Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тараздық вайнердің туындылары трендтен түспейді

Тараздық вайнердің туындылары трендтен түспейді
Ашық Дереккөз
Соңғы кезде тараздық жайдарманшы Еламан Юсуптың бейнероликтері әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинап, көрерменнің ықыласына бөленуде. Еламан күнделікті өмірдегі түрлі жағдайларды әзіл әнмен жеткізіп, ерекше стиль қалыптастырған вайнерлердің бірі ретінде танылып келеді. Табиғи актерлік шеберлігі мен тапқырлығы оның бейнероликтерінің кең таралуына ықпал етуде.

Еламан университетте оқып жүрген кезінде қасына достарын жинап, «Медиум» атты топ құрып, «Jaidarman» сахнасында өнер көрсетуге бел буады. Әрине, бірден жоғары лигада ойнау мүмкін емес. Алдымен факультетаралық «Jaidarman» ойынынан бастап, қалалық, облыстық, аймақтық ойындарда жеңімпаз атанып, «Жоғары лигаға» жолдама алады. «Медиум» командасы 2018 жылы «Жамбыл облысы әкімінің кубогын», 2019 жылы «Нұр Отан кубогын» жеңіп алған. Команда екі жыл қатарынан республикалық «Премьер лига» ойынының жартылай финалына дейін барып, 2021 жылы республикалық «Жоғары лига» ойынының ширек финалына жеткен. Жігіттердің жетістігі мұнымен тоқтаған емес. Қызылорда қаласында өткен республикалық «Tour.Battle.Show» жобасының бас жүлдесін жеңіп алып, «Елорда кубогы – 2023» жобасының күміс жүлдесін қанжығаларына байлаған.

– Негізі Шу ауданында дүниеге келгенмін. Бала күнімде ата-анам Қарағанды қаласына қоныс аударып, бүгінде сол жақта тұрып жатыр. Отбасымызда екі ағайындымыз. Алдымда арқасүйер ағам бар. Әкем талай жыл әскери салада қызмет атқарды. Анам үй тірлігі, бала тәрбиесімен айналысқан. «Jaidarman» ойнауды оқушы кезімде бастадым. Ол кезде мектепаралық лигалар болатын. 2017 жылы Тараз қаласына оқуға түстім. Сөйтіп, достарымның басын қосып, команда құрдым. 2018 жылы «Әулиеата» ашық лигасына алғаш рет қатысып, жеңімпаз атандық, – дейді жайдарманшы.

Еламан бүгінде «Ұnight Show» телебағдарламасында өнер көрсетуде. Аталған бағдарламада «Ұрлайық» айдарын жүргізіп, «Рэп батл» бөлімінде жалғыз өзі барлық құрамға қарсы жарысып, көрерменнің көңілінен шығуда.

– Бірде «Фемида Ақтөбе» командасының капитаны, жайдарманшы Есет Мұрзағазиевтен ұсыныс түсті. «Ұnight Show» бағдарламасының құрамын толықтыру мақсатында талантты жастарды іздеп жатыр екен. Шақырту алғаннан кейін Алматы қаласында жоба жетекшілерімен келісіп, дайындыққа кірісіп кеттік. Түсірілім барысында бағдарламаның бас продюсері Ақылбек Досжанов, жоба жетекшілері Еркебұлан Мырзабек пен Марат Оралғазин, сондай-ақ жайдармандағы ағаларымыз қолдау көрсетудан жалыққан емес, – дейді Еламан.

Сөз басында айтып өткеніміздей, кейіпкеріміз рэп жанрында әзіл ән шығарып, бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желінің жұлдызына айналды десек те артық айтқанымыз емес. Әр бейнебаян өмірлік оқиғаға негізделіп түсірілген. Мәселен, алғашқы жарияланған бейнероликте студент жігіттің демалыс кезінде ауылына келуі көрсетілген. Жатақханадан шаршаған бала үйіне келіп, ата-анасымен көріскеннен кейін үй тірлігімен айналысуды жөн көреді. Алайда анасы алғашқы күні ешқандай жұмыс істетпей, ертеңіне бар тірлікті мойнына жүктейді. Әрине, аналарымыздың бұл әрекеті қате деуге келмейді. Себебі ана деген алып есімді көтеріп жүрген асыл жандар отбасының, балаларының жағдайы жақсы болғанын қалайды. Оқиға желісін әзіл әнге келтірген Еламан сөз соңын ойсаларлық әсерде түйіндейді.

«Мен былай ойлаймын, тең келмейтін алтынға,
Сені уайымдайтын ыстық, суық, салқында.
Жұмсап жатса көмектес, айтқанын қыл бар тыңда,
Мама сені жақсы көрем дәл осындай қалпыңда», деген жолдары тыңдаған адамды тебірентері анық. Бұл бейнеролик «Instagram» желісінде 3 миллион қаралым жинап, оқырмандар алғашқы күннен-ақ белсенділік танытып, ыстық лебіздерін білдіруде.

– Бейнеролик түсіру жайдармандағы Қасиет Кәрім ағамыз әрі ұстазымыздың идеясы. Біз онымен біраздан бері әлеуметтік желіге қандай контент жасауға болады деп ақылдасып жүрдік. Қасиет ағамыз өмірлік оқиғаларды әзілге түсіріп, «Рэп» стилінде айтып шығуды ұсынды. Алайда бұл бағыттың қиын екенін айтты. Дегенмен қиындығына қарамай осындай туындыны жасауға бел буып, жасап көрдік. Енді «Рэп» дегенді көп адам басқаша түсінетін болғандықтан, оның сөзі, құрылу жолдары, айтылуы секілді маңызды бөліктеріне мән береміз. Бұл туындылардың сөздерін айтыскер ақын Медеу Мырзатай досым жазуда. Шүкір, әлеуметтік желілерде оқырманның көңілінен шығып жатқанына қуанып жатырмыз, – дейді Еламан.

Ал екінші жарияланған бейнероликте әпке мен іні арасындағы оқиға бейнеленеді. Бұл бейнеролик те әлеуметтік желіде трендке айналып, он мыңға жуық адам пародия жасауда. Аздаған уақыттың ішінде«Tik Tok» желісінде 6 миллионнан астам қаралым жинап үлгерген. Ал пародия жасап, әлеуметтік желіге жүктеген әрбір оқырманның бейнероликтері миллион қаралымнан асып жатыр.

– Әлеуметтік желілерде жекеме «Қыздың рөлін ойнауға ұялмайсың ба?», «Неге қыз болып киінесің?» деген секілді хаттар келіп жатады. Бәріне бұл жай ғана кейіпкер, мен одан қыз болып кетпеймін деп түсіндіріп жүрмін. Расында қазақ әзіл-ысқақ майталмандарының көбісі әйел бейнесінде рөл ойнап, сахна қойылымдарында да сомдаған кездері болған. Мен ол жағынан қысылмаймын. Мен өзім мектеп кезінен бастап қыз-келіншектердің рөлін көп ойнайтынмын. Әлеуметтік желіге бейнероликтерді жүктерде аса сақ болуға тырысамыз. Мәселен ең алғашқы бейнеролик аналар жайында болды. Әр бейнероликті түсіруде де бірнеше қиындықтар болады. Әрине дәл қазір әртістік тәжірибе аз болғандықтан, кез келген кейіпкерді сомдау қиындық туғызады. Дегенмен барлығы бірден болмайды. Сол себепті халықтың көңілінген шығатын туынды ұсынуға барынша тырысамыз, – дейді Еламан Юсуп.

Әрине мұндай кейіпкерлерді сомдау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бір өзі барлық рөлді алып шығу актерға да қиындық туғызатыны белгілі. Мәселен соңғы жарияланған, несие туралы бейнеролигінде 6 адамның рөлін жалғыз өзі ойнап шыққан. Бұл бейнеде барынша несие алмауға тырысу керектігін жеткізеді. Несиені несие алып өтемеу, несиеге тамақ ішіп, киім алмау және несиеге той жасау секілді маңызды мәселені көтерген.

Аздаған уақыт ішінде әлеуметтік желінің жұлдызына айналып, түсірген бейнероликтері трендтен түспей жүрген Еламан Юсуптың шығармашылығына толағай табыс тілейміз. Өнер жолындағы жұлдызы жарық болсын дейміз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар