Өнегелі отбасының отағасы Аманбек Қошаев пен 40 жыл отасқан жары Шымыркүл Қошаева да Түктібай ауылында дүниеге келген. Екеуі де №12 М.Әуезов атындағы орта мектептің түлектері. Отағасы Шымкент қаласындағы автомеханика техникумын бітіріп, алғашқы еңбек жолын Мәскеу қаласындағы Лихачёва зауытында шебер болып бастаған. Отан алдындағы азаматтық борышын Әзербайжанның Баку қаласында өтеп келгеннен кейін 1985 жылы Шымыркүл Исабайқызымен отбасын құрады. Одан бөлек Тараз қаласында қосалқы бөлшектер шығаратын зауытта да шебер болып жұмыс істеген. Алғашында Тараз қаласында тұрған жас жұбайлар 1991 жылы ауылға қайта табан тірейді. Қазіргі таңда Қошаевтар отбасы малшаруашылығымен айналысып, сол арқылы несібесін тауып отыр. Ал отанасы «Инженер-технолог» мамандығын алғанымен, тұрмыс құрған соң үйде бала тәрбиесімен айналысқан.
Ерлі-зайыптылардың алдында бір ғана мақсат болды. Ол – балаларын өсіріп, тәрбиелеп, жетілдіру. Құтты шаңырақ иелері ата-аналық борыштарын адал атқарды. Балалары да олардың атына кір келтірген жоқ. Отбасының тірегі әке мен қамқоршысы ананың берген тәлім-тәрбиесін санаға сіңіріп, өмір жолында өнеге ете білген ұл-қыз қашанда қадірлі. Перзенттері әулеттің өрісін кеңейтіп, қоғамнан өз орындарын тауып, түрлі салада жемісті еңбек етіп келеді. Мәселен, тұңғышы Жасұлан Астана қаласында серіктестік директоры болса, қызы Индира да елордада аспаз болып жұмыс істейді. Кенже ұлы Нұрсұлтан мемлекеттік қызметте тер төгуде. Бүгінде ұл-қыздарынан балдай тәтті тоғыз немере сүйіп, ата-ана қуанышы еселеніп отыр.
Аманбек ағаның әкесі Рақымбек кеңшарда тракторшы болған әрі ауылдағы қадірменді, сыйлы қариялардың бірі, ал анасы Задакүл қаншама жыл ауылдың байланыс-пошта саласының дамуына қажырлы еңбек еткен ұлағатты жандар болатын. Өзі де әкесі секілді ауылға сыйлы, беделді азамат. Бойына сіңген тәлім-тәрбие оның кісілік келбетін жоғалтпай, адамдық борышын адал атқаруға міндеттеді. Ауыл-аймақ шаңырақ иесін қандай да бір мәселе немесе игі іс орын алса, басы-қасында жүретін, жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созатын жанашыр азамат ретінде таниды.
«Ерін сыйлаған есікте қалмайды» демекші, жарын құрметтеп, балаларына әкесін қадірлеуді үйретіп, шаңырағының шырайын келтіріп отырған Шымыркүл Исабайқызын қоғамға үлгі боларлық ардақты ана десек, артық айтпаймыз.
– Балаларды қатал ұстадық. Білім алуларына көп көңіл бөлдік. Үшеуі де мектепті үздік бітіріп, грантта оқыды. Шүкір, үшеуі де бауырмал, кез келген жағдайда бір-біріне көмектесуге дайын тұрады. Келіндерім де тәрбиелі. Осы уақытқа дейін сөзге келген емеспіз. Үлкен келінім Бақытгүл Астана қаласында тұрады, қазір үйде бала тәрбиесімен айналысып отыр. Үнемі барған сайын барын алдымызға қойып, жағдайымызды жасайды. Ал қолдағы келін Әйгерім ауыл балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді. Ас үйге жақын, тәтті тағамдар әзірлегенді ұнатады. Бізді сыйлап, жақсы көріп тұрса, одан артық не керек?! – дейді отанасы.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
журналист,
Жуалы ауданы