Себебі ол адамдар мүсәпір, яғни тағдырдың соққысын көрген, қоғамнан тек мейірім күтетін жандар. Оларды желі жұлдызына айналдырғаннан не өзгереді? Кім пайда көреді? Әрине блогердің жұлдызы жанады. Ал әлгі кейіпкер әп-сәтте кеңінен танылғанымен, көп өтпей-ақ көрерменнің мазағына айналып шыға келеді. Әлеуметтік желілерде кеңінен тараған мұндай видеолардың миллиондаған қаралым жинайтыны анық. Сол видеоларға жазылған пікірлердің көбі «Күлкілі екен», «Жынды ма өзі?», «Мынау жарды!» деген сарында өрбиді.
Дәл осылай біреудің мұңы мен көз жасы араласқан тағдырын контентке айналдыруды «хайптың көкесі» деп тануға болады. Жалпы бір мезеттік танымалдылық адамды биікке қалай тез көтерсе, дәл солай лезде құлатып, ұмыттырады.
– Психологтар мұндайды «симулятивті мейірім» деп атайды. Әлеуметтік желілерде кейбір блогерлер немесе контент жасаушылар шынайы эмоцияны көрсету орнына симулятивті мейірімді қолданады. Бұл нақты сезім емес, көрініс немесе имитация арқылы көрсетілетін қамқорлық. Яғни адам шын жүректен мейірім жасамайды, бірақ оны көрсету арқылы белгілі бір жетістікке қол жеткізгісі келеді. Мұндай әрекеттер көбіне әлеуметтік немесе қаржылық пайда үшін жасалады. Мысалы, кейбір блогерлер мүгедектер мен кедей адамдарды видеоға түсіру арқылы көрерменнің эмоциясына әсер етіп, қаражат жинау немесе өз атағын арттыру мақсатында мүсәпір жандарды қолдануы мүмкін. Психологиялық тұрғыдан осындай істер адамға зиян келтіреді. Біріншіден, видеоға түсірілген адамдар, әсіресе кішкентай балалар немесе мүсәпірлер, қорқыныш, сенімсіздік және эмоционалды «травма» алады. Екіншіден, көрермендер шынайы мейірім мен манипуляцияны ажырата алмай, эмоционалды әсерге тез беріледіде соңы сенім мен эмпатияның бұзылуына алып келеді. Бұл тәсілді жиі қолдану адамға қатты әсер етеді. Кейде қорқыныш, реніш немесе күйзеліс тудыруы ықтимал. Ал енді біреудің бүкіл өміріне із қалдырып, ұзақ мерзімде сенімсіздікке, өзін төмен бағалауға және эмоционалды жабылып қалуға әкеледі. Психолог ретінде кеңес айта кетер болсам, біреуді видеоға түсіру кезінде оның өз еркімен айтып тұрғанын растау керек және ақпаратты толық түсінгенін нақтылау қажет. Көрген жандарға эмоциялық әсер қалдыруға болады, бірақ бұл контент шынайы эмоция сыйлауы тиіс. Шынайы сезімді жоққа шығарып, біреуді жылатып немесе эмоционалды түрде манипуляция жасау – психологиялық тұрғыдан зиянды әрекет. Ол тек жеке тұлғаның психикасына емес, қоғамдағы сенім мен эмпатияға да әсер етеді. Сондықтан әлеуметтік желіде контент жасағанда ескеретін қағида болуы шарт. Камераға түсіруші адам әрқашан өзгенің сезіміне құрметпен қарап, оның ойының ашықтығы мен этикалық нормаларына мән беріп, намысын сақтауы қажет. Жылап-сықтаған видеоны түсіріп, таратуға құмар жандардың ішінде шынайы аяушылық жоқ, бірақ ол сырттай жақсы болып көрінуді ғана көздейтіні анықталған. Мұндай әрекет біртіндеп қоғамда эмпатияны өлтіреді. Көрермен нағыз қайғыны да, жасанды қайғыны да ажырата алмай қалады. Мұндай видеолардың түп-тамыры рейтингіге тәуелді санадан құйылып тұратыны анық, – дейді психолог Райымкүл Оспанова.
Бұрын адамдар рухани құндылық үшін өмір сүрсе, қазір қаралым жинау үшін өмір сүретін болып бара жатыр. Сондай арзан бір сәттік атақ пен даңқ қуғандар тіпті қайғылы жағдайда да тасада қалмай қарманып қалуды ойлап, біреудің көз жасын да пайдаланғысы келіп тұрады. Кім көп қаралым жинаса, соны «жетістіктің шыңы, беделдің биіктегені, абыройдың асқақтағаны» деп есептейді. Ал адамдық қасиет, ар мен ұят, намыс деген түсініктер рейтингтің астында қалып бара жатыр. Хайп қуғандар мүсәпір адамдарды пайдалану моральдық қылмыс екенін ойына да алмайды. Адамның кемшілігін контентке айналдыру, тіпті қорлау екенін түсінгісі де келмейді.
Блогерлердің арасында «Мен жай ғана күлдіргім келеді» дейтіндері де бар. Бірақ күлдіру мен мазақ ету екі бөлек дүние екенін естен шығарып алады. Сондықтан мінезді, ойды әжуалауға болатын шығар, бірақ мұндайды ерекше жағдайдағы адамға қолдану дұрыс емес. Бұл тенденция бүгінде бүкіл әлемде бар. Бірақ біздің қоғамға ерекше қауіп төндіріп тұр. Оның себебі мейірім мен ұят біздің ұлттық болмысымыздың өзегі. Өйткені қазақ «ұят кеткен жерде – рух әлсірейді» деп түйсінген. Оның үстіне мейірім жоғалған жерде адамгершіліктің жоғалатыны тағы бар.
Ерекше контент түсірушілердің арасында өзінің кейпін мазақ етіп, түрлі ұятсыз дүниелерді ұсынып немесе айтып контент түсіретіндерді де көз көріп жүр. Сондай жандардың бірі – Тараз қаласының тұрғыны, «Қара қатын», «Қолтықшаш» лақап атымен танылған Гүлнәр есімді блогер. Біз орайын тауып, онымен тілдесіп көрген едік.
– Сұраныс бар жерде, ұсыныс бар. Сондықтан ең алдымен сұранысты өзгерту қажет. «Тәрбиелік видеолар неге түсірмейсің?» деп алып, оспадар видеоларымды күтіп отыратындар өте көп. Бірде ақындардың өлеңін оқып, салмақты бейнероликтер салғанымда парақшамнан ешкімді таппай қалғанмын. Әрі-беріден соң адамдардың өздері маған ақша төлеп, түрлі боғауыздарды айтқызып жүр. Ал мен дертке шалдыққан әкесі мен анасын бағып отырған, жағдайы төмендеу отбасынан шыққан жан болған соң, қайткенде де ақша табуға тырысамын. Мен өз контентім арқылы табыс тауып, әке-шешемді емдетіп жүрмін. Кейде билеймін. Енді бірде далақтап жүгіремін. Қаралым жинап, ерекшелену үшін осындай түрлі образға кіріп, адамдардың көзіне түсемін. Ағаларым бұл қылығымды қойдыра алмады. Есесіне көшеге шықсам танымайтын адам жоқ, – дейді Гүлнәр.
Желіде таралған әр видео қоғамның айнасы екені айдан анық. Ал сол айнада біз не көріп жүрміз? Мейірім бе, әлде мазақ па? Негізі біреудің әлсіздігінен контент жасау жеңіс емес, жеңіліс сыйлайды емес пе? Нағыз жеңіс адамды биікке көтеріп, оған сенім мен қуаныштың жылуын ұялату ғой. Сонда ғана әлеуметтік желі мейірім алаңына айналатынын ұмытпайық.
СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРГЕН САМАТ
Соңғы жылдары қоғамда Самат Бекебаев есімді блогер феноменге айналған болатын. Ол өзін қайырымдылықпен айналысатын адам ретінде көрсетіп, мүгедектер мен науқас балаларға көмектесіп жүрді. Оның парақшасы миллионға жуық оқырман жинап, әбден халықтың сеніміне кірді. Халықтың Саматқа шынайы сеніп, жаны ашығанының бірден-бір себебі – оның балалар үйінде өскені. «Балалық шағы мұңға толы болып өскен жігіт өзі сияқты жарымжан балаларды бақытты етуге атсалысып жүр» деп сенді жұрт.
Бекебаев түрлі мазмұндағы аянышты видеоларды әлеуметтік желіде жариялап, балалардың тағдырын көрсету арқылы халықтан ақша жинады. Алғашында әрине бұл әрекет қоғамға ұнады. Уақыт өте келе блогердің халықтан түскен қаржыны жеке мақсатына пайдаланғаны мәлім болды. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде тез таралып, «қайырымдылық па, әлде бизнес пе?» деген сұрақ тудырды. Кейін Бекебаевтың балалардың эмоциясын коммерциялық мақсатта пайдаланғаны ашылды. Ол өз әрекетін «қателік болды» деп түсіндірді. Осы оқиға қайырымдылық пен сенімге сызат түсірді. Дәл осындай әрекет науқас балалар мен олардың отбасыларының құқығын қорлады. Қайырымдылық пен маркетингтің арақатынасы осы оқиғадан кейін терең талқылауға түсті. Блогердің әрекеті қоғамдағы сенім мен эмоционалды әсердің қалай пайдаланылатынын нақты дәлелімен көрсетті. Қаржылық есеп ашық болған жағдайда осындай дау тумас еді. Саматтың қылығынан кейін блогерлерге деген сенім азайды.
Болашақта мұндай жағдайларды болдырмау үшін ашық келісімшарттар мен қаржылық есептерді жариялаудың қажет екендігі ескерілуі тиіс. Саматтың қолымен жасалған тірлік интернет-донаттар мен контент арасындағы шекараларды нақты көрсететін мысал болды. Ал ең бастысы халықтан қаражат жинау кезінде адамдардың сезімін пайдалану моральдық тұрғыдан дұрыс еместігіне тағы бір көз жеткіздік. Түрлі журналистік зерттеулер жүргізілді. Этикалық норманың сақталмағаны дәлелденді. Осы жағдай блогерлік контенттің қоғамдық әсерін қайта қарауға себеп болды. Саматтың ісі сенім мен хайп арасындағы нәзік байланысты көрсететін айқын мысалға айналды.
ҚОРҒАНСЫЗ КИРИЛЛ
Кирилл көшеде келе жатып, қоғамдық көлікте отырып алып та әндетіп, билей жөнелетіндігімен танылды. Оның бүгінде «Instagram» парақшасында 300 мыңға жуық оқырманы бар. Ол «Telegram» парақшасында бейне құттықтаулар қабылдайды. Оның ерекшелігі балалығы басым әрі аңқау һәм шынайылығында екені көрініп тұрады. Ол би мен музыканы жақсы көретіні сондай, сүйікті әні шырқала кетсе болды, кез келген жерде билей жөнеледі. Ол адамдарға сонысымен танымал, сонысымен қызық. Оның би билеген бейнежазбалары «Tik Tok» пен «Instagram» платформаларында кең таралды.
Бірақ кейін қоғам арасында Кириллдің кей бейнежазбаға өз еркімен түспегені белгілі бола бастады. Желі қолданушыларының оның мүсәпір адамдармен бір контентке түсірілгенін, бұл әрекеттердің хайп үшін жасалғанын айтуы жиіледі. Бұл жағдай көрерменге эмоциялық әсер қалдырса да Кириллдің жеке құқығы мен таңдауы сақталмай қалғанын айтып, оның әлеуметтік желідегі оқырмандары шырылдай бастады. Жас биші ретінде ол өз шығармашылығын көрсетуге құқылы, бірақ платформалар мен продюсерлер тарапынан контентке қолданылуы этикалық тұрғыдан сынға ұшырады.

Бұл жағдай интернет-контент пен адам құқықтары сақталу қажеттігін көрсетті. Жас таланттардың сенімі мен шығармашылық еркіндігі хайп үшін пайдаланылмауы тиіс екендігін танытты. Осы мысал қоғамға адам құқықтары мен цифрлық этиканы үйлестіру қажеттігін көрсетеді.
Кирилл жастардың интернетке бейімделуі мен олардың жеке құқығын сақтау арасындағы мысалына айналғандай. Себебі бұл жағдай қоғамға контент пен адам арасындағы шекараны ажыратады. Кириллдің видеоларының таралуы хайп үшін емес, шығармашылық дамуына бағытталуы қажет екенін ескеру керек. Алайда бүгінде оның түрлі жағдайда, біртүрлі кейіпте, кейде әйел адамға арналған киімдерді киіп жүргендігі қынжылтады. Тағы бір ескеретіні, ол үстіне үнемі ескі киімдерін киіп жүреді. Сондықтан оның оқырмандары Кириллдің өз қалауын жасап жүргеніне күмәнмен қарайды.
ТОТАҚАНОВТАР ОТБАСЫНЫҢ ТҰТЫЛУЫ
Тотақановтар әулетінің басына түскен қайғы – олардың ұлы Алтаир Тотақановтың ауыр диагнозы. Бұл әулиетті Астана қаласының тұрғындары осы арқылы таныды. Олар баласының еміне деп «Instagram» парақшасы арқылы қаржы жинаған еді. Ерлі-зайыпты төрт жыл ішінде 350 000-нан астам адамнан жалпы көлемі 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған.
Алайда, тергеу деректері бойынша, сол жинақталған қаражаттың шамамен 6-7 миллион теңгесі ғана нақты емге жұмсалғаны анықталып отыр. Қалған қаражаттың бір бөлігі үш пәтер, жер телімі, бес автокөлік сатып алуға, құмар ойындарға жұмсалғаны анықталған. Одан бөлек әлеуметтік желілерде таргеттелген жарнамаға 481 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жүргізілген тергеу барысында қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерге «аса ірі көлемде алаяқтық жасау» және «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру» баптары бойынша айып тағылып отыр.
Бұл жағдайдың ең ауыры ата-анасы науқас ұлының еміне арналған қаржыны жинай бастағанымен, соңы сиырқұйымшақтанып кеткендігі болып тұр. Өз балаларының дертімен алысып жүріп, өздеріне сенген аудиторияның сенімін жоғалтқан Тотақановтардың басына түскен жағдай желі қолданушыларының жағасын ұстатты.
Осы орайда психолог Райымгүл Оралханқызының пікірін білгенді жөн санадық.
– Жарнамаға жұмсалған үлкен сома бұл қайырымдылық емес, маркетингке ұқсас әрекетті көрсетеді. Бұл «эмоцияға, жанашырлыққа қоса қаражат жинау» механизмінің пайдаланылғанын білдіреді. Қылмыстық деңгейге дейін жеткен іс болғасын, мұндай әрекеттер қоғамдық сенімге үлкен зақым келтіреді. Енді адамдар әлеуметті желідегі шынайы науқастарға жиналған қаржының растығына сенбей қалады, жақсы ниетпен басталған әр іске күмәнмен қарайтын болды. Туған ұлының ауырғанын пайдаланып, қаражатын жеке бастарына жаратқандарды кім деуге болады?! Сенімге негізделіп, әрі бақылаусыз болған іс хайп немесе алаяқтыққа айналып кеткенін көрсетеді. Бұл ерлі-зайыпты қаражат түскен сайын құныққан сияқты. Жайлы өмірге үйреніп әрі оңай ақша түскен сайын өздеріне қажеттіні алып отырған. Тіпті құмар ойын ойнағандары белгілі, – дейді психолог.
Келтірілген мысалдардан көрініп отырғандай, қазіргі әлеуметтік желілерде адам сенімін пайдалану, эмоцияны коммерциялық мақсатқа айналдыру және жеке құқықтарды елемеу қауіпті тенденция болып отыр. Самат блогер, Кирилл биші және өз баласының ауруын пайдаланған ата-ана – сенім мен хайп арасындағы нәзік байланысты көрсететін нақты мысалға айналып отыр. Бұл жағдайлар қоғамға цифрлық сауаттылықты арттыру, этикалық нормаларды сақтау және құқықтық қорғау қажеттігін ашық көрсетіп тұр.
Әлеуметтік желіде кез келген әрекет зор жауапкершілікті талап ететіні анық. Қайырымдылық, контент және танымалдық арасында сенім атты маңызды мәселе тұр. Осы орайда блогерлер мен түрлі идея иелері өз контенттерін түсіру барысы мен өз әрекеттерінде адам құқығы мен сенімді бірінші орынға қоюы тиіс. Платформалар да олардың қауіпсіздігі мен этикалық нормаларын қамтамасыз етуге жауаптылық танытуы қажет. Ал әлеуметтік желі қолданушылары оқиғаны дұрыс бағалап, эмоционалды әсерге ермей, нақты фактілерге сүйенбесе алданғаны алданған.
Хайп пен сенімнің арақатынасын ажырату қоғамдағы интернет мәдениетінің сапасын анықтайды. Бұл мысалдар қазіргі цифрлық дәуірдегі адам мен контент арасындағы күрделі қатынасты көрсетеді. Біз сөз еткен кейіпкерлердің тарихы жастарға сабақ, ал қоғамға ой салатын тақырып ретінде кеңінен қарастырылуы тиіс.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ




