Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Айдауда жүріп әкеме сүйеу болды

Айдауда жүріп әкеме сүйеу болды
Ашық Дереккөз
Менің анамның тағдыры да, түсінік-танымы да ешкімге ұқсамайтын ерекше еді. Кеңес заманындағы аналардың ішкі жандүниесі болмаса, сыртқы келбеттері, киген киімдері, тіпті тәрбие, түсініктері де бір-біріне ұқсас болатын.

Анам Айбарша Керімбекованың туған жылы қазақ даласына Кеңес үкіметі құрылып жатқан 1924 жыл еді. Мектептен білім алатын балғын балалық шағы 1932 жылдардағы Алаш басынан кешірген нәубет, ашаршылыққа тап келді. Бойжеткен шағында екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Бірінен соң бірі қатар келген осы үш зұлматты бастан кешірудің өзі оңай емес, ал анамды алдында бұдан да өткен қияметтер күтіп тұрған.

Әкемді «Ата» дейтінмін. Әкем Айсары Құлманбетұлы да басынан қуғын-сүргінді көп кешірген тағдырлы адам. Ашаршылық кезінде Т.Рысқұловтың бастамасымен Қаратау өңіріне солтүстіктен арып-ашып келген ағайындарды қарсы алуды ұйымдастырушылардың қатарында тер төккен. Қырғыздан жүгері алдырып, келетін жолдарына шақырым сайын қазан қайнатып, ботқа пісіртіп, көп адамның аштан қырылмауына септік жасаған. Сол кезде көре алмайтын дұшпандары, анығын айтсақ, өз аталастары арыз ұйымдастырып, қуғынға түсіп, жер аударылған.

Әкем анамды алғаш ағасының үйіне барғанда көріп, бірден ұнатса керек. Анамыз атақты Қойгелді батырдың ұрпағы. Ол тектілерді қудалайтын кері кеткен кез ғой, әкесі де, ағалары да көп қуғын көрген. Аман қалғандары соғысқа кетіп, сонда опат болған.

Әкем көргенде талдырмаш бойлы анам талшыбықша бұралып тары түйіп тұр екен. Содан араға ағайынды салып, құда түсіп, әкем Майтөбенің шымырларына барады. Арқасүйер әкесі, не ағайыны жоқ анам ақылға салып ойланып, «Осы жігіттің жары болсам, жерде қалмаспын!» деп тәуекел етіп, келісімін береді. Анам әкемнің үшінші әйелі. «Менің үш анам болды» дейтінім содан. Анам мен әкемнің арасы 26 жас.

Әкем тектінің тұқымы болғандықтан үкімет әкемнің өз ағайындарына арыз жаздыртып, отыз жылға жер аударылады. Оның үкімі ауыстырылып, майданға барған. Қан-қасап майданнан аман келгеніне көңілі көншімей, соғыстан ерте келді деген желеумен қайта соттап, Хабаровск өлкесіне қайта жер аударылады.

Ол кезде әке-шешем жаңадан бас қосқан жас отбасы. Сонымен, қайсар анам әкеммен бірге Қиыр Шығысқа кетеді. Хабаровск өлкесінде он жыл айдауда азаптың небір түрін көріп, Сталин өлген соң аман-есен еліне оралады.

Әкеміз цемент зауытының карьерінде жұмыс істеп, кешке темір тордың ар жағында отырады. Ал анам барактағы қазандықта от жағушы. Тек сенбі, жексенбі күндері ғана әкеммен кездеседі екен. Әкеміз 7-8 метрлік шұңқыр қазып, ішіне жарылғыш зат қойып жарады. Арық, әлсіз тұтқындар көбінесе шығып үлгере алмай үйінді астында қалып кетеді екен. Анамыздың әкемнің қасында болғаны бойына күш-қуат берсек керек, айтуына қарағанда, әкем торы еттен түспеген, тың болыпты. Қиыр Шығыстың қарлы аязы, Тынық мұхиттан соққан сойқан дауылға төзімді, тірмізік адамдар ғана төтеп берген болса керек. Осы қиындықтарға қарсы тұруға әкем мынадай әрекеттерге сүйеніпті. Бірінші – оқыған бес уақыт намазына, екінші – анамның қамқорлығы мен мейіріміне, үшінші – артынан бауыры салып тұрған сарымсағы мен түбіті екен. Осы үш тірегі алтыннан қымбат болыпты. Тағы да пошта арқылы жіберіп тұрған қуырдақ пен тұшытылған құйрықтың септігі көп болыпты. Сенбі-жексенбі сайын құйрықты ұрттап, түбіттен тоқылған көкірекшені тастамапты.

Кеңес үкіметі қудалауға ақыл-ойы озықтарды, сүт бетіне шыққан қаймақтарды ұшыратқан ғой. Сонда небір ғалымдар, қайраткерлер, түрлі ұлт өкілдерімен қатар еврейлер де болыпты. Бәрінің қайғысы бір болғандықтан бір-бірінің жанын жақсы түсініп, қиналғанда қол созып, ақыл көмектерін де ортаға салып күн кешіпті бәрі.

Бір күні анамыз қазандықта отырса, әкеміз кеудесінде болар-болмас қана жаны бар тірі өлікті алып келіп: «Қолымыздан келсе, мына кісіні аман алып қалайық. Жақсы адам», – деп тастап кетіпті. Анам қолындағы бар жылысын үстіне жауып, денесін құйрық маймен ысқылап, қарағайдың қабығын қайнатып ішкізіп, әлгінің бетін бері қаратыпты. Көрер жарығы бар екен, әл жинап, көп ұзамай аяққа тұрып кетіпті.

Анам айдауда жүріп Пернекүл, Зәуре, Зура атты үш қызды дүниеге әкеліпті. Алайда Пернекүл деген әпкем бақилық болады.

Жамандықтың да бір жақсылығы болады демекші, тапқан олжалары перзенттері және өздерімен айдауда болған ғалым, қайраткерлерден алған тәжірибе мен білімдері, айнымас достықтары болыпты.

Қиындыққа толы он жылды басынан өткеріп, елге келген соң әке-шешемнің бейбіт өмірі басталады.

Сүйегі асыл жаратылған әкем ауыр сынақтардан тайсалмай өтті өмірден. Көкпар шауып жүргенде аттан құлап, 76 жасында қайтыс болды.

Әкем мені 60 жасында, қарындасымды 62 жасында, інімді 66 жасында көріпті. Жасынан қиындықты көп көрген әкеме бұл Жаратқанның ерекше сыйы деп ойлаймын. Атам дүниеден қайтқанда мен 10-сыныпта оқитынмын.

Мектепті бітірген соң Алматыдағы КазГУ-ге түстім. Алайда сол кездегі жағдайдың мәз еместігінен ары қарай оқуымды жалғастыра алмай елге келіп, жұмыс істеп, кейін Жамбылдағы технологиялық институтқа түстім. Бітірген соң сонда ғылым жолында біраз еңбек еттім. Анамның айдауда болған әр жылы үш жылға есептеліп, ертерек зейнетке шықты.

Бір күні анам маған ескі ашықхат (открытка) ұсынды. Сыртында өшейін деп тұрған телефон нөмірі жазылыпты. Ол кезде мен Мәскеуге оқуға бара жатқан болатынмын. «Балам, Мәскеуге барған соң осы нөмірге хабарлас» деп ақырын айтты. Анамның басқа әйелдерге қарағанда еркін ойлап, алысты көретін ерекшелігі бар екенін жоғарыда айттым. Сол уақытта анамның алғырлығына бір таңғалғаным есімде. Мәскеуге барған соң әлгі телефонға хабарласқанымда бір әйел тұтқаны алып, тіл қатысқан соң күйеуіне берді. Күйеуіне анамның атын айтып едім, әкемнің де атын тәптіштеп сұрап алып, дереу тұрған жеріме көлік жіберіп, үйіне алдырды. Мүгедектер арбасында отыратын кісі екен. Әкем мен анам Хабаровскіде аман алып қалатын шала-жансар досы осы болып шықты. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дегендей, осы зиялы кісі оқуға түсуіме бір қоңырау соғуымен көмек беріп, өз үйіне жатқызып оқытты.

Сөйтіп, атам мен анамның кісіге жасаған қамқорлығының қызығын көп жылдан кейін мен көрдім.

Анам қолы алтын, ісмер жан еді. Қыздарын тұрмысқа берерде артынан апаратын текемет киіздерін өзі басып, көрпе-төсектерін де, киім-кешегін де өз қолымен тікті. Керек десеңіз, атқа жүген, тоқымдарды да өріп, тіге беретін.

Адамдармен араласқанда қабағы ашық, қолы өте жомарт болатын. Қолында бар затты көпшілікпен бөлісіп, қазанындағы асты да айналасындағылармен ортақтасып жейтін.

Қанынан қасиет қашпаған байдың қызы емес пе? Қалай, қайда сақтағанын кім білсін, кей кездері қиналып қалсақ, анда-санда алтын-күміс теңгелері шығып қалатын. Кейде соларды сатып, ақшасына қыздарын киіндіретін.

Анам лагерьде жүргенде сол замандағы көзі ашық, «менмін» деген дөкейлердің әйелдерімен, қыздарымен көп жыл бірге болып, кириллицаны жазып, оқуды үйреніпті. Латын тілін оқып, төте жазуды бұрыннан біледі екен. Алайда айдауда жүргенде әлгі мықтылардан әдебиет, музыка, саясат секілді көзі ашық, көкірегі ояу адамдар ғана меңгеретін дүниелерді біліп, бойына сіңіріп алған ғой, жарықтық.

Бір байқағаным, ауылдағы ағайындардың арасында жан сарайын көп аша беруге сақтанатын. «Неге?» деп сұрасам, «Мен олардың табағынан я болмаса құйған тамағынан емес, қабағынан қорқамын» дейтін. Кім білсін, әкеммен бірге айдауда жүріп көргеннен кейін өмірден алған ол да бір сабағы шығар деп ойлаймын.

Әкемнің бәйбішесінен де, екінші әйелінен де балалары болды. Үш анам болғанын жоғарыда айттым. Анамнан туған перзенттер алтаумыз. 4 қыз, екі ұл. Қазір үлкен әпкеміздің көзі тірі. Жасы 80-ге келіп қалды.

Әкем дүниенің батыс-шығысын аяғымен аралаған адам. Жолын маған берген болуы керек, мен де білім, өнер іздеп көп жерді бастым.

1989 жылы әкем мен анам айдауда болған Қиыр Шығысты көзіммен көріп қайттым. Солар басқан топырақты көріп, жұтқан ауа-суды да таттым. Бастарынан кешкен тарихты там-тұмдап болса да түсінгендей сезіндім өзімді.

Әлі есімде, әкем көңілденгенде «Әй, Маржа! Пальтоңды, ботиыңды киіп бір билеп тасташы!» деп қоятын. Үйде потефонымыз болатын. Сол жақтан әкелген пластинкаларынан неше түрлі частушкалардың әуенімен анам би билеп те беретін.

Тағы бір есімде қалғаны, әкем жұма сайын қалаға барып, парызын мешітте жамағатпен өтейтін. Келерде екі таба нанның бетіне өрік-мейіз, науат салып алып, ауылға кірген бойда жолдан кездескен балаларға таратып, қалған науатын маған беретін.

Анам кейде «Менің өмірім қиын әрі қызықты өтті. Мен мынау секілді көрешақ болған жоқпын» деп әпкесін нұсқап әзілдейтін. Әрі қызбаланың аяғын тұсамай, алысқа шығарып оқытып, көңіл көкжиегін ашқан дұрыс деп өсиеттеп отыратын.

Анам бізді тірлікке баулып өсірді. Түйетауық та бақтық. Оны сойып, базарға өткіздік. Адамға тіршілікке керек деген нәрсенің бәрін үйретті.

Анам орта бойлы, аққұба өңді, жылы шырайлы, өте көрікті кісі болатын. Еңбекқорлығы ерекше еді. Бақшаның шөбін жұлып, әсіресе пеш соғудың шебері болатын. Пешті ауылда анау-мынау еркектерің жасай алмайтын. Оған да ұсталық керек. Ол болмаса пешіңнің түтіні аузынан шығып, бықсып, қазанға жалын тимейді. Ал анам соққан пештің түтіні мұржасынан бұрқырап, қазанды әп-сәтте қайнататын.

Анамның қайтыс болатынын түсіп көріп сездім. Түсімде анам күрең жорғамен қасымнан тез өтіп, аспанға ұшты да кетті. Артынан аңырап «Апа, Апа!» деп мен қалдым. Шошып оянып, жұмысымды тастай сала ауылға тарттым. Келсем, шешем әлсіреп қалыпты. Ертесіне көз жұмды. Бұл 1999 жыл болатын. Әлі анамды түрлі оқиғалар болатын кезде түсімде көремін. Қиналған шағымда шешімін нұсқап, қуанышқа кенелер сәтімде күлімсіреп келіп, сүйіншілеп жатады. Анам тірі кезінде түс көріп, көп нәрсені алдын ала болжап біліп отыратын. Осы қасиет менде де бар.

Анамның лап етіп жанып, лып етіп лезде басылатын дыз етпе мінезі болатын. Кейін «Неге сонша ашуландым екен, осы маған керек пе еді?» деп отыратын ақ еділ қасиеттерін қазір қатты сағынамын. Осындай мықты адамдардан туғаныма, тағдырыма мың мәрте шүкіршілік етемін.

Көшкінбай ҚҰЛМАНБЕТОВ,
кәсіпкер

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар