
Кездесуге арнайы келген Отар ауылдық округінің спортты жанына серік еткен жастары өткен жылды табысты қорытындылады. Мәселен, Шариз Буралкинова дзюдо және кураштан халықаралық, республикалық турнирлердің чемпионы атанса, Руана Досымова дзюдодан республикалық жарыстарда бірнеше рет топ жарды. Ал Ерсін Амантай дзюдо, самбодан халықаралық және республикалық турнирлерде жасындай жарқылдады. Бозкілем шебері Нұрислам Ботағараевтың да бағындырған биіктері аз емес. Ел біріншіліктерінен, халықаралық сайыстардан олжалы оралған спортшылардың жетістіктері бапкер Байрам Бегжановтың табанды еңбегінің жемісі екендігін де айта кетейік.
Кездесуді ашқан Айқаныш Исрайлова жас спортшыларға аудан тұрғындары атынан алғыс айтып, алдағы байрақты бәсекелерде де жеңіс туын желбірете берулеріне тілектестік білдірді.
– Ауданымызда облысымыздың ғана емес, еліміздің намысын қорғап жүрген айтулы жас спортшылар көп. Бүгінгі жас қонақтарымызға намысты қолдан бермей, мерейімізді үстем етіп жүргендері үшін алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да додаларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көріне бересіздер деп сенемін. Спортқа құштар жастарды тәрбиелеп, баулып жүрген жаттықтырушыларына да айтар алғысым шексіз, – деді А.Исрайлова.
Мұнан соң жиынға қатысушылар сөз алып, ауданымыздың мақтанышына айналған спортшыларға сұрақтарын қойып, ізгі тілектерін арнады.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ,
Журналист,
Қордай ауданы