Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өз дәстүрін қадірлеген озады

Өз дәстүрін  қадірлеген озады
Ашық Дереккөз
Қазақта «кіндік шеше», «кіндік қаны тамған жер» деген секілді кіндікке қатысты қастерлі сөздер көп. Мұның барлығы баланың дүниеге келген жерімен, бала алғаш дүние есігін ашқан сәтпен келгенде оның кіндігін кескен адам астасып жатқан түсінік. Бұрын кіндік әке-шешенің бала өміріндегі маңыздылығы сондай, кіндік шешесін анасы емес, әжесі таңдап берген екен. Бұл ретте жас келін әулеттегі адамдарды танып білмегендіктен енесі осы іске өзі кірісетін болған. Әз әжелер ел ішінде абыройы асқақ, ақжарқын, іскер жандарды немересінің келешегі, болашағы үшін таңдауды өз қолына алған.

Бала дүние есігін ашқан сәтте оның жалаңаш тәнін қолымен ұстап тұрып, дауысы шығуы үшін шарананы құйрықтан шарт еткізіп ұрып, кейін таза жіппен байлап, түбіне күл сепкен. Сәбиді төменнен жоғары қарай көтеріп алып, анасымен алғаш кездестіретін адам кіндік шеше болғандықтан ол сәби өмірге келген отбасының бір бөлігіне айналған.

Баланы алғаш қолына ұстап, кіндігін кескен адамның бойындағы биоөріс пен қасиеттері балаға берілетініне, бала да оны бірден қабылдап алатынына халық шүбәсіз сенген. Егер келіншек қиналмай босанса, «кіндік шешесінің қолы жеңіл екен» десіп жатады. Сондықтан баланың ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған кейбір мінездері кіндік шешесіне тартып кететінін жиі айтып отырған. Осы орайда кіндік ата-анасы қандай болса, бала да дәл сондай болады деп ырымдаған. Кіндік кескен жанның мінез-құлқына мән беріп, маңызды санаған.

«Апта толғақ», «ай толғақ» деп аяғы ауыр әйелдің босанатын уақытын есептеп, үй шаруасына да көмек қолын созған. Жарыс қазан ұйымдастырып, қонақтарға арналған дастарқанның жартысын кіндік әке-шеше көтерген. Босанған кезде қасында болып, ана мен сәбиге күтім жасау міндеті артылған. Жас анаға қалжа, ал шақалақ қырқынан шыққанға дейін киетін иткөйлек тігіп алып келуге міндеттелген.

Бала өсіп, етек-жеңін жинап, есейіп кеткенше әрдайым қамқор болған. Туған әке-шешесі кіндік әке-шешеге өз кезегінде қалаған сый-сияпатын ұсынып, кіндіккесер беріп, өз ілтипатын білдірген. Мұндай қамқорлық екі отбасы үшін қарым-қатынасты нығайтып, сыйластығын арттыратын абыройлы іс екені анық.

Қазіргі медицина дамыған заманда баланың кіндігін кесу мамандардың меншігіндегі іс. Бірақ кейбір баланың кіндік шешесі белгісіз болғанымен өкіл әке-шешесі болуы мүмкін. Ел ішінде өкіл әке-шеше деген атау да қалыптасып, бұл дәстүр жалғасын тауып келе жатқанынан көпшіліктің хабары бар деп ойлаймыз. Осы орайда «Өкіл әке-шеше қалай таңдалады? Оларға артылар міндеттер қандай? Өкіл ата-ананы кім және қандай жағдайда таңдайды? Жалпы аталған дәстүрге қаншалықты мән беріп жүрміз?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Өкіл әке-шеше бала есейіп, той беретін уақытта туған әке-шешесінен кейінгі қамқоршы жандар ретінде таңдалған. Бірақ бүгінде бұл үрдістің жаңарып, басқаша бояуға енгенінің куәсі болып отырмыз.

Асқар мен Салтанат Сейітбековтер бүгінде Айару Нұржанқызының өкіл әке-шешесі. Екі жас отау құрған соң бірнеше жыл бойы сәби аңсап, перзент сүюді армандайды. Бірде бес балалы достарының шаңырағына қонаққа барғанда сол үйдің кішкентай Айару есімді қызы Асқар мен Салтанаттың қасынан шықпай, алдына отырып алады. Сонда үй иесі: «Сендерге жұғысты болсын! Осы қызға өкіл әке-шеше болсаңдар, соңынан бала ереді», – дегені сол, онсыз да балаға зәру жұп қуана келісе кетеді.

– Айаруға өкіл-әке шеше атанған соң, расында, араға бір жарым жыл салып дүниеге ұлым келді. «Айару қызымыздың соңынан ілесті» деп қуандық. Сөйтіп, өкіл қызымыздың екінші ата-анасындай болуды өзімізге міндет санадық. Әрбір қуанышын бөлісіп, әр туған күнін атап өтіп, құттықтап барып, сый-сияпат көрсетіп тұрамыз. Осындай қазақи дәстүр жалғасын тапқанының арқасында, шын тілектестік пен ақ ниетті жолмен сәбилі болғанымызға бек қуаныштымыз, – дейді Салтанат.

«Біздегі қуаныш оларға да жұғысты болсын, перзент сүйсін» деген оймен сәби аңсап жүргендерге қолқа салып, Салтанат пен Асқардың шаңырағына шаттық сыйлау мақсатында өкіл әке-шеше атандырып, осы бір ақ тілектің орындалғаны, рас, көңіл қуантарлық жағдай.

Алайда перзентханаға бармай-ақ кіндік шеше атанып, жаңарған салт дәстүрге орай өкіл әке-шеше болу сенімі жүктелген жандар жайлы ҚР Білім беру ісінің үздігі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің мүшесі Сейсекүл Исматова айтып берді.

– Заманның өзгеруіне байланысты, біреулер өзінің бай екенін, бар екенін көрсету мақсатында түрлендіруінің салдарынан салт-дәстүріміз өзгеріп барады. Баршылық заман болған соң адамдар да түрлі нәрсені ойлап табуда. Ұлтымыздың салт-санасы, қаймағы бұзылмай, сол қалпында сақталса деп ойлап жатқан ешкім жоқ. Менің анам іні-сіңлілерімді үйде дүниеге алып келді. Сонда апалардың қалай босандырып алғанын, қалай қызмет еткенін көзіммен көрдім. Арнайы пышақпен кіндік кестіріп, туған анасы «кіндік шешеңнің менен еш айырмасы жоқ» деп үйретеді. Менің анам да солай айтып отырды, біз соны ұстанатынбыз. Бұл тұрғыда «кіндік шеше» тек әйел баласына қатысты. Ал жанұяға келін түсіп, беташар алдында үйленген жігіттің ата-анасы көңілі қалаған ерлі-зайыптыны баласына өкіл әке-шеше етіп сайлайды. Оның да рөлі туған әке-шешесімен бірдей. Мұндай үрдіс қазақтың біртұтастығын шыңдайды. Бұл тәрбиелік мәні бар дүние. Ал қазіргі қоғамда кіндік әке сайланып жүрген ер-азаматтарға таңым бар. Әйел туып жатқан жерде еркектің қандай қатысы бар? Бүгінде бала дүниеге келген соң сыйластығын арттыра түсу мақсатында әке-шешесі өкіл әке-шеше таңдайды. Мұның әбестігі жоқ деп ойлаймын. Бұл екі достың арасындағы сыйластық, сенімнің жүгі, – дейді Сейсекүл апай.

Иә, кей отбасы ырымдап, қызметтік дәрежесі жоғары, абырой биігінен түспей жүрген ел азаматтарының ішінен перзенттеріне өкіл ата-ана таңдайды.

Жамбылдық журналистер Райхан Шәлібекова мен Қасымжан Байкүшіков әріптес әрі қимас дос, жекжатқа айналған жандар. Р.Шәлібекова отбасылық достықтарын нығайту мақсатында Қасымжанды баласына өкіл әке ретінде таңдаған.

– Мен 26 жасымда алғаш рет үлкен кісілердің өтінішімен, өзіммен қатарлас баласына өкіл әке атанып, тойында неке сақинасын тақтым. Өкіл балаң «әке» деген кезде бойыңды ерекше сезім билейді. Жағдайын сұрастырып, қуаныш сыйлағың келіп тұрады. Тіпті әке-шешесіне айта алмаған ойын жеткізеді. Соның жүректегі сырын әулетіне жеткізетін алтын көпір де біз боламыз. Райхан әріптес-досымның аяғы ауыр кезінде «менің балам болсын» деп айтқаным бар еді. Кейін жолдасы екеуі ақылдасып, шынында да мені өкіл әке сайлады. Перзентханадан шығару салтанатына барып, барлық той-томалағына атсалысып, сол өкіл балаларымның «әке» деген сөзі үшін аянбай қызмет етіп жүрген жайым бар, – дейді Қ.Байкүшіков.

Расымен, кіндік шешенің бала өмірінде өзіндік орны бар. Бұл атау аса құрметті һәм абыройы асқан ақ жаулықтыларға бұйырғандықтан ол әйелді баланың туған анасынан кейінгі орынға қойып, ерекше қадір тұтқан. Баланың екі анасының ортасында еркелеп өсуіне ықпал етіп, екі үй арасындағы жарастықты екі еселеген. Сондықтан қазақ қоғамы үшін кіндік шешенің орны бөлек. Ал кіндік әкеге деген ұғым біздің қоғамдық санаға да, дәстүрге де жат.

Осы біз кіндік шешеге деген құрметтің мәнін кетіріп алған жоқпыз ба? Бүгінде салт-дәстүрімізге үстірт қарайтын кейбіреулер үшін «кіндік әке» деген ұғым пайда болды. Мұны «крестный папа» деп қысқартып айтып жүргендер де баршылық. Негізі мұсылмандыққа үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын христиан дінінде сәбиді шоқындырған адамды «крестный» деп атайды. Олай болса, қазақтың ұғымында болмаған «кіндік әке» қайдан шықты?!

Бұл сауалды біз дәстүрге қайшы келетін ұғыммен өмір сүретін кейіпкерлердің біріне қойып көрген едік.

– Біз солтүстікте туып-өстік. Таразға көшіп келгенімізге екі жылдың жүзі болды. Мұндағы қазақтар алты жасар Алан есімді баламның «крестный папа» деп жүргенін көріп, «Шоқынып кеткенсіңдер ме?» деп шошынып қарайды. Шынында, жақсы дүниені жалғастырғанда тұрған не бар? Біз орыстардың ортасында өстік. Олардың ұғымында «крестный отец», яғни қазақтың «кіндік әкесі» дегенге келетін сияқты. Ол балаға рухани азық беретін, қамқорлық танытатын, екінші әкесіне айналған адам. Жақсы дүниені насихаттаудың еш әбестігі жоқ деп ойлаймын, – дейді өзін Әнел деп таныстырған келіншек.

Ұлт болашағы – ұрпақ жалғастығы мен баланың қандай тәрбие алғанына байланысты. Кірме салт-дәстүрге бой алдыру адамды азғындыққа жетелейтін қауіпті процесс. Дәл осы тұрғыда көпшіліктің пікірі де екіұдай. Бірі «дәстүр ұмытылып барады» деп өкініш білдірсе, енді бірі қайта мұны «заманауи жаңару һәм жаңғыру үрдісі» деп түсінеді. Осындайда өзгенің қаңсығы бізге таңсық болмаса дейсің.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар