына бейімделуі, кәсіптік дағдыларға үйренуі және тұрақты жұмысқа орналасуы үшін барлық қажетті шаралар жүзеге асырылды, – дейді Айбек Амансейітұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғаны белгілі. Бұл – еліміздегі еңбек нарығын тұрақтандыру, жастарды нақты кәсіпке баулу және өндіріс саласында сұранысқа ие мамандар даярлау ісін күшейтуге бағытталған маңызды бастама. Осыған орай, жыл басынан бері облысымызда жастарды техникалық жұмысшы мамандықтарға баулу бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, жастарға өндіріс орындарының тыныс-тіршілігі, зауыттардың жұмысы, техникалық құрал-жабдықтары мен жұмыс барысын кеңінен таныстыру және жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту мақсатында «Alashprom», «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің зауыттарына экскурсиялар ұйымдастырылған. Бұл туралы кеңес отырысында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Еңбек мобильдігі орталығы мекемесінің директоры Адилхаир Атин баяндады.

– Жастарды техникалық жұмысшы мамандықтарға тарту мақсатында жыл бойы кешенді жұмыстар атқарылды. Нақты айтқанда, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын еңбек адамдарының мәртебесін арттыру және оларды насихаттау бойынша «Еңбек адамы» жобасы, «Еңбектен тапқан бақытын» тақырыптарында еңбек адамдарымен кездесулер өтті. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарда білім алатын жастар арасында «Кәсіби маман – 2025» байқауы өтті. Бәсекеге толы байқауға аспаз ісі, тігін шебері, қолөнер шебері, дәнекерлеуші, шаштараз ісі мамандықтарында оқитын жастар қатысып, бақтарын сынады. Сондай-ақ, Байзақ ауданында жұмысшы мамандықтарын насихаттау мақсатында өз саласында үздік деп танылған жеке кәсіпкерлердің қатысуымен «Мамандық таңдау маңызды» атты мастер-класс сағаттары және «Алель АГРО» фабрикасы, өрт сөндіру бөлімдеріне экскурсиялар мен жұмысшы және кәсіби қызмет саласының мамандары арасында «ПРОФИ-2025» аудандық байқауы ұйымдастырылды. Жамбыл ауданында жыл басынан бері «Кофе тайм» жобасы аясында жеке кәсіпкерлермен сұхбат, «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жастарды дәріптеу мақсатында «АуылBAY» жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Мұнымен қоса «Алтын ине» атты аудандық жас тігіншілер байқауы, «Профи – 2025» байқауы нәтижелі өтті. Жалпы мұндай іс-шаралар барлық ауданда ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуы – мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық саясатының басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта өңірде жастар ресурстық орталықтары тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылып, жастарға арналған еңбек нарығындағы мүмкіндіктер кеңейтілуде. Жыл басынан бері жұмыспен қамту мекемелерінің ықпалымен 35 жасқа дейінгі 15 501 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сондай-ақ, жұмыспен қамту мекемелері және өңірлік жастар ресурстық орталықтарымен бірлесе 105 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.  Бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерінде 1492 жұмыс беруші мекеме қатысып, 4 700 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 6 887 жұмыссыз жас қатысты. Жәрмеңке қорытындысымен 2 183 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға, 452 жас кәсіби оқытуға, 333 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 780 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына жолданып, 3010 жас тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Сонымен қатар 4 810 жас консультациялық кеңестер алды.  2025 жылы мемлекеттік қолдау тетіктері мен жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бағытында жастар көп шоғырланған орындарда, сауда орындарында, базарларда 170 ақпараттық кеңес беру алаңдары ұйымдастырылып, оған 4 771 жас қамтылды. 2025 жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтары жобасына жергілікті бюджет есебінен 181,7 миллион теңге бөлінді. Жоба аясында 2000 жас маусымдық жұмыспен толық қамтылды. Жұмысшы мамандықтар жылы жастарға жаңа мүмкіндік пен серпін берді. Бүгінгі таңда өңірде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, дуальды оқыту моделін кеңейту, өндіріс орындарымен өзара байланысты күшейту бағытында нақты жұмыстар атқарылып келеді. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу тек экономикалық қажеттілік емес, сонымен қатар қоғамдық сана мен еңбек мәдениетін жаңғыртудың маңызды қадамы деп есептейміз, – деді Адилхаир Серікжанұлы.

Жиын соңында баяндамашылар қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелер аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар