Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Асанәлі әлемі

Асанәлі әлемі
Ашық Дереккөз
Бір өзі бір дәуір өнерінің бірегей тұлғасы, қазақ драма театры мен киносының ең танымал тарланы, Алаштың ардақтысы Асанәлі Әшімовті қазаққа таныстырып жатудың өзі де артық-ау. Ұлы дала ұлағатына лайық өнерімен, барша көрерменнің көңілінен шыққан дара таланты мен ерен еңбегінің арқасында дарын иесінің есімі шебер актер, ойлы режиссер, қайраткер тұлға ретінде қазақ мәдениеті тарихының бетіне ғана емес, халқының жүрегіне жазылды. Асанәлі Әшімовтің өмірі тар жол, тайғақ кешумен өтсе де, жүрегіне сызат түссе де қиын тағдырына мойынсынбай, бір асудан екінші асуға өтіп, еліне адал қызмет етіп, өнердің биік шыңына көтеріле білді.

Сарысудай киелі де келісті өңірде дүниеге келген Асанәлі соғыс дәуірінің ұрпағы. Жеңіске 20 күн қалғанда қаза тапқан әкесі Әшімнің аяулы алақанының жылуын көрмесе де үлкен әкесі Ысқақтың аталық мейіріне қанып өсті. Әшімовтің әртістік өнерінің алғашқы ұшқыны да сол бала кезінде-ақ білінген екен. Ауылға сирек келетін әртістерге еліктейтін әдет тапқан бозбала Асанәлі келістіріп ән де айтқан.

Соғыс аяқталған соң анасы Тәжіхан жалғызын адам болсын, бір кәсіптің тұтқасын ұстасын деген оймен Алматыға оқуға аттандырды. Мал дәрігері бола ма, зоотехник бола ма – бәрібір. Бірақ бәрі Тәжіхан ана ойлағандай болмады. Құдайдың жазуы деген осы болар, Асанәлінің бойындағы талантты кәсіби түйсігімен сезінген Асқар Тоқпанов: «Көп болса, ауылға бір мал дәрігері кем барар, сен бізге кел», – деп, консерваторияның театр бөліміне оқуға шақырады.

Асанәліге де керегі осы еді. Бала кезінен киноға, театрға әуес Асанәлі студент кезінде-ақ «Ботакөз», «Бір ауданда», «Асау Ертіс жағасында» фильмдеріне түсіп, мол тәжірибе жинады. Есі-дерті кино болып жүргенде сабақтарын жіберіп алып, оқуы 1 жылға үзіліп қалды. Алайда алған бетінен қайтпай, оқу мен тәжірибені қатар алып жүруді жөн көрді.

Актер үшін ең маңызды және үлкен мектеп – театр өнері. Нағыз актер театрда шыңдалады. 1964 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының табалдырығын аттады. Театр сахнасында алғашқы ойнаған рөлі Мұхтар Әуезовтың «Абай» драмасындағы – Айдар. Бұл рөл актердің ары қарай шыңдалуына жол ашты. Бұдан кейін «Қарақыпшақ Қобыландыда» – Шуақ, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» – Қозы, «Еңлік-Кебекте» Кебек болып ойнады. Осылайша өнері одан сайын ұшталып, шеберлігі арта түсті.

Талантымен танылып келе жатқан актерге бірде киноға түсуге ұсыныс түсті. Бұл жолы «Қыз Жібек» фильмінде Бекежан рөлін ойнау керек болды. Шәкен Айманов осы рөлмен қатарласа «Атаманның ақыры» фильміне Қасымхан Шадияров атты сақшының рөліне түсуге шақырды. Фильмнің бас кейіпкері Қ.Шадияровты тек сондай жас адам ойнау керек деп шешкен Шәкен Айманов Асанәліге Бекежан рөлін қойып, осы фильмде ойнауды ұсынды. Сонда Асанәлі: «Келіссеңіздер, екеуін де қабат ойнаймын, қиын болса да үлгеремін, ұятқа қалдырмаймын», – деген екен.

Ол күндерді өнер иесінің өзі: «Бір күннің ішінде түске дейін – Бекежан, түстен кейін – Қасымхан болып ойнаған күндерім болды. Екі рөлдің бір-біріне тигізген көмегі көп болды. Бекежанның эпизодына түсіп келгеннен кейін Қасымхан «оңайлау беріледі». Ыстық қанды, от болып жанып тұрған Бекежан мінезін сәл сабаға түсіре қойсам, Қасымхан мінезін дәл ұстаймын. Өйткені Қасымхан әр қадамын он ойланып, мың толғанып шешетін байыптың, ақылдың адамы. Керісінше, Қасымханнан кейін Бекежанның ішкі жан сарайына кіру тіптен қиын. Оған Қасымхан сияқты ұзақ толғанып, қате қадам жасамауға тырысып отырсаң, аңғал батырдың бейнесінен мүлде аулақтап кетер едің. Сондықтан біраз тер төгіп, алпыс екі тамырыңдағы қаныңды қыздырып алуға тура келеді. Ең үлкен пайдасы деп осы бейнені салыстыра отырып, біріне-бірін өлшем ете алу тәсілінің өзін айтар едім», – деп еске алады.

Кейін екі фильм де жақсы шығып, қазақ киносына жаңалық болып келді. Шадияров бейнесінде Асанәлі Кеңес одағының қас жауы, оны құлату үшін жан аямай күрескен Дутовтың штабына кіріп кетіп, оны талқандап шыққан қазақ сақшысының ойлы, аңдап басқан, сабырға жеңгізген мінезіне қоса, шешуші кезеңдерде батыл, жіті қимыл-әрекеттер жасай алған ерлігін таныта алды. Ал Бекежан рөлдің жаңа трактовкасымен Асанәлі шығармашылығының биік шыңы боп қалды.

«Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдері Асанәлінің атын халыққа кең жайды. Фильм үлкен экранға шығып, Кеңес одағында ғана емес, шетелдерде де көрсетілді.

Кейін ол «Атаманның ақыры» фильмінің 2-сериясы болып түсірілген «Транссібір экспресі» фильмінде Шадияровтан кейінгі тағдырын бейнеледі. Аталған кинолардан кейін де көптеген киноға түскен актер кез келген рөлді аса бір ынтасымен, ықылас қойып ойнады.

Актердің театр сахнасындағы үлкен табысы – үздіксіз ізденіп, өзіне-өзі биік талап қоя қарауының нәтижесі екені даусыз. Театрда бұрын ойналған рөлді қайталап емес, оны жетілдіріп, дамытып, басқаша, жаңаша алып шығуда аянбай еңбек етті, ізденді, өмірден алды. Ол сомдаған тарихи тұлғалардың қайталанбас образдары көпшіліктің театрға, киноға деген қызығушылығын оятты. Ел-жұрт оны екі өнердің тізгінін қатар ұстаған шебер актер деп таныды. Шындығында, мұнда талант күшіне қоса жанын қиған бейнет, аямай тер төккен еңбек бар еді.

Жанат ТОҚБАНБЕТОВА,
облыстық тарихи-өлкетану
музейіне қарасты
«А.Әшімов» шығармашылық
орталығының
ғылыми қызметкері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар