Ш.Несіпбай Мойынқұм ауданының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. «Мұқағалиға дос болған Шәмілдің есімін алған соң өлең жазбау мүмкін бе?» деген жас дарын қалам мен қағазды екінші сыныптан бері серік етіп келеді. Мойынқұм ауылындағы Жамбыл атындағы мектеп-гимназияда оқып жүргенде-ақ алғашқы жыр жинағын жарыққа шығырған екен.
Қазіргі таңда Шәміл Абай атындағы педагогикалық университеттің 1-курс студенті. «Филология» факультетінде білім алады.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ақынның өлең өлкесіндегі қадамына сәттілік тілей отырып, отты жырларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
РЕДАКЦИЯДАН.
Мойынқұм
Әкем де – сен, Мойынқұм, шешем де – сен!
Жолыңда басым құрбан, кесем десең.
Желіңмен желпіп түсір мен егерде,
Топырағыңа кілем боп төселмесем.
Өлеңіммен, жырыммен, ойларыммен,
Сексеуілдің шоғында қайнадым мен.
Көгіңдегі құсыңнан, о, Мойынқұм,
Итіңе дейін сүйем ойнап, үрген.
Өзіңде өткен балалық елес бүгін,
Болмасам да, Мойынқұм, мен ешкімің,
Тығылып сыққан жасым саған тамған,
Досқа айтпаған сырымды сен естідің.
Қарызбын сар далаңа сол үшін де,
Мыңғырған мал жайылған өрісінде.
Есі кеткен еліктей елең қағам,
«Мойынқұм» десе біреу көп ішінде.
Себебі сен жанымның жылуысың,
Тас қалада кетер деп суып ішім.
Салып алсам қызғанба қайтар күні,
Бұйра-бұйра құмыңның бір уысын.
Әкеге хат
Алматы деген – аласапыран, Кім әлсіз, мұнда кім дара?
Ешкім білмейді, әйтеуір,
Жанымды емдейтін жыр ғана.
Алайда, әке, бір өзің барда,
Бойымда сенің мінезің барда,
Жеңбейді мені бұл қала!
Жай қоңыраумен сезілмейтұғын,
Қолдауың жатса шалғайда.
Әкедей менің арқамнан қағып, Жанашыр болар жан қайда?
Өзің соятын қозының дәмі,
Өзің турайтын қазының дәмі,
Жетпей жүргені-ай таңдайға!
Әкетай, мені тұншықтырғанмен,
Толқыны күшті көлдей мұң.
Бір өзің барда, мінезім барда, Білесің, әке, өлмеймін.
Ұрттатқызсаң да кесеңді,
Берме дедің ғой есеңді,
Алматыға да бермеймін!
Қиылыс
Тілім-тілім, тарам-тарам жолдардың,
Жемісін де татпадық біз ең балғын.
Сейфуллиннің даңғылымен мен кеттім,
Гоголяның құшағында сен қалдың.
Өзіңді алғаш мен сол кеште көріп ем,
Сейфуллин де қарап тұрды менімен.
Гоголяда еріген қар болмады,
Қос жүректі көрдім бірақ еріген.
Маған қарай ескегіңді есе бер,
Біз кездессек, сезім күшін еселер.
Жып-жылы боп қалатындай желтоқсан,
Тып-тыныш боп қалатындай көшелер!
Сейфуллинмен қиылысқан, жаны кең,
Гоголяның құшағында қалып ең.
Мен сол үшін сен тұратын Гогольдің,
Қуысын да қызғанамын бәрінен.
Әже
Әже-е-у!
Сұрғылт қайғың мен жүз ашудан,
Көрдің ғой қарттығыңда көресіңді.
Жабырқаған сәттерде біз асылған,
Әжеу, сенің иығың неге сынды?
«Өлсем…» деме, ұзартар дұға демді,
Ажалдың аты құрып кетсін әрі.
Иығына сыйдырған мына әлемді,
Сендей асыл әженің жоқ сыңары!
Тағы да деп айтпашы «қаусырадым»,
Мамыргүлдей жассың әлі, көп көрерің.
Сен жаққансың ғаламның бар шырағын,
Әжеу, неге өмірге өкпеледің?
Төтеден салып қалған шынжырды кеп,
Қайтем тағдыр ренжітсе жан әжемді?
Саған құлап иығын сындырды деп,
Тепкілегім келіп тұр қара жерді.
Сәбимін ғой жүруді кеше білген,
Сен саямсың – қап-қалың шиедейін.
Апатай, тұршы қане төсегіңнен,
Екінші иығыңа сүйенейін.
Жоғалған жолдасқа
Қайдасың өскен досым қатарласып?
Тұрайық тым болмаса хат алмасып.
Ажалды аузыма алман, бірақ ертең,
Бізді де бір-бір төбе жатар басып.
Төнсе де қара дауыл басқа неткен,
Дүниені сілкіген достар өткен.
Исатайын сағынып ат үстінде,
Махамбеттің айтқаны босқа деп пе ең?
Біз қашан бел буамыз хал сұрауға,
Хақым бар өлең жазып, қамшылауға,
Ажал да ажарлы боп көрінеді-ау,
Жаныңда досың тұрса жан шығарда.
О, жолдас, ол сый үшін бірақ, бірақ,
Достығың болу керек қуаттырақ.
Достығың тұру керек бүр атқылап,
Достарда болу керек бір мүдде мен,
Бір-ақ мұрат.
Қайдасың өскен досым қатарласа?
Жүрейік ең құрыса хат алмаса.
Оны да доғарармыз, доғарасың,
Тізімінде тойыңның аталмасам.
Абайдың мүсіні
және мен
Интернат,
Ескерткіш,
Ақ ұлпа,
Жарқырап көрінді лағыл тау.
Ғашықтар аулада жүр, әне,
Оятып әлемді жабырқау.
Бір-бірін құшуға жан ерік
Бермесе қалады-ау тән өліп.
Тым ыстық махаббат буымен,
Жатқандай әуеде қар еріп.
Жігіттің жүзінде зор айбын,
Ал ару – шолпандай арайлы.
Тоғжанын сағынып оларға,
Ескерткіш тесіліп қарайды.
Болғанмен сезімі бағалы,
Ғашықтың барлығы жаралы.
Ал сендер сүйіңдер, жоқ әлі,
Бақытты жұптардың романы.
Ғаламды сәулеге бөлеген,
Оларға арналар бар өлең.
Рас, олар шын ғашық!
Кім куә?
Абайдың мүсіні және мен!..
Жусанның жұпары емес
Әл-Фарабидің даңғылынан, Кең ауылымдағы қуысым.
Әкем де сонда, шешем де сонда,
Екінің бірі туысым,
Кептелістерінен кептеліп ойым,
Тарылып кетті тынысым.
Қызыл да жасыл жалтырақтары құрысын!
Мен қалада жүр екенмін ғой жыр үшін..
Таласып-тармасып,
Арманның етегіне жармасып, ергенмен,
Жусанның жұпары емес, Зауыттың
түтіні шықты кеудемнен.
Ауылдың сарқыты ғана,
Оңған жүзіме өң берген,
Жапырағымен сорамды сүртіп,
Топырағымен емделгем,
Көкем де сонда жерленген!..
Қасірет пен қатігездіктің,
Көп пе, әлде мұнда саны тым.
Сәулесі түспей жанашырлықтың,
Қалғандай шіріп қамытым.
«Қалада қал» деп,
Шығарса бірде жан үкім,
Мұңға орайды тағы түн.
Туған жер!
Бірақ ақын ұлыңның,
Өзің деп тұрған шабытын,
Өшірмес ешкім қағылмайынша,
Қарағайыңнан табытым!
Күдік мұң болып, жағылғанда алау...
Тұңғыш ұлыңды айтасың жиі,
Жиырма жыл бойғы айқасың –күйік.
Өстім ғой, мама, мен де көрейін,
Марқұм көкемнің майкасын киіп.
Ажалдың тиіп ұшқан алауы,
Дәм-тұзы біткен тыста жол әлі.
Көкем шіркіннің тағдыры шығар,
Мына майканың қысқа жолағы…
Сөзіңді естіп, сілкіп жыр мені,
Сағыныш билеп, бұлқып жүр демім.
Тозған киімді шүберек қылмай,
Көзіңнің жасын сүртіп жүр ме едің?
Күйік мұң болып жағылғанда алау,
Жараңа майка – таңылған жамау.
Осы матамен бірге сөгілді,
Көкем қайтқалы қабырғаң, мамау!
«Қаза тапқанда егілген дала,
Қарап тұрғандай көгімнен балам.
Тастамай киген майкасын шешіп,
Молаға кетті кебінмен ғана».
Досым-ау
Досым-ау,
Қия алмай жүрсің бе әлі сүйіктіңді?
Білсең, сенің қадірің – биік, құнды,
Жаныңды малымашы құрғыр мұңға,
Жүрегің бостан-босқа күйіп тынды.
Өзгеріп қалыпты ғой отырысың,
Түсінем, өртке оранып жатыр ішің.
Тыңда, тыңда, бауырым, тыңда мені,
(Дос деген ақы алмайды ақылы үшін.)
Аударылып жатса да кеме түрлі,
Күлгенге бақ айтқызбай келетін-ді.
Қол жетпеген аруды есіңе алып,
Тұтата берме жаман темекіңді.
Жүргізіп мұң-қайғының саудаларын,
Неге сенің тоқтайды арман әнің?
Әрбір дерттің шипасы бар емес пе,
Дәрігері табылар ол жараның.
Алапат
Өмірдің кидім берген көйлегін,
Түймесін бірақ тақпадым.
Сезіп те жүрмін кеудемде менің,
Өршімей тұрған от барын!
Бақыттан басын күнде бұғатын,
Бейбақты ғұмыр елемес.
Өмірдің мәнін «мұң» деп ұғатын,
Әлі жоқ ақын мен емес.
Кескестеп шығып көштей түнекті,
Сүрініп жүріп, шынығам,
Мұхитқа салсаң өшпейтін отты,
Бір күні қыннан суырам.
Сол шақта менің көзіме қара,
Сыр іздеп қалған бұтақтан.
Сол шақта менің кезіме қара,
Отымды алғаш тұтатқан!
Тулай да тулай қаным жалынды,
Құлағын түрер атырап.
Жанартаулардай жарылғанымды,
Естиді, бәлкім, жеті қат.
Ажал құрдасқа иілер демім,
Қарамас ол сұм өнерге.
Жаққан отыма күйіп өлемін,
Өлетін болсам егерде.
Тек көрдім
Мен өмірді сүрмедім әлі, тек көрдім,
Жүзінен көрдім мысық талаған кептердің.
Есілдей ағып кеткенін көрдім есіл күн,
Мен өмірді жасынан көргем жесірдің.
Өмірді көрдім шетінеп туған сәбиден,
Күнәсіз кеткен солар-ақ мына фәниден…
Мен өмірді ашығанынан көргем көженің,
Әжімдерінен көргем әженің.
Ғасыр қайнаған жалғанда бар ғой көп күйбең,
Сарбаз атамның тобығын көрдім оқ тиген.
Өмірді көрдім таусылған талай өкпемен,
Жетімнен көрдім: «алдама, анам жоқ» деген.
Ғұмырды мына, тағдырды мына тарпаңдау,
Туыс көрсетті асылып қалып арқанға.
Өмірді көрдім дөкейден – күлген, талтайған,
Зираттан көрдім қартайған…
Тағдыр ананың болғанмен жердей кең төсі,
Уын жұтпаған жоқ екен, сірә, еркесі.
Түн
Қатты солып кетіп пе қас-қабағым?
Қиналып жүр ғой деме босқа жаның.
Мақтадан мамық көрпе ұсынсаң да,
Мен түнде шабытымды жастанамын.
Келгесін жұлдыздарға сырымды ашқым,
Ұйқысыз қара аспанмен сыбырластым.
Себебі түн адамнан сенімдірек,
Пенде шіркін құбылар, құбылмас түн.
Көп ойдан мендік көмей мән күтеді,
Солай мен қарсы аламын таңды тегі.
Ел дөңбекшіп жатқанда есін білмей,
Менің қаламсабыма жан бітеді.
Кеш ауды,
Демек, жерге шашылды арай.
Демалмай жай жатады басым қалай?
Жоғалып кеткен достан жақсы-ау, сірә,
Аспанның кеудесіне асылған Ай.
Түн менің мұңымды ұғар, жырымды ұғар,
Десем де дес бермеген бұрынғылар:
Жарыққа шығады әлі деп кетіпті,
Қараңғыда жазылған туындылар.
Әзірге
Достарым қызды көрсе таңдайды көп,
Сөздерін сүйгенімен жалғайды кеп.
Ал менікі, Құдай-ау, бір аруға,
Ғашық бола алмайтын қандай жүрек?!
Сүйретіп сүлдерімді ілгері, жай,
Сенделдім бірде олай, бірде былай.
Махаббат жайлы дастан жазар едім,
Кейіпкері кезікпей жүргенін-ай.
Аулақпын жалған күйіп-пісем деуден,
Құс боп ұшсам,
Ол үшін түсем жерге.
Көзіме көрін, жаным, тым болмаса,
Шабытымның кілтін бер кісенделген..
Ізде жүрек, қатты соқ, дамылдама,
Таппасам менде қайбір сабыр қалар?
Білмеймін есіміңді, бейнеңді де,
Сондықтан бос тұр мына қабырғалар.
Қашан себер екенсің ішіме нұр,
Тез жолықшы, мені де түсіне біл.
Өңімде құшағыңды аш маған ғана,
Тек өзің қалғығанда түсіме кір.