Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұмыт қалған үнсандық

Ұмыт қалған үнсандық
Ашық Дереккөз
Үнсандықты қазіргі жастар немесе білмейтін кейбір кісілер күйсандықпен болмаса басқа бір затпен шатастырып отырған шығар, бәлкім. Ол ешқандай күйсандық та, өзге де емес, өзіміз бала күнімізден естіп, көріп өскен «Бес сомның радиосы». Оның өз аты «Арман» болатын. Бірақ бұл радионы қазақстандықтар ғана емес, сол кездегі 15 одақтас республика халқы бәрі де осылай, яғни «Бес сомның радиосы» деп атап кеткен.

Таңғы алтыда қосылғаннан түнгі 00:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейтін «Бес сомның радиосынан» небір қызықты да құнарлы дүниелерді естіп, біліп өстік. Жүрегіміздің төрінен орын алған сол бір рухани байлықтар есейгенде әжетімізге жарады.

Ас ішіп отырсақ та, жұмыс үстінде де, тапшанда жай демалып жатсақ та құлағымыз да, назарымыз да сол радиода болатын. Тіпті ауыл, қала демей, барлық мекеменің әрбір бөлмесінде міндетті түрде бір-бірден «Бес сомның радиосы» тұратын. Бір жағынан, ол жоғары жақтың да тапсырмасы еді.

Сол радиодан күнделікті берілетін жаңалықтарды айтпағанда, әр тақырыптағы хабарлар мен ән-күйлер, өлең- жырлар, өсиет толы термелер, түрлі ертегілер, пайдалы кеңестер, тарихи тұлғаларымыз туралы деректер және ауыл-аймақтардағы еңбек адамдары жайлы хабарлар, бәрі-бәрі әлі күнге дейін көңілімізде сайрап тұр. Өйткені сол кезде білімділер мен біліктілер ғана еңбек етті, әрі көркемдік кеңестің талабы да, жұмысы да күшті болып, сүзгіден өткен сапалы дүниелер ғана эфирден берілетін. Қазір бізге осы жағы жетіспей тұрған сияқты.

Сонымен қатар сондағы хабар жүргізушілер мен арнайы мәтіндерді оқитын дикторлардың және үлкен әнші аға-әпкелеріміздің дауыстары да, аты-жөндері де есімізде.

Дәлел үшін бірнешеуіне тоқтала кетер болсақ, қазақтан шыққан ұлы диктор Әнуар Байжанбаев бастаған белгілі ақын әрі жүргізуші Дүйсенбек Қанатбаев, Сауық Жақанова және Жамал апай (тегі есіме түспеді) және тағы басқалары... Тіпті Мұқағали Мақатаевтың өзі де осы арнада диктор болып еңбек еткен.

Ол кісілердің әрбір хабарды тартымды да татымды, түсінікті жүргізгендері соншалық, бәріміз ұйып тыңдайтынбыз. Әсіресе бізге керегі, яғни балаларға арналып күнде кешке берілетін «Жамал апайдың ертегілері» деген хабарды асыға күтуші едік. Жазғы демалыс кезінде үнсандықтағы ертегіден кейін қызығушылығымыз арта түсіп, үйдегі іні-қарындастарымыз бәріміз бір бөлмеге жиналып, «Алтын сақа» секілді түрлі ертегі кітаптарды кезек-кезек дауыстап оқитынбыз.

Сол кездерде көбінесе дүлдүл әнші Әміре Қашаубаев бастаған Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов, Роза Бағланова, Бақыт Әшімова, Жәнібек Кәрменов, Люция Төлешова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Амангелді Сембин, ағайынды Рашид пен Муслим Абдуллиндер, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Қайрат Байбосынов, Әлібек Дінішев, Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Бағдат Сәмединова, Гүлжамал Үсеновалармен қатар, «Алатау» триосы және «Дос-Мұқасан», «Жетіген», «Адырна» ансамбльдерінің әуезді әндерін де, авторларын да алдымен сол «Бес сомның радиосынан» естіп өстік.

Осы орайда радиоға байланысты өмірде болған қызықты бір жайтты айтып өтудің сәті кеп тұрғандай.

Жамал Омарова апамыздың төлқұжатына айналып, ол кісіні елге көбірек танымал қылған көп әндерінің ішіндегі «Алтай» әні екенін бұрынғы кісілердің бәрі біледі. Әсіресе радиодан сол әнді жиі беретін. Және халықтың сұрауы бойынша барлық жерде Жамал апамыз сол әнді айтады екен. Шыны керек, ол әнді тура Жамал апамыз секілді ешкім шыңына жеткізіп шырқай алмапты. Содан ба екен, Жамал апамыз аталған әнді зейнетке шыққанша өзі ғана орындапты. Осыдан кейін ел арасында «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды!» деген әзіл-шыны аралас мәтел де қалыптасып кеткен. Содан бері осы сөзді журналистер де, қарапайым халық та қолданып келеді.

Айтпақшы, радиолардың атасы атанған сол үнсандықтың кейінірек шыққан радиолар сияқты өзге арналары жоқ еді. Оның бір-ақ арнасы болатын және даусын жоғары көтеретін немесе басатын бір ғана құлағы бар. Сондықтан оны әркім әр арнаға қойып, ары-бері алып та жүрмейтін. Өйткені бір жерде ғана тұратын. Бәлкім, содан да шығар, ол радиолар тез бұзылмай, көпке шыдайтын. Тіпті жөндеу көрмей кеткендері де бар.

Сонымен не керек, біздің үйдің жақсы бір әдеті бойынша өткен күннен белгі болып қалған кейбір керекті дүниелерді сақтап қоятынымыз бар еді. Бірде ескі бір заттты іздеп әлгі сарайдан іздеп жатқанымда «Бес сомның радиосы» қолыма іліне кетіп, көзіме оттай басылды. Сонда осы бір ұмыт қалған үнсандыққа қарап тұрып, өткен күндерге тәтті қиялмен саяхат жасадым. Тексеріп көрмекке әрі қызық үшін үйге апарып, токқа қосып көріп едім, қазіргі желілер мен тетікке (розетка) сәйкес келмеді.

Сосын мен бақытты балалық пен жалынды жастық шақтарымның куәсі болған естен кетпес ескі үнсандықты қайтадан орнына апарып қойдым. Сол сәтте көңіліме тәтті мұң ұялады да, «егер өткен күннен белгі болып қалатын осындай дүниелер болмаса, өмірдің мәні де, қызығы да болмас па еді,  бәлкім» деген оймен үйге қарай аяңдай бердім.

Кейінірек жаңағы радионы мұражайға өткізсем бе деп те ойладым. Бірақ оны алдағы уақытта көре жатармын.

Ал сіздің үйде осындай ұмыт қалған үнсандық бар ма және сол арқылы естіп-білген дүниелер есіңізде ме, құрметті оқырман?

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын, журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар