Жиында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіздікті арттыру, тұрғындармен кері байланысты нығайту және МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) пен ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Форум жұмысына «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен коммуналдық сала өкілдері, сондай-ақ өңірдегі МИБ және ПИК басшылары қатысты.
Жиында сөз алған Шолпан Каринова жобаның негізгі мақсаты көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешу екенін айтты.
– «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелерді нақты шешуге бағытталған. Бұл бағытта МИБ және ПИК төрағаларын оқыту, тұрғындармен кері байланысты күшейту, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмысты жолға қою, аулаларды абаттандыру және «Халық қатысатын бюджет» тетігін кеңінен пайдалану көзделіп отыр. Бұған дейін мұндай форматтағы жұмыстар еліміздің бірнеше өңірінде жүргізіліп, тиімділігін көрсетті. Мәселен, төрт айда Астанада ашылған жобалық фронт-офисте 114 өтініш қабылданып, 67 мәселе бойынша кеңес берілді.Тариф, жарықтандыру, лифт, интернет сапасы және қауіпсіздік мәселелері – тұрғындар үшін ең өзекті тақырыптар. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Жыл басынан бері осындай форум-семинарлар11 өңірде өткізілді. Ендігі мақсат – осы тәжірибені Жамбыл облысында да жалғастыру, – деді Ш.Каринова
Өз кезегінде Ербол Шырақпайұлы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселелері әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды екенін, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейіне тікелей әсер ететінін жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, басты міндеттердің бірі – көпқабатты тұрғын үйлерді басқару ісіндегі ашықтықты күшейту, тұрғындардың сенімін арттыру және жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру.
– Осы бағытта облыста тұрғын үй қорын басқару саласындағы реформаларды жүйелі түрде іске асыру арқылы басқару субъектілерінің жауапкершілігін, ашықтығын және қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдануда. Облыс аумағында 2 101 көппәтерлі тұрғын үй болса, 1 921-і кондоминиум нысаны ретінде тіркеуге жатады. Бүгінде 1 811 үй тіркелген. Жыл соңына дейін қалған 110 көппәтерлі тұрғын үйді тіркеу жоспарлануда, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жиында Мұқаш Ескендіров елімізде тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында маңызды заңнамалық шешімдер қабылданып жатқанын мәлімдеді.Ал Қанат Мыңбаев көпқабатты тұрғын үйлерді басқару саласындағы қордаланған мәселелер туралы ойын ортаға салды.Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков облыс орталығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.Форум барысында пәтер иелері кооперативі ассоциациясы төрағасының орынбасары Елена Цой мен «Ел аман – 2023» басқарушы компаниясының директоры Мирасхан Дауылбаев сөз сөйлеп, жобаның тұрғындардың мүддесін қорғаудағы рөліне жан-жақты тоқталды.Форум соңында қатысушыларға арналған оқыту семинары өтіп, тұрғын үйді басқару саласындағы тәжірибелік дағдыларды арттыруға мүмкіндік берілді.
Айжан ӨЗБЕКОВА




