Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мұхтар аға, Мэриленд және...

Мұхтар аға, Мэриленд және...
Ашық Дереккөз
Жаманат хабар қазір жер шалғайлығына қарамайды. Жер шарының екінші жартысындағы құрлықта жүрген жар дегендегі жалғыз жазушымыз Мұхтар аға Мағауин дүниеден озыпты деген суыт хабар жұманың суық таңында сұрлана жетіп, талай жүректі қан жылатты.

(эссе)

– Дүниеден кім өтті?

– Дүниеден қазақ ауыз әдебиеті тарихына төңкеріс жасап, зар заман поэзиясын үш ғасырға ұзартқан  ғұлама ғалым Мұхтар Мағауин өтті.

– Дүниеден кім өтті?

– Қазақ көркем әдебиетінің тарихын «Аласапыран», «Шақан шері», «Көк мұнар», «Сары қазақ», «Көкбалақ», «Жармақ», «Жыланды жаз», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Тазының өлімі», «Қара қыз» сияқты тағы басқа да ғажап туындылармен толықтырған суреткер жазушы Мұхтар Мағауин өтті.

– Дүниеден кім өтті?

– Дүниеден «Қобыз сарыны», «Қазақ тарихының әліппесі», «Шыңғыс хан» сияқты тарихи тәмсілдер жазған шежіреші өтті.

– Дүниеден кім өтті?

– Дүниеден талапты ғалымдардың ұстазы, талантты жазушылардың қамқоршысы Мұхтар аға өтті. «Жаныңыз жәннатта болсын, Мұхтар аға!» деп күбірлей бердім.

 

***

Бір күні Мұхтар ағаға барып сәлем берейін деп Абылайхан көшесіндегі Жазушылар одағының үйіне келдім. «Жұлдыз» журналы бірінші қабатқа орналасқан ғой, ағаның кабинетін тез таптым.

– Ассалаумағалейкүм, аға!

– Әлейкүмәссалам.

– Аға, мен Көсемәлі деген ініңізбін. Баяғыда, 1988 жылы «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларға жариялаған жабық бәйгесінде менің «Елгезек Бағдаршам, Тоқ-Қуат және басқалар» деп аталатын ертегі-повесімді ең бірінші сіз қолдапсыз. Оны сізбен бірге болған жюри мүшелерінен естідім.

– Ә, солай ма? Әй, сол жігіт бір жерде жүрген шығар деуші едім, бар екенсің ғой.

– Сіз болмасаңыз менің шығармам сол жолы бәйге алмақ тұрмақ, аталмай да қалатын екен, сөз кезегі өзіңізге келгенде «Біз бәйгені кімдер үшін жарияладық?» депсіз. «Балаларға, әрине» депті қазылыр. «Ендеше бүлдіршіндерге арналған мына «Елгезек Бағдаршамды...» неге айтпайсыңдар?» депсіз. Бәрі ұйқыларынан жаңа оянғандай «иә», «иә» деп сізді қоштай кетіпті. Сөйтіп, менің аты ауызға ілінбей жатқан ертегі-повесім екінші орынға бір-ақ шығыпты...

– Бар еді ондайлар. Бәйгені балаларға деп жариялап алады да, үлкендердің тісі батпайтын шығармаларды бәйгеге тықпалап, соларға бас жүлдені беріп жіберетін. Сол жолы да басқалар не дер екен деп пікірімді кейінге сақтап отырғам. Тағы да кетіп бара жатыр. Сосын шыдамаған болуым керек...

– Одан бері көп жыл өтті ғой. Оның үстіне мен Алматыда емес, Жамбылда тұрдым. Бір реті келмеді, соған рақмет айтайын деп кеп ем.

– Басқа қандай шаруаң бар?

– Аға, шаруаның үлкені сол, сізден сұхбат алсам деп ем. «Жас Алашта» қызмет істеп жүрмін, соған бір бет қып тұрып жариялаймыз.

–  Жоқ, мен сұхбат бермеймін. Жазатын болсам өзім жазам.

Үндемей отырып қалдым. Әбіш аға Әбекемнен де, Чынгыс байкемнен де, Шерағамыздан да бұлай бет қайтпаған. Бәрі сұхбаттасқан. Сұрақтарыма жауап берген.

Сол тұста Мұхаңның «Мен» деген ерекше кітабы шығып, әдебиетшілер арасында әртүрлі сөздер боп жатқан. Ол туралы біздің «Жас Алаш» та бірдеңе түртті-ау деймін.

Мұхаң сезімге ергіш жазушының бірі ғой, қазақ қыз-келіншектерінің сұлулығы, әсіресе соңғы жылдардағы реңдеріне деген риясыз сүйспеншілігі туралы бір керемет мақаласы «Жас Алашқа» жарияланып, жұрт жабыла оқып, риза боп жатқан. Бірақ сол мақалаға бір оқырман әйелдің жауап хаты басылып, ол әйел онысында Мұхаңның жанына бататын біраз ауыр сөздер айтты ма, әйтеуір, әп-әдемі басталған әңгіменің аяқ жағы сұйылып барып, жоқ боп кеткен.

«Сұхбат бермеймін» дегеніне қарап, бір жағынан, соған да іштей өкпелі ме деп ойладым. Ойладым да, осындай біртуар ағаларымызды аңдамай ренжітіп алатынымызға қынжылдым.

Кейін екі Мұхаң Шыңғысхан туралы айтысқан кезде де қатты қиналдым. Өйткені екеуінің шығармасы да ыстық. Екеуі де өз кітаптары арқылы тәрбиелеген.

Өстіп жүргенімде бір жылы Мұхаң Америкаға, оның Мэриленд деген штатына көшті де кетті. Енді шығармаларын сол жақта жатып бұрқыратты.

Жалпы қазақта эмигрант-жазушылар жоқтың қасы ғой. Біздің Мұхаң соның тұңғышы болуы керек, сірә. Сонда да болса «Не ішем, не кием демейтін, төрт құбыласы түгел Мұхаң елден неге кетті екен?» деп кей кездері қамыға ойға бататынмын. Қайдан білейін, сыры көп екен ғой, сөйтсем...

Қазір менің де бір жаққа кеткім кеп кетеді кейде. Өйткені жаныңды түсінбейтін ортада жүру мүмкін емес екен.

Жабыларды жүйрік деп, қорқақтарды батыр деп, сараңдарды мырза деп, бір-бірін өтірік мақтағандардың ортасында жүру сондай жиренішті. Ал шындықты айтсаң әлгі бір-бірін мақтасқан топқа жақпай, шеттеп қаласың. Істеген ісіңді, еткен еңбегіңді көрінеу көзге ілмеу, елемеу деген адам баласы ойлап тапқан жауыздықтың ең сұмдығы ма деп қалдым.

Міне, Мұхаңды ашындырған, өзін аспанға көтерген Алатауынан аластатқан осындай-осындай қатыгездіктер екен. «Менді» жазғызып жүрген алапат сезім, сұрапыл күш те осында жатқан болар, сірә!

Қазір отырып алам да алыстағы Мэриленд штатында жүрген Мұхаңды ойлап, «шіркін, менің де бір Мэрилендім болса, «шүу, қарақұйрық» деп, қазір-ақ тартып кететін ем» деп қоям...

– Мұхтар Мағауинді білесің бе? – деді бір күні редакторым.

Өзіме бәйге алып берген адамды білмей қара басып па, «білем» дедім жұлып алғандай.

– Білсең, сол Мұхаң «Жұлдыз» журналының бір нөмірін түгел жастар шығармаларына арнамақ екен. Маған телефон шалып, сендерде бір жас жазушы жігіт бар, сол әңгімесін жіберсін деп жатыр, – деді.

– Мақұл, – десем де, сол жолы өз-өзімнен тартына бердім.

Ұялдым білем, дұрысы. Өйткені әңгімемді оқыған облыстағы әріптес ағаларым «қазір ауылдағы кемпірлер басына күндік кимейді», «ол кезде симпозиум деген термин жоқ болатын» деп, әңгімемдегі кейбір сөздерді жақауратып сынап тастаған болатын.

Ал Мұхаңа жіберетін одан басқа ештеңем жоқ.

Ақыры «Жұлдыз» журналының сол нөмірі менің әңгімемсіз шықты. Ал қазір «жазушымын» деп жүргендердің көбісі алғаш рет сол нөмірде жарқ ете қалды.

Мағауияның Мұхаңын, Мэрилендтің жеріне жамбасы тиген Мұхаңды ойласам, сол Мұхаңның Жамбылда жүрген мені іздеген қамқорлығы есіме түсіп, ішім уылжып қоя береді. Өйткені жақсының шарапатын ұмытуға болмайды. Ал ұмытса, жамандар ғана қасақана ұмытады.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар