
Күлзахира Сапарқұлқызы Жамбыл ауданының Шайқорық ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1993 жылы аяқтап, дәрігер мамандығын алып шыққан.
Әріптестері ақ халатты абзал жанды білікті маман және жұмыс тәжірибесі мол тұлға ретінде құрмет тұтады. Ем алушылар да мамандығына жан-тәнімен берілген және жауапты маман ретінде біледі. Ұйымдастырушылық қабілеттерімен ерекшеленген, тез тіл табыса алатын, әріптестері арасында сый-құрметке ие қызметкер жас мамандардың тәлімгері ретінде ұжымның қоғамдық өміріне белсене араласқанды жаны сүйеді. 2018 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2021 жылы «Халық алғысы» медалімен, ал 2023 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
– Түрлі марапат алып жүрміз ғой. Дегенмен дәрігер үшін ең үлкен марапат – науқастың алғысы. Тепсе темір үзетін жастардың төсекке таңылуы жаныңа батады. Әсіресе бір науқасты жазу жолында біршама еңбектеніп, барыңды салып, тер төгіп ем-дом жасап жүргеніңде, оның дерті асқынып, ажалдан арашалай алмай қалған сәт – бәрінен ауыр. Содан кейін біраз уақыт өзіңе келе алмай, мең-зең күй кешесің. Отыз жылға жуық жедел жәрдем стансасында жұмыс істедім. Түрлі оқиғалар басымыздан өтті. Кейде жаныңды мұң торлап, көзіңе жас келеді. Бірде жас жігітке көмек көрсеттік. Ес-түссіз жатты. Басынан жарақат алған. Ауруханаға жеткізгенде қабылдау бөліміндегілер «қайтыс болды» деді. Жұмыс жаққа алып келіп, тіршілік белгілерін байқап, жүрегіне массаж жасай бастадық Алғашқы көмек көрсетіп аласұрдық. Қаншама еңбек нәтижесін беріп, жүрегі қайта соқты. Сондағы қуанышымда шек болмады. Ауруханаға жеткізіп, жансақтау бөліміне алып бардық. Жүрегі соғып тұрды. Осы бір жиырма жылдай уақыт бұрын орын алған оқиға жүрегіме із қалдырды. Себебі жас жігіттің қыршынынан қиылғанын қаламадым. Өмір деген ғажайып сырға толы ғой. Кейде жасы 80-нің сеңгіріне шыққан қарт әжейдің талқаны таусылатындай болып көрінгенімен құлантаза айығып, керісінше, он екіде бір гүлі ашылмағандар аяқ астынан ажал құшады, – дейді дәрігер.
Жедел жәрдем көрсетуі тиіс дәрігердің шешімі де өте жылдам әрі сауатты болуы шарт. Ойланып тұратын уақыты жоқ. Қиын жағдайлармен бетпе-бет келгенде минуттардың өзі таптырмайтын қымбат қазынаға айналатыны бар. Дәл сондай уақыттың уысында адамның ғұмыры ілініп тұрғанын білгенде дәрігер өз басына төнген қауіпті ысырып тастап, басына күн туған адамды аман алып қалуды ғана ойлайды.
– Бірде 6-7 жасар баланы «этаждан құлады» дегенде құстай ұштық. Баланы аман алып қалуды ғана ойладым. Жоғарғы қабаттан күнқағарға құлаған баланың қасына салған жерден баса-көктеп жетіп барып, қолыма алдым. Аман екен. Алғашқы көмегін көрсетіп, баланы жылдам ауруханаға жеткізу үшін көмекшіме бердім. Жан-жағыма қарасам, биік әрі шығатын жері тым қорқынышты. Бойымды үрей билеп, өзім қалай түсерімді білмеймін. Ал қалай міндің десеңші?! Ол кезде ойланбастан қарғып жетіппін. Ал енді қиындық артта қалғанын ұққан соң ба, түсетін жер таба алмай қиналып қалдым. Тағы бір шақыртуда есірткі тұтынушылардың ортасына түсіппіз. Шамадан тыс доза қабылдап қойған адам қиналып жатты. Жан-жағымызды нашақорлар қаумалап алған. Өз басына өзі бәле тілеп алған науқастың тамырын таппай қиналып жатсақ, нашақорлардың бірі: «Біз білеміз тамырын қалай табуды, күнде істеп жүрген тірлігіміз ғой, былай тұр, көрсетейік», деп ұмтылғаны. Оларды әзер тоқтатып, әлгілерге дес берместен науқасқа дәрі егіп, ем-домын жүргізіп болғанша тыным таппадық. Сондай сәтте тіпті нәзікжанды екеніңді, қауіпті ортаға түскеніңді де ұмытып кетесің, – дейді дәрігер.
Жедел жәрдем қызметкерлеріне кейде тапқырлық та қажет. Бірде тұрғындар көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіндегі аяғы үси бастаған маскүнемге жаны ашып, жедел жәрдем шақыртады. Мамандар шақырту бойынша барса, әлгі маскүнем жертөледен шықпай әбден әлекке салыпты. Ақ халатты абзал жандардың бар мақсаты – адамның аяғын аман алып қалу. Алайда маскүнем өзіне төнген қауіпті сезбейді. Айтқанға көнбей қойған соң, лаждап ауруханаға жеткізудің амалымен Күлзахира Сапарқұлқызы су құйылған бөтелкені көрсетіп: «Шықсаң, мына арақты саған беремін», – дейді. Ішімдіктің атын естігеннен көзі бал-бұл жайнаған кісі атып шығады. Тағы да «көлікке мінсең, беремін» деп алдап, жедел жәрдем көлігіне мінгізеді. Ауруханаға жеткенше ішімдік сұрап аласұрған бейбақты басу оңай болмапты. Алдарқатып, амалдап ауруханаға жеткізген ақ халаттылар көше кезушінің үсік шалған аяғын әрең аман алып қалыпты.
Қиындығы мен қызығы мол мамандықты меңгерген ақ халатты абзал жан түрлі жантүршігерлік оқиғалардың куәсі болып жүр. Шашылып қалған тәнді де, адасып қалған жанды да көрген Күлзахира Сапарқұлқызы үшін бір-ақ қауіп бар. Ол – үлгермей қалу. Сол үшін асығады. Жолыңыз ақ болсын, жедел жәрдемнің жылдам адамы!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ