
Алдымен театрдың көркемдік жетекшісі Анар Сағымбекова өткен жылы өткізілген іс-шаралар, ұжымның шығармашылық жетістіктері туралы баяндама жасады.
Театр өмірінде репертуар ең маңызды мәселе. Анар Бақытқызының айтуынша, 2024 жылы театр репертуары 5 жаңа қойылыммен толығыпты. Атап өтер болсақ, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», Нина Гернет пен Татьяна Гуревичтің «Балапан Дарафей», қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай «Менің атым – Қожа», Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» және Жаңа жыл мерекесіне орай драматург Әйкен Тәсілованың «Бұғы мен қасқыр» қойылымдары сахналанып, көрермендердің ыстық ықыласына ие болыпты.
Көрерменге барлығы 207 қойылым ұсынылған. Театр стационарына және көшпелі қойылымдарға келген барлық көрермен саны 31 711 адамды құрайды.
Ал Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Ақылдос Тәжиев алдағы жоспарларымен таныстырды. Театр ұжымы 2025 жылы 5 жаңа қойылымнан бөлек, Наурыз және Жаңа жыл мерекелеріне арналған 2 театрландырылған қойылым сахналауды жоспарлап отыр екен. Сонымен қатар биыл театрдың 90 жылдығы және қазақтың көрнекті тұңғыш режиссері Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына орай республикалық театр фестивалі ұйымдастырылатын болады.
Жиын соңында спикерлер БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарына құлақ түрді. Журналистер премьераның аздығы, театрлармен өңіраралық байланыс, сырттан маман шақыру секілді мәселелерді қаузады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ