Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Зейнетақы мөлшері артты

Зейнетақы мөлшері артты
Ашық Дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбековтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Басқосуда Аслан Ұланұлы 2025 жылғы зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері туралы айтып берді.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс бойынша ортақ зейнетақы алушылардың жалпы саны 139 181-ді, базалық зейнетақы алушылардың саны 132 684 адамды құраған. Осы жылы зейнетақы мен жәрдемақылардың барлық түрлерінің мөлшері ұлғайтылған. Жыл басынан бері қалыптасқан зейнеткерлер үшін ынтымақты зейнетақы мөлшері 8,5 пайызға артқан.

– Биыл ең төменгі зейнетақы мөлшері 62 771 теңге болды. Бұл 1998 жылға дейін толық жұмыс өтілі бар азаматтарға арналған ең төменгі жасына байланысты зейнетақы төлемі. Ерлер үшін еңбек өтілі – 25 жыл, әйелдер үшін – 20 жыл. Егер еңбек өтілі аз болса, төлем мөлшері де пропорционалды түрде төмендейді. Базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің жыл сайынғы өсуіне және оның ең төменгі мөлшерін 60 пайыздан 70 пайызға дейін арттыруға байланысты ұлғайды. Зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімі 10 жылға дейін болса, азаматтар базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін алады. Ол қазір ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең – 32 360 теңге. Ал 10 жылдан асқан әрбір толық жыл үшін төлем 2 пайызға өседі. Базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері 30 жыл немесе одан көп еңбек өтілі бар азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110 пайызы – 50 851 теңге болып белгіленді. 2023-2027 жылдар аралығында ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері кезең-кезеңімен 54 пайыздан 70 пайызға, ал ең жоғарғысы 100 пайыздан 120 пайызға дейін көтеріледі. 2025 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 932 теңгеге жетті. Мемлекеттік бюджеттен бала туғанда біржолғы жәрдемақы төленетіні белгілі. Бірінші, екінші және үшінші балаға – 149 416 теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК, яғни 247 716 теңге беріледі. Сонымен қатар жұмыс істемейтін аналарға бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы қарастырылған. Бірінші балаға – 22 649 теңге, екінші балаға – 26 777 теңге, үшінші балаға – 30 867 теңге, төртінші және одан көп балаға 34 995 теңге төленеді. Ал жұмыс істейтін аналар үшін бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер олардың орташа айлық жалақысына байланысты есептеледі. 2025 жылдан бастап бұл төлемдер бала 1,5 жасқа толғанға дейін жүргізіледі, – деді А.Оразбеков.

Сонымен қатар спикер мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін, көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағы мен «Ана даңқы» ордендерінің І және ІІ дәрежесімен марапатталған аналар үшін арнайы белгіленген жәрдемақы жайын да кеңінен баяндады.

Өткен жылдың басынан бастап зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда және кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлегендерге арнаулы әлеуметтік төлем беріле бастапты.

Сондай-ақ 2023 жылы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу ережелері қабылданған екен. Осыған байланысты қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың балалары да өтемақы алу құқығына ие болған. Бүгінде 1 559 адамға 232 миллион теңгеден астам қаржы төленіпті.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар