Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Моноқалада шешімін таппаған мәселе көп

Моноқалада шешімін таппаған мәселе көп
Ашық Дереккөз
Біз Кеңес одағының дүркіреп тұрған кезінде Қаратау қаласында тұрдық. Жоғары оқу орнын аяқтадық, ержеттік, еңбекке араластық. Сол жылдары Қаратау қаласында 60 мыңдай халық күн кешетін. Шағын шаһардың атағы ірі кәсіпорындарымен, фосфорит кенімен шартарапқа жайылып тұрды. Тәуелсіздік алған жылдары өндіріс ошақтарының жұмысы тоқтап, қала тұрғындары жан сауғалап, Алматы, Ақтау және Атырау өңірлеріне қоныс аударуға мәжбүр болды. Өзге ұлт өкілдері өз елдеріне қайта оралды. Бүгінгі таңда қалада 25 мыңнан астам халық өмір сүреді екен.

Өкініштісі сол, моноқаладан көшу әлі күнге дейін саябырлаған жоқ. Оған дәлел, тұрғын үйлер қақпасына ілінген «үй сатылады» деген жазу. Мұндай жарнамасы бар үйлерден көз сүрінеді.

Қаратау қаласына соңғы рет барғанымда кезінде қаңырап бос қалған көпқабатты тұрғын үйлердің қайта қалпына келтіріліп, ел игілігіне пайдалануға беріліп жатқанын байқадым. Алайда тәуелсіздік алған 33 жыл ішінде қалада бірде-бір мәдениет ғимараты салынбапты. Тоқырау жылдарында қаншама ғимарат қиратылды, тұрғын үйлер бұзылды. Шаһарда қалалық кітапхана салынып, енді пайдалануға беріледі дегенде қаржы жоқтығынан сол күйі ашылмай қалды. Қараусыз қалған ғимарат тоналып, жермен-жексен болып тегістелді.

Қазіргі таңда Қаратау моноқала ретінде қайта өркен жая бастады. Мемлекеттен қаржы қарастырылып, жолдар асфальтталып, егесіз көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп, халыққа беріліп жатыр.

Өкінішке қарай, қаладағы 9 қабатты екі тұрғын үйді жөндеуге келгенде біреуінің шатырын жауып, екіншісіне қаражат жетпеді ме, аяқсыз қалыпты. Қос тұрғын үйдің сегізінші және тоғызыншы қабаттарын жақсылап күрделі жөндеуден өткізіп, есік-терезелерін бүтіндеп, үй кезегінде тұрған жастарға неге бермеске?!

Сонымен қатар қалада оқушылар мен жастарға арналған мәдениет нысандары жоқтың қасы. Қаладағы мектептерде түрлі үйірмелермен, робототехника сабақтарын өткізу өз деңгейінде емес. Сондықтан аудан орталығынан «Оқушылар сарайы» салынса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қаратау қаласындағы мәдениет үйінде қалалық орталық кітапхана орналасқан. Бұл кітапхана шаһар жастарының сұранысына сай келмейді. «Балалар мен жасөспірімдерге арналған заманауи кітапхана қажет» деп қала тұрғындары біраздан бері бастама көтеріп жүр екен. Қаратаулықтардың орынды ұсынысы қолдау тауып, осы жылы әкімдіктен қаражат бөлініп, руханият ордасының құрылысы басталса деген тілегімізді жеткізгіміз келеді. Мәдениет ошағына сатирик ақын Шона Смаханұлының есімі берілгені дұрыс. Өткен жылы шоқ тілді Шона ақынның 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Мерейтойға орай аудан орталығындағы саябаққа Таластан шыққан тұлғаның есімі берілсе қандай жарасымды.

Сондай-ақ қаланың орталық көшелерінің бірінен «Жастар театрын» салатын кез келген секілді. Руханият ордасы өсіп келе жатқан жастар үшін тәрбие ошағына айналар еді.

Аудан орталығындағы аурухана, мектеп, колледждерде маман тапшылығы байқалады. «Дипломмен – ауылға!» секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында моноқалаға білікті жас кадрлар көптеп тартылса дейміз. Сол секілді шағын және орта бизнес ашамын деген кәсіпкерлерге қаржылай мүмкіндіктер қарастырылса, қалада сүт өңдейтін зауыт, наубайхана, тоқыма және тігін фабрикаларын ашуға мүмкіндік туады. Игілігін ел көріп, қаншама тұрғын жұмыспен қамтылып, екі қолға бір күрек табады.

Моноқалалар – Қаратау мен Жаңатастың арасында 20 орындық қоғамдық көлік жүріп тұрса, жолақы бағасы тұрғындар қалтасына ауыр соқпас еді. Бір білетінім, Қаратаудан Таразға 7 орындық микроавтобус, яғни газельдер қатынайды. Бағасы өте қымбат. Осы мәселе де атқамінерлер құлағына жетсе екен дейміз.

А.Аққошқаров,
М.Камалиденов,
Қаратау қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар