
13 бала сүйген Шәкірат ақсақал мен Шолпан әжей әр ұл-қызын ерте жастан еңбекке баулып өсірген. Бүгінде берекелі шаңырақтың 3 ұлы құрылыс саласында еңбек етуде. Өсіп-өнген әулеттің кіші баласы Рауанның алдыңғы буын ағаларынан үйренгені көп. Рауан да бауырларының жолын қуып, бүгінде құрылыс саласынан ризығын тауып жүр.
– Ауылда өстік. Ал ауыл баласы еңбек етпесе – ұят. Буынымыз бекімей тұрып-ақ іске ерте араластық. Сондықтан кез келген жұмысқа ептіміз. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, біз әкемізге ілессек, қыздар анамыздан көргенін істеп өсті. Енді міне, әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, бір-бір үйдің тіршілігін дөңгелетіп отыр. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнынан арнайы мамандық алып шықсам да жүрегімнің қалауын тыңдап, құрылыс саласына бет бұрдым. Алдымен үйдің іргетасын, кірпішін қалау, қабырғасын сылау секілді жұмыстарды атқарып жүрдім. Келе-келе қолөнерге жақындығым бар болғандықтан үй ішін әрлеп, әспеттеп, сәндеуге көштім. Қыс мезгілінде жел тұрып, жаңбыр жауа қалса, сыртқы жұмысты амалсыз тоқтатуға тура келеді. Ал үй ішін әрлеудің жақсы жері сол, ауа райына қарамайсың, яғни мезгіл таңдамай, кез келген уақытта тоқтаусыз жұмыс істеуге мүмкіндік мол. Басты мақсат – жұмысты үй иесінің ойындағыдай аяқтау. Сондықтан тірлігімді тапсырыс берушінің қас-қабағына қарап жасаймын. Жұмыс істегенде, ең бастысы, сапалы атқарылуына мән беремін. Бағаны да еңбегіме қарай жүйелеп келісеміз. Әрине, еңбегімді бағалай аламын, сондықтан міндетіме жауапкершілікпен қарап, істі махаббатпен атқарамын. Қазір заман тез дамып, сән уақыт өткен сайын өзгеріп отырады. Соған байланысты тапсырыстар да құбылып отырады. Жаңа шыққан дизайндарды тез игеріп, меңгеріп, өзгеден оқ бойы озық болуға тырысамыз. Дәл қазір мәрмәрмен икемдеп жасауды қолға алдық. Бұл – ванна, душ, дәретхана бөлмелерін жасауға, сондай-ақ сыртқы құрылымдарды әрлеуге арналған инновациялық әрлеу материалы. Дизайнды да үй иесімен келісіп, оның көңілінен шығатындай етіп жасаймын. Бұл бір күндік жұмыс емес. Ертең тапсырыс беруші жандармен бет көріскенде бетің қызарып, ұялмайтындай болуы үшін арыма жүгінемін,– дейді Рауан.
Рауанға үйінің сыртын майда тастармен көмкертіп, қаптатқан жандар да еңбегін бағалап, өз пікірін білдірген болатын.
– Рауан осыдан бірнеше жыл бұрын үйіміздің құрылыс жұмысына атсалысты. Әндетіп, өлеңдетіп, әзілдеп жүріп жұмыс істейді. Оның әзілін тыңдағанда жұмысының ауырлығын ұмытып кетесің. Ең бастысы, Рауан сапаға қатты мән беретінін байқадық. Ұзақ жылдар бойы сүрбойдақ болып жүрген жігіт жақында ғана отбасын құрды. Біз Рауанның бақытты болуына тілектеспіз, – дейді оның еңбегін елеп, ризашылығын білдірген Нұржан Ізетбай.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ,
Талас ауданы