Қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын еске салып, қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Тараз қаласында «Қауіпсіз қала» айлығы аясында ауқымды өрт қауіпсіздігі рейді өтті. Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасы ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – өрттің алдын алу, төтенше жағдайлардың қаупін азайту және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру.
Алдымен қаланың орталық алаңында рейдке қатысатын барлық мекемелер саптық түгелденуден өтті.
– Өрт қауіпсіздігіне бағытталған рейдтердің тұрғындарға беретін көмегі мол. Суық мезгілде өрт пен улы газдан зардап шегу қаупі артады. Осы тұста біздің мамандар қарапайым газ қолдану ережелерін түсіндіріп, үй-жайлардың талаптарға сайлығын тексеріп, кемшіліктерді түзетеді, – деді Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Назар Нұржанов.
Мұнан кейін қатысушылар тұрғын үй секторларына аттанды. Құтқарушылар мен еріктілер үй-үйді аралап, тұрғындарға пешті, электр және газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндірді. Мұржалар мен желдету жүйелерінің жағдайын тексерді. Әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтардың үйлеріне ерекше назар аударылды. Мұндай үйлерде мамандар көмірқышқыл газының датчиктерін орнатып, жылыту жүйелерінің жарамдылығын қарап, қажет болған жағдайда мұржаларды тазартты.
Коммуналдық қызмет өкілдері жөндеу мен тазалау жұмыстарына көмектесті. Ал еріктілер жадынамалар таратты. Сонымен департамент қызметкерлері қоғамдық орындарда да түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– Бұл акцияның басты мақсаты – адамдарға қауіпсіздік ең алдымен өз үйінен басталатынын ұқтыру. Мұржаны дер кезінде тазалау, қосулы тұрған құрылғыларды қараусыз қалдырмау, сымдардың жарамдылығын тексеріп тұру секілді қарапайым ережелердің өзі қайғылы жағдайдың алдын алады, – дейді Назар Нұржанов.
Іс-шара соңында орталық алаңда құтқарушылар мен өртсөндірушілер техникалық көрме ұйымдастырды. Қала тұрғындары өрт сөндіру көліктерін, гидранттар мен құтқару кезінде қолданылатын арнайы құралдарды тамашалады.
Жылыту маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету – барша тұрғынның ортақ міндеті. Тек бірлескен жауапкершілік пен сақтық қана апаттың алдын алып, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




