Өткен жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дерттің алдын алу үшін жатыр мойны обырын тудыратын вирус – адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау жүргізу туралы шешім қабылдады. Профилактикалық іс-шаралар өңірімізде де белсенді жүргізілуде.
Қаңтар айының басынан облыста онкологиялық ауруларға қарсы күрестің кешенді жоспары аясында «Жатыр мойны қатерлі ісігі туралы ақпараттандыру айлығы» өтіп жатыр. Бұл іс-шара облыс тұрғындарын қатерлі ісік аурулары туралы ақпараттандыру мен алдын алу жұмыстарын күшейту мақсатында ұйымдастырылған.
Дәрігерлердің айтуынша, жатыр мойнының қатерлі ісігі (ЖМҚІ) – әйелдер арасында ең кең тараған және жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Әдетте бұл ауру 40-60 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездеседі, бірақ соңғы жылдары аурудың «жасарып» бара жатқаны алаңдаушылық тудырып отыр.
Облыста 2024 жылдың қорытындысы бойынша жатыр мойны обыры диагнозымен диспансерлік есепте 663 әйел тіркелсе, оның 95-і алғаш рет есепке алынған. Бұл көрсеткіш 100 000 әйелге шаққанда 4,1-ге тең.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2022 жылы әлемде 660 000 әйелге жатыр мойны обыры диагнозы қойылған және шамамен 350 000 әйел осы аурудан қайтыс болған. Ал Қазақстан осы ауруды жұқтыру дерегі бойынша 5-орында.
Ескере кетерлігі, жатыр мойны қатерлі ісігі – алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық ауру. Жатыр мойны обырын ерте диагноз қойылған жағдайда емдеуге болады. Мысалы, бірінші сатыдағы жатыр мойны обырын емдеудің тиімділігі 80 пайыздан 90 пайызға дейін жетеді.
Жатыр мойны обырының жиілігі 1950 жылдардан бастап айтарлықтай төмендеді. Бұл төмендеудің негізгі факторы – Пап сынағы (немесе Пап жағындысы). Пап сынағы жатыр мойнындағы жасушалық өзгерістерді анықтап, қатерлі ісікке дейінгі жағдайларды ерте кезеңде тауып, емдеуге мүмкіндік береді.
Жатыр мойнының қатерлі ісігін ерте анықтау – сәтті емделудің басты жолы. Скринингтік тексерулер, соның ішінде цитология қатерлі ісікті бастапқы кезеңдерде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тексеру түрі ауруды ерте кезеңде анықтап, оның әрі қарай дамуына жол бермейді. Осылайша әйелдердің өмірін сақтап қалу мүмкіндігі артады.
Облыста былтыр 47 541 әйел скринингтен өтсе, олардың 4,8 пайызында обыр алды өзгерістер анықталған. Сонымен қатар 26 қатерлі ісік жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіштер де ерте анықтау мен алдын алу шараларының маңыздылығын тағы да дәлелдейді.
Мамандар кеңесіне сүйенсек, жатыр мойнының қатерлі ісігінің алдын алу үшін бірнеше шаралар қабылдануы керек. Салауатты өмір салтын ұстану, жеке гигиена туралы ақпараттандыру, тұрақты скринингтен өту, обырға қарсы вакцинациялау аурудың алдын алудың ең негізгі қадамы. Ауруға қарсы екпені әсіресе қыз балаларда 11 жастан бастап жүргізу маңызды.
Адам папилломавирусы жатыр мойны обырының шамамен 70 пайызын тудырады. Жатыр мойны обырының алдын алу HPV-ге қарсы вакцинация арқылы жүзеге асырылады. 9 мен 26 жас аралығындағы қыздарға вирустың штамдарынан қорғану үшін HPV вакцинасын алу ұсынылады. Сондай-ақ вакцинация вирустың ықпалынан туындаған қатерлі ісік ауруларын болдырмауға көмектеседі.
Қатерлі дерттен сақтану, халықты ақпараттандыру мақсатында 18 қаңтарда облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында «Ашық есік күні» өтті. Іс-шара аясында 37 әйел медициналық көмек алды. Олардың 11-і ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, 6 әйел жатыр мойнының ауруларын ерте анықтау мақсатында цитологиялық тексеруден өтті. Барлық қызметтер тегін негізде көрсетілді және әйелдерге өз денсаулығын тексерту үшін ыңғайлы мүмкіндік берілді.
Бақытжан БЕКБОЛАТОВ,
журналист