Жиында Ербол Қарашөкеев Жазушылар одағының ел бірлігін нығайтып, ұлт руханиятын байыту жолында атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалайтынын айтты.
– Құрметті зиялы қауым өкілдері! Бүгін өздеріңізбен тағы да кездесудің сәті түсіп отыр. Осыған дейін Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қалыптасқан дәстүр бойынша кездескен болатынбыз. Өздеріңіз білетіндей, былтыр Алматыда руханиятымыздың алтын діңгегі – Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойы аталып өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген барша қаламгерлерге шынайы ризашылығын білдірді. Президент Жазушылар одағы ұлттық интеллигенцияның басын қосып отырған қарашаңырақ екенін атап өтіп, ақын-жазушылардың халық әдебиетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, қоғамның бірлігін нығайтудағы еңбегін жоғары бағалады. Әлбетте, әдебиет пен мәдениетті қолдау бірреттік шаралармен шектелмейтіні белгілі. Осы жылы облыста «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алды. Бұл жоба аясында әсіресе жастарды, балаларды кітап оқуға ынтыландыру мақсатында көптеген шара жүзеге асатын болады. Сонымен қатар облыста 2025 жылға арналған республикалық және облыстық деңгейде аталып өтілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесі жинақталды, – деді Ербол Қарашөкеев.
Кездесу барысында Мереке Әбдешұлы облыс әкімін Жазушылар одағының жұмысы мен алдағы жобалары жайында хабардар етіп, ұсыныстарын ортаға салды.
Атап айтқанда, Тараз қаласында шығармашылық үйін салу, өзге өңірлерде еңбек етіп жүрген әдебиет өкілдеріне «Жамбыл топырағында туған көрнекті қаламгерлер», Шерхан Мұртаза атындағы «Қызыл жебе» әдеби сыйлықтарын тағайындау, жыл сайын Шерхан Мұртазаның туған күніне орай ауқымды форум өткізу, қала орталығынан қаламгерлер аллеясын ашу, Жазушылар одағының облыстық филиалының мүшелеріне стипендия беруді қарастыру сынды бірқатар мәселені алға тартты.
Жүздесуде тараптар облыс қаламгерлерінің мәселелерін талқылап, өңіріміздің әдеби, мәдени, рухани өмірін жаңа белеске көтеру жайында пікір алмасты. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы басқарма төрағасының ұсыныстарына қолдау білдіретінін жеткізді. Сондай-ақ биылдан бастап аймақтағы Жазушылар одағының мүшелеріне 500 мың теңге көлемінде стипендия берілетінін айтты.
Кездесу барысында бірқатар ақын-жазушы «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атанды. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, драматург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қайырбек Асанов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібаев бар.
Басқосуда ақын Жұлдыз Бейсекова мен Нұржан Әліш Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, куәліктері табысталды.
Сонымен қатар жазушы Пернебай Дүйсенбин, драматург Елен Әлімжан, ақын Шырын Мамасерікова сөз сөйлеп, өңірдің әдеби өміріне қатысты ойларын айтты.
Айжан ӨЗБЕКОВА