Шын мәнінде кортизол – ағзада күн сайын үздіксіз жұмыс істеп тұратын, өмір сүру үшін қажетті гормон. Кортизол болмаса, біздің ағзамыз күйзеліске қарсы тұра алмайды, сыртқы өзгерістерге бейімделу қабілеті төмендейді. Тіпті күнделікті өмірдегі ең қарапайым таңертең ояну, жұмысты бастау, физикалық күш жұмсау секілді әрекеттерді орындау қиынға соғар еді. Дәрігерлердің айтуынша, мәселе гормонның өзінде емес, оның тепе-теңдігін қамтамасыз ететін жүйенің бұзылуында.
Кортизол – бүйрекүсті безінің сыртқы қабатында түзілетін, метаболизмнің әр саласына әсер ететін негізгі гормондардың бірі. Ол ақуыз, көмірсу және май алмасуын реттей отырып, ағзаға қажетті энергияны қалыптастырады. Қабыну процесін басуға көмектеседі, тіпті жараның жазылуына да әсер етеді. Таңертең оянған кезде оның деңгейі жоғары болуы заңдылық. Бұл организмнің табиғи «оятқышы» іспетті, яғни адамның бойы да, ойы да сергиді, күш-қуаты артады. Ал кешке қарай оның төмендеуі – ұйқыға бейімделудің бір бөлігі.
Дені сау адамның организмінің тәулігіне 15-30 миллиграмм кортизол бөлуі қалыпты. Алайда созылмалы стресс, жеткіліксіз ұйқы, дұрыс тамақтанбау, эмоциялық күйзеліс немесе эндокриндік аурулар кортизол деңгейінің ұзақ уақыт жоғары болуына әкеледі. Әлеуметтік желілерде дәл осы жағдайға байланысты көбіне кортизол «зиян» деген түсінік пайда болуда.
Кортизолдың ағзадағы рөлін тереңірек білу үшін облыстық көпбейінді аурухананың жоғары санатты эндокринолог дәрігері Эльмира Ағабаеваға жүгіндік. Дәрігер гормон туралы жиі айтылатын қате түсініктердің алдын алып, кортизол деңгейі өзгергенде ағзада қандай процестер жүретінін нақтылап берді.
– Кортизол – ағзаның қорғаныш тетігі. Біз өмір бойы стресске тап боламыз. Адам ауыр жүк көтергенде, қорыққанда, уайымдағанда немесе ұзақ уақыт аш жүрсе, ағза ең алдымен кортизолды қолданады. Ол жүрек соғысын жиілетеді, энергияны бұлшықетке бағыттайды, адамды қауіптен құтқаратын жылдам реакция береді. Сондықтан кортизолды «зиян» деп қабылдау дұрыс емес. Ол бізге керек. Бірақ кейде оның деңгейі шамадан тыс ұзақ жоғарылап тұрады, – дейді дәрігер.
Эльмира Жүсіпбайқызының айтуынша, кортизол деңгейінің ұзақ уақыт жоғары болуы ағзада күрделі өзгерістер тудырады.
– Қандағы глюкоза деңгейі артады, инсулинге сезімталдық төмендейді. Бұл – қант диабетіне жақын күй. Қан қысымы көтеріледі. Сүйек тіні кальцийді жоғалтады, остеопороз пайда болады. Бұлшықеттер әлсіреп, адам тез шаршайды. Терінің жұқаруы, жараның баяу жазылуы, іш аймағындағы қызғылт-күлгін созылу іздері – кортизолдың жоғары деңгейінің нақты белгілері. Соның салдарынан иммунитет те төмендейді. Ағза бұрынғыдай қорғана алмайды. Бұл өзгерістер кортизолдың зияндылығынан емес, оның реттелуінің бұзылуынан болады, – деп түсіндірді маман.
Дәрігердің сөзіне сүйенсек, кортизолдың қалыптан тыс бөлінуіне себеп болатын жағдайлар аз емес. Ол бүйрекүсті безіндегі түйіндер, гипофиз бен бүйрекүсті безінің арасындағы байланыстың бұзылуы, ұзаққа созылған эмоциялық жүктеме, созылмалы ұйқысыздық, гормондық препараттарды бақылаусыз қолдану – бәрі де гормон тепе-теңдігіне әсер етеді.
Кортизол деңгейінің ұзақ уақыт жоғары болуы семіздікке, зат алмасу бұзылуына, депрессияға, мазасыздықтың артуына әкеледі. Ұйқы сапасы нашарлайды, көңіл күй құбылып тұрады. Кей адамдарда қалқанша безінің жұмысы өзгеріп, жылдам шаршағыштық, шаштың түсуі, салмақтың өзгеруі байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайлар адамның өмір сапасын айтарлықтай нашарлатады. Сондықтан симптомдарды ерте байқаған жөн.
Кортизол деңгейін анықтау үшін бірнеше диагностикалық әдіс қолданылады. Ең кең тарағаны – таңертеңгі қан талдауы. Ол гормонның жоғарғы күйін көрсетеді. Сонымен қатар тәуліктік зәр сынамасы бір күн ішіндегі орташа көрсеткішті анықтайды. Сілекей талдауы да жиі қолданылады. Себебі ол кортизолдың тәуліктік ырғақ бойынша өзгерісін көрсетеді. Дәрігерлер өз бетінше талдау тапсырып, нәтижені интернеттегі ақпаратқа сүйеніп түсіндіруден сақтандырады. Өйткені әрбір көрсеткіш адамның жасына, өмір салтына, қабылдап жүрген дәрілеріне байланысты өзгеріп отырады.
Кортизол деңгейін қалыпқа келтіру үшін көбіне өмір салтын дұрыстау жеткілікті. Эльмира Ағабаева ең алдымен ұйқыға назар аударуды ұсынады.
– Адам күніне 7-8 сағат ұйықтауы керек. Ұйқының үнемі жетіспеуі – кортизолды жоғары ұстап тұратын негізгі факторлардың бірі. Түнгі уақытта ағза қалпына келеді. Сондықтан ұйқы – гормон тепе-теңдігінің басты кепілі.
Сонымен бірге дұрыс тамақтану, күнделікті қозғалыс, баяу жүгіру, серуендеу, жеңіл жаттығулар да кортизолды табиғи түрде төмендетеді. Психологиялық денсаулыққа көңіл бөлген де абзал. Күйзелісті басқару үшін тыныс алу жаттығулары, йога, медитация, массаж, қажет болса психологпен жұмыс істеу көмектеседі.
Тамақ рационында көк шай, ашытылған сүт өнімдері, банан, авокадо, құрамында антиоксиданттар мол өнімдер болғаны дұрыс. Қантты шамадан тыс тұтыну, фастфуд және кешкі уақытта ауыр тамақтану керісінше гормон деңгейін арттыра түседі, – дейді дәрігер.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ



