Жаңа заманның «әзіл» үлгісі саналатын пранк бүгінде жастар арасында кең таралған. Ағылшын тілінен аударғанда «қалжыңдау, келеке ету» деген мағынаны білдіретін пранк негізінен алдап-арбауға құрылған әрекет. Пранкті жасаушылар – пранкерлер, ал олардың «құрбаны» көбіне өз жақындары. Бір қарағанда зілсіз әзіл, ойын сияқты көрінуі мүмкін, алайда кейде моральдік шекарадан асып, тіпті қайғылы жағдайларға да себеп болып жатады.
Кейбір пранктер тіптен әдеп нормаларына сай келмейді. Мысалы, анасын туған күнімен құттықтап келіп, оның бетіне торт жағып жіберген баланың әрекеті қаншалықты орынды? Мұны қалжың деуге бола ма, әлде өрескелдік пе? Осындай әрекеттерді көруге дағдыланған жас буын болашақта қандай қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырады? «Заманына қарай адамы» дегенмен адамгершілік сынды құндылықтарымыз өзгермеуі тиіс емес пе? Қазіргі пранктер мен қазақы қалжыңның арасындағы айырмашылықты түсініп, арзан күлкі мен шынайы әзілді ажырата алмасақ, ұлттық мәдениетімізге де, адами қарым-қатынас әдебіне де нұқсан келмей ме?
Бала күнімізде біз де достарымызға қалжыңдап, үстіне тіс пастасын жағып немесе шашына клей, сағыз жабыстырып ойнап жататынбыз. Бірақ мұның бәрі құрдастар арасында ғана қалып, шектен аспайтын. Үлкендерге орынсыз әзіл айту әдепсіздік саналатын, ал ата-анамызға қалжыңдасақ, «Мен сенің жеңгең бе едім?» деп бірден тыйып тастайтын. Ал қазір «анама пранк», «әкеме пранк», «жұбайыма пранк» деген атаумен түрлі бейнероликтер түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялау сәнге айналды.
Жақында ғана Ақтөбе қаласында мектеп оқушысы пранк жасау мақсатында әке-шешесіне «мені ұрлап кетті» деп қоңырау соққан. Телефонын өшіріп, үйіне жетемін дегенше қорыққан ата-ана полицияға хабарлап үлгерген. У-шу болып әбіргерге түскен ата-анаға баласы бұл пранк екендігін айтқан. Алайда бұл ұсақ қылмыстық іс ретінде саналып, ата-анаға 100 мыңнан аса айыппұл салынды. Мұндай мысалдар жетіп артылады.
Пранктың жаңадан шығып жатқан кезі-ау деймін. 2018 жылдары бойжеткен қайынсіңлім әкесіне «әке, мені алып қашып кетті» деп телефон соққаны бар. Қайынатамның бірден жүрегі ұстап, ауруханадан бірақ шыққан. Бұл пранк еді. Сол оқиғадан кейін отбасымызда ешкім пранк жасамайтын болды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің оқытушысы Балмира Мырзабайдың да бұл мәселеге байланысты өз айтары бар.
– Жақында ғана әлеуметтік желілерден анасын тосыннан қорқытпақ болған ұлдың сәтсіз жасалған іс-әрекетін көріп халық шулап кетті. Себебі қорыққаннан анасы мәңгілік өмірге аттанып кеткен еді. Сол сәтте-ақ жүрегі жарылып кетіпті. Ешқандай мәні, мағынасы жоқ пранк арқылы жастарға қандай тәлім-тәрбие берудеміз? Пранк жасаудың тарихы өте тереңге кетеді. Егер жалпы алдау мен әзілдеу дәстүрін қарастырсақ, ол ежелгі дәуірде-ақ болған. Бірақ қазіргі заманғы «пранк» ұғымы ХХ ғасырдың ортасында кең тарала бастады. Пранктың даму кезеңдеріне тоқталсам, ежелгі дәуірде адамдар бір-бірін алдап, әзілдеп отырған. Мысалы, Еуропадағы 1 сәуір күні тойланатын «Ақымақтар күні» дәстүрі ХVІ ғасырдан бері бар. Журналистикада да пранк деген нәрсе бар. 1938 жылы америкалық режиссер Орсон Уэллс радио арқылы «Әлемдер соғысы» атты жалған хабар таратқанда мыңдаған адам расымен де бөтен ғаламшарлықтар шабуыл жасады деп ойлап, дүрбелеңге түскен. АҚШ-та журналистиканың үш тұғырының бірі телевизия саласында 1948 жылы «Candid Camera» сияқты пранк-шоулар танымал болды. Мұндай бағдарламалар жасырын камера арқылы адамдарды әзілмен алдады. Қазіргі таңда пранк жастардың арасында трендке айналып, оның әлеуметтік эксперимент, пранк-әзілдер, қорқынышты пранктар секілді түрлері көбейіп кетті. Бірақ этика мен жауапкершілікті ұмытпау маңызды. Иә, белгілі бір деңгейде пранкты қазақы қалжыңға жатқызуға болады, бірақ олардың арасында айтарлықтай айырмашылықтар да бар. Қазақы қалжың – сыйластық пен астарлы ойға негізделген. Ол адамның намысына тимей, әзіл арқылы ой салуға, достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Ал пранктар кейде шектен шығып кетуі мүмкін. Әсіресе қорқынышты немесе зиянды пранктар адамдарға ыңғайсыздық тудырады. Қазақы қалжың көбіне ауызша жасалады, ал пранктар визуалды және әрекет арқылы жүреді. Егер пранк адамға зиян тигізбей, шектен шықпай, тек көңіл көтеру мақсатында жасалса, оны қазақы қалжыңның заманауи түрі деп қарастыруға болады. Бірақ шектен шыққан, қорлайтын немесе әдейі қорқытатын пранктар қазақ мәдениетіндегі шынайы әзіл-қалжыңмен сәйкес келе бермейді, – дейді ол.
Пранк түсіретіндердің көбі – жастар. Осы ретте жастарды да сөзге тартып, ойларын тыңдап көрдік.
– Пранктың жастар арасында сәнге айналуының бірнеше себебі бар. Әлеуметтік желілерде, «TikTok», «YouTube», «Instagram» сияқты платформаларда вирустық контент жасау трендке айналды. Пранктар күлкілі әрі таңғаларлық болғандықтан бейнежазба көп қаралым жинап жатады. Пранк жасау жастар үшін ойын-сауықтың бір түрі болып көрінеді. Олар достары мен туыстарын алдап, көңіл көтеруді жақсы көреді. Креативті пранктар блогерлерге танымал болуға, жаңа оқырмандар жинауға көмектеседі. Пранк жасағанда күтпеген реакциялар болады, яғни адамдарда адреналин бөлінеді, бұл адамдарға ерекше эмоциялар сыйлайды. Жастар кейде пранк арқылы қоғамдағы шектеулер мен нормаларды тексергісі келеді. Бірақ пранктардың зиянсыз әрі этикалық болуы маңызды. Басқаларға зиян келтіретін немесе қорлайтын әрекеттер жасалмауы керек, – дейді Ақжан Мамыт есімді студент.
Ескерте кетейік, пранкты жасау барысында тәртіпбұзушылықтар тіркелсе, заң аясында жауапкершілікке тартылады. Нақтырақ айтсақ, өрескел пранк жасағаны үшін бірінші ескерту беріледі немесе бес айлық есептік көрсеткіш негізінде айыппұл салынады. Ал тәртіпбұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады. Сондықтан парықсыз пранкке құмар болмайық.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА