Шыны керек, ойын-сауық орталықтарында ұйымдастырылған туыстардың, достардың балаларының сүндет тойлары мен туған күндеріне барып жүргенде бұл мәселені бұрын-соңды байқай бермеген едік. Аниматорлардың ұйымдастырған шоуларын тамашалап, балалардың ойындарға қалай белсенді қатысып жатқанын сырттай бақылаумен ғана шектеліп жүрдік қой. Бірақ жақында ғана Өрмекші адам кейпіндегі аниматорды жақыннан көріп, шынымен де ерсі екенін байқап, ұялғаннан басты шайқадық. Киімінің тар болғаны соншалық, дене мүшелерін айқындап көрсетіп тұр. Онысынан ұялмай, балалардың ортасында шапқылап жүргені тіпті ыңғайсыз сезім қалдырады. Бұл балалар үшін аса маңызы болмауы мүмкін, бірақ үлкендер үшін ұят жағдай. Осы секілді мәселелер әлеуметтік желілерде де талқыланып, ата-аналар наразылықтарын білдіріп жатыр. «Мұндай кейіпкерлер балаларға арналған ба, әлде олардың аналарына ма?» деп бірі әжуалап жазса, енді бірі мұны тіпті сайқымазақтыққа теңеп, аниматорлардың киім үлгісіне сын айтқан.
Кейбір ата-аналар үшін аниматорлардың әрекеті мен киім үлгісі қалыпты болып көрінсе, енді бірі оны біздің мәдениетімізге сай емес деп есептейді. Әрине, мұндай кейіпкерлер әлемдік мәдениеттің бір бөлігіне айналды, бірақ оларды ұлттық ерекшелігімізге сай етіп бейімдеуге не кедергі?
Батыстық қаһармандардың танымалдылығы олардың үздіксіз жарнамалануында жатыр. Киноиндустрия мен анимация бұл кейіпкерлерді жаһандық брендке айналдырды. Балаларға арналған тауарлар, ойыншықтар, киімдер – бәрінде осы қаһармандардың бейнесі бар. Бірақ қазақ балаларының санасына осындай батыстық қаһармандарды сіңіре бергеннен өзіміздің батырларды насихаттау әлдеқайда маңызды емес пе? Төлеген мен Қыз Жібек, Ер Тарғын мен Қобыланды сияқты тұлғаларды тек эпостардан ғана оқып-білмей, заманауи мәдениетке енгізілсе, балалар оларды да өз қаһармандары ретінде қабылдар еді.
Бұл жерде ең басты мәселе – қазақ батырларын балаларға қызықты әрі заманауи етіп таныстыру. Егер балалар кештерінде аниматорлар Бэтменнің орнына Бейбарыс болып келсе, Өрмекші адамның орнына Ер Төстік бейнесінде өнер көрсетсе, олардың рухани дамуына пайдасы тиер еді. Тіпті бұл кейіпкерлердің костюмдерін де заман талабына сай етіп бейімдеуге болады. Мысалы, Қобыланды батырдың сауыт-сайманын көркем әрі тартымды етіп жасауға да болады емес пе?
Ұлттық кейіпкерлердің насихатталмауының бір себебі – олардың заманауи форматта ұсынылмауы. Голливудтың қаһармандары туралы комикстер, мультфильмдер, фильмдер, ойыншықтар жасалады, ал біздің ұлттық батырларымыз көбіне тек мектеп оқулықтарында ғана кездеседі. Ары асса, тым кішкентай сәбилерге арналған ұсқынсыз анимациялық мультиктер ғана бар. Егер қазақ батырлары туралы анимациялық фильмдер түсіріліп, олар танымал брендке айналса, балаларға да қызықты болар еді. Қазақ аниматорларының бұл бағытта жасап жатқан қадамдары бар, бірақ оны барынша қолдау керек.
Бұл мәселе тек аниматорлар мен ата-аналардың арасында ғана талқыланбай, мәдени саясаттың бір бөлігіне айналуы тиіс. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу тек мектептің немесе балабақшаның міндеті емес, бұл – барша қоғамның жауапкершілігі. Егер ата-аналар өз балаларының мерекелік кештерінде ұлттық кейіпкерлерді таңдаса, сұраныс пайда болады. Ал сұраныс бар жерде ұсыныс та артады. Мәдениет саласындағы мамандар мен кәсіпкерлер осы мүмкіндікті пайдаланып, ұлттық батырларымызды заманауи форматта дәріптеу бағытында жұмыс істесе, бұл қоғам үшін үлкен жетістік болар еді.
Біз батыстық қаһармандарға қарсы шығып отырған жоқпыз, бірақ олардың біздің балаларымыз үшін басты идеалға айналып кетуі алаңдатады. Қазақ тарихындағы тұлғаларды насихаттау тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы керек. Егер аниматорлар қазақ батырларының бейнесінде өнер көрсетіп, оларды балаларға қызықты етіп ұсынса, бұл ұлттық сананың нығаюына, балалардың өз мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Қазір бұл жай ғана ұсыныс секілді көрінуі мүмкін, бірақ ұлттық құндылықтарды насихаттау осындай ұсақ көрінетін қадамдардан басталады.
Айжан ӨЗБЕКОВА