Бүгінде мұхит, теңіз, өзен-көлдердегі қоқыстардың есебі жоқ. Күн сайын дүниежүзіндегі мыңдаған өндіріс көздерінен пластик қалдықтары мұхитқа, құрлыққа зиянын тигізіп жатыр. Әлеуметтік желілердегі ақпараттарға сенсек, су, жер бетінің ластануының 80 пайызын осы пластикалық қалдықтар құрап отыр. Өңіріміздегі қоқыстар мен қалдықтардың жиналу, сұрыпталу ахуалын білу үшін облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Молдашевпен байланысқан болатынбыз.
– Облыс аумағында қалдықтарды төгуге арналған 163 полигон жұмыс істесе, 159-ы коммуналдық, ал 4-еуі жекеменшік нысандар ретінде тіркелген. Бүгінгі таңда осы полигондарда жиналған тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі 3,2 миллион тоннаға жетіп отыр. Оның ішінде 73,3 мың тоннасы жыл басынан бері жинақталған қалдықтар. Түзілген көлемнің 24,4 пайызы, яғни 17,9 мың тоннасы бөлек сұрыпталған. Қалдықтарды жинау қызметін дамыту мақсатында облыс аумағында 3 654 контейнер орнатылған. Оның 957 бірлігі 2025 жылы сатып алынған. Бұл бағыттағы жұмыстарға Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан 97,4 миллион теңге қарастырылған. Сонымен қатар Жамбыл және Мойынқұм аудандары жыл соңына дейін қосымша 52 контейнер орнатуды жоспарлап отыр. Аталған жұмыстарға 6,1 миллион теңге көлемінде қажетті қаражат бөлінген. Облыс аумағында қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметін 40 мекеме жүзеге асырып отыр. Олар 191 арнайы техникамен жабдықталған. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 88,1 пайызы бұл қызметпен қамтылған. Сонымен қатар облыста қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Жасыл даму» акционерлік қоғамы 5 жоба ұсынды. 2 жоба қолдау тауып, Байзақ ауданында жүзеге асырылуда. Нәтижесінде полиэтилентерефталата үлпектері, дәретхана қағазы, жұмыртқа салатын қағаз науалар, полимерлі плиткалар сынды экологиялық таза өнімдер өндіру жолға қойылады. Жалпы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес қалдықтарды басқару бағдарламалары Тараз, Шу, Қаратау, Жаңатас қалаларында және Меркі ауданында әзірленіп, тиісті мәслихат шешімдерімен бекітілді. Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарында бағдарлама әзірлеу жұмыстары жүргізілуде және аталған жұмыстарға 5,4 миллтон теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар Қордай, Мойынқұм, Сарысу, Талас және Шу аудандарында мұндай жобаларды іске асыру 2026 жылы жоспарлануда, – дейді Б.Молдашев.
Осы орайда Тараз қаласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталар болсақ, облыс орталығында тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару кызметімен 7 мекеме айналысады. Тараз қаласының тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтауға арналған полигоны Жамбыл ауданы, Көлқайнар ауылдық округінде орналасқан. Жалпы ауданы – 30 гектар. Қаладан арақашықтығы – 15 шақырым. Аумағы темірбетон қоршаумен қоршалған.
– Полигон «Жасыл Ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне не сенімгерлік басқаруға берілген. Бүгінгі күні полигонда 2,68 миллион тонна қалдық жиналған. Қалдықтар ашық аумақта жинақталады, биологиялық ыдырайтын қалдықтарға, компоненттерге қарай бөлінбейді. Жалпы «Жасыл Ел – Тараз» серіктестігінің негізі қызметіне қала аумағының санитарлық тазалығы, абаттандыру, көгеріштендіру, тұрмыстық қатты қалдыктарды шығару, кездейсоқ қоқыстарды жою болып табылады. Мекеменің теңгерімінде 36 техника бар. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес қалдықтарды жинау, тасымалдау қызметімен 80624 аула қамтылған. 2023-2027 жылдарға арналған Жамбыл облысының даму жоспарында қалдықтарды басқару бойынша бірқатар іс-шаралар белгіленді. Атап өтер болсақ, қалдықтарды бөлек жинауға арналған 2080 контейнер орнату; сұрыптау және қоқыс өңдеу кешенді орнату; 5 қайталама шикізатты қабылдау пункттерін ашу. Қазіргі уақытта Тараз қаласы әкімдігімен іс-шараларға қаржыландыру мәселесі қарастырылуда, – дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы сумен жабдықтау, су бұру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Сержан Саржанов.
Қоқыс мәселесі – атқарушы органдардың ғана емес, қоғамның әрбір мүшесі бас ауыртуға тиіс түйткіл. Әрине, мемлекеттік мекемелер қалдықтардың дер кезінде шығарылуына, санитарлық, экологиялық талаптардың сақталуына, оны өңдейтін зауыттар салуға міндетті. Әйтсе де, қоқысты заңсыз орындарға тастамау, оны сорттау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау секілді мәселелер тұрғындарға тікелей байланысты. Егер бұл мәселеде билік пен халық бірлесіп әрекет етпесе, қоқыстан құтылу қиынға түседі.
Сымбат ҚУАНЫШ




