Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қақпаншылық өнердің қадірі қалмағаны ма?

Қақпаншылық өнердің қадірі қалмағаны ма?
Ашық Дереккөз
«Құсы бар адам қағып алады, қақпаны бар адам жатып алады». Қазір де ел ішінде атадан балаға мирас болған, көшпелі халықтың көне мұрасы саналатын құсбегілік өнерді жанына серік еткен азаматтар аз емес. Ал қақпан құратындар ілуде біреу болмаса, некен-саяқ.

Қақпан – аң аулауда қолданылатын темірден жасалған құрал. Бізге жеткен деректер бойынша, қазақ қақпандары аю қақпан, бұғы қақпан, қасқыр қақпан, теке қақпан, елік қақпан, суыр, борсық, сусар қақпан, қоян қақпан, тышқан қақпан сияқты көп түрге бөлінеді. Белгілі құсбегі, этнограф, зерттеуші-натуралист Жапар Сатылғановтың айтуынша, әр қақпан әрбір аңның ізін анықтау негізінде арнайы орындарға орнатылады.

– Өзім қақпанның құс қақпан, қоян, түлкі қақпан, арқар қақпан, қасқыр қақпан сынды түрлерін ғана құрып көрдім. Қақпан құрылысы да ерекше жасалатыны белгілі. Аңның оңай босап шықпасы үшін әрбір бөлігі қатты темірден иіліп жасалып, бір-біріне мығым орнатылады. Әр қақпанның төсеніші, қандауызы, екі серпері, тиегі және ауыр салмақты тоқпаққа бекітілетін қалың шынжыры болады. Қақпанды жаңбыр жауғанда, ауа райы бұзылғанда құруға болмайды. Ал басқа уақыттарда қақпанды әртүрлі жолмен құрады. Мәселен, ауа райы ашық мезгілде жерді қазу арқылы құрып, бетін қимен немесе топырақпен жауып тастайды. Себебі қақпанның иісін жануар сезеді. Сондықтан да қақпан беті иіс шықпайтындай толық жабылуы тиіс. Сол секілді қақпанды алып қашпас үшін ауыр тасқа немесе салмақты бір затқа шынжырмен бекітеді. Қақпанды құру кезінде қандай аң екенін ізі арқылы анықтап, әртүрлі жерлерге орнататынбыз. Мәселен, қасқырға қақпанды түзге шығатын жерлеріне орнатсақ, арқар секілді үлкен аңдарға су ішетін суат маңына құратынбыз, – дейді Жапар Сатылғанов.

Ал қақпанға аю түсірген аңшы Нұржан Ахмедиев тәжірибесімен бөлісіп, қандай аңға қандай қақпан құратынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

– Қақпан бірнеше түрге бөлінгенімен негізгі «бала қақпан» және «тісі бар қақпан» деп екіге бөлеміз. Тісі бар қақпанды аю, арқар секілді ірі аңдарға қолданады. Ал бала қақпанды тышқан, қоян, түлкі секілді аңдарға құрады. Бала күнімізде қақпанды ең алғаш рет тышқанға құрып үйрендік. Себебі тышқанды қақпанға түсіру өте оңай. Сол кездегі естігеніміз бойынша, тышқандар інін қиғаш немесе түзу қылып қазады. Қиғаш қазылған інге қақпан 5-10 сантиметр тереңдікте орнатылса, түзу індерге 15-20 сантиметр терең қылып құрылады. Ал андатрға (ондатра) қақпанды су жағасы немесе су ішінде өскен қамыстардың арасына салынған іннің жанына құрған дұрыс. Құрылған қақпанды қамыстың қиындыларымен, шөптермен жауып, көзге көрінбейтіндей ету керек. Ал ақылды әрі жыртқыш аңның бірі де бірегейі – түз тағысын қақпанға түсіру өте қиын. Сондай-ақ қасқырдың ізін анықтау оңай емес. Бұрындары аңшылыққа шыққан кезімізде қасқырдың бағыты мен орналасқан аумағын анықтау үшін ескі іздерін зерттеп, зерделеп алатынбыз. Содан кейін сол ізіне топырақ шашып, жаңа іздің түсуін күтетінбіз. Келесі күндері жаңа із түскеніне қарай бағытын анықтап, көп жүретін жолына қақпанды құрып, бетіне жылқы қиын төгіп, көзден таса қылып қоятынбыз. Егер сол аймақта мал ұстап отырған ауылдар болса, адамдар қора маңына қақпан құруды жөн деп санайды. Жақын жерде малды ауыл жоқ болса, түз тағысы арқардың суатына барады немесе сары тышқандар мен өзге жануарлардың мекенін іздейді. Қасқыр қақпан сегіздік қалың сым темірден жасалады. Ал түлкі қақпан алтылық сым темірден иіледі. Жабайы шошқаны да қақпанға түсіру аса қиын емес. Қабанды қақпаннан басқа тұзақ құру арқылы да ұстауға болады. Ұясынан шығатын жеріне тұзақты мойнынан киілетіндей домалақ етіп орнатып, алтылық темір арқанмен екі жаққа қарай тартып қою керек. Жабайы қабан ұясынан шыққан кезде тұзақ мойнына ілініп, қашып шыға алмай қалады. Ал аюға тісі бар қақпан құрылады. Аю күші көп әрі үлкен аң болғандықтан қолға түсіру өте қиын. Тісі бар қақпан аюдың қозғалысын қиындатып, қақпан тістері аяғын қысқан уақытта мүлдем бір-бірінен ажырамайды. Тек қақпанды сүйреп кетпесі үшін шынжырын салмағы кем дегенде 20 келі болатын ауыр затқа бекітіп қою қажет, – дейді қарт аңшы Нұржан Аманқұлұлы.

Кейбір аңшылар қанжығасының майланғанына қарай қақпандарға «құтты қақпан» деп ат қойған. Барынша сақтықпен дұрыс құрылса да кейбір қақпандарға мүлдем аң түспейді екен.

Сондай-ақ Сарысу ауданы, Түгіскен ауылының тумасы, атақты аңшы Бөлтірік Мұстафаев қақпан құрған кезде қауіпсіздікті басты назарда ұстау керектігін айтады.

– Аң аулауда қақпанды дұрыс орналастыру үлкен рөл атқарады. Қақпанды көбіне жалғыз аяқ жолдарға құру тиімді. Мұндай жолдар – аңдардың жиі өтетін мекені. Біздің ауыл маңы жыңғыл мен шеңгелді жерлер болғандықтан мұндай орындарда аңдардың қозғалысын анықтау қиынға түседі. Сонымен қатар ауыл маңындағы биік қырлы жерлер де аңшылық аймаққа жатады. Жеке жүретін қасқырлар көбінесе бір жерді мекендейді. Ал топтасып жүретін қасқырлар мекенін үнемі өзгертіп отырады. Әдетте олар бір аптада өз орындарын ауыстырып, өтпелі жолдарға түседі. Осы өтпелі жолдарға қақпан құру – аңшылар үшін ең тиімді әдістердің бірі. Өйткені бұл жолдар жыртқыштардың негізгі бағыттары болып саналады. Қақпан құру кезінде сақтық шараларын қатаң сақтау керек. Егер қақпанның тілі дұрыс орнатылмаса, ол аңшының өзіне зиян тигізуі мүмкін. Қақпан қатты қысыммен жабылатын құрал болғандықтан абайсызда қол немесе аяқ жарақат алуы ғажап емес. Сонымен қатар аңшы қақпан құратын жерді алдын ала зерттеп, аңдардың іздерін ажырата білуі қажет. Олардың ізін анықтау білген адамға қиынға соқпайды Иттің ізі көбінесе шашыраңқы түседі, ал қасқырдың ізі сүйір әрі белгілі бір бағытта жүреді. Қасқырды айласы асқан адам ғана қолға түсіреді. Себебі өте сезімтал әрі ақылды аң. Қақпанның иісін кетіру мақсатында қазанға салып, суға қайнату әдісін де жасайтынбыз. Қазақта «Түнгі уақытта жылқы бүтін дәнді көреді, қасқыр жарты дәнді көреді» деген нақыл сөз бар. Сол себепті қақпан құруды артық қимылсыз іске асырған дұрыс. Қақпанды көмген уақытта топырағының түсі өзгерсе де түз тағысы оны бірден сезеді. Сондай көму барысында саусақ іздерін де қалдырмаған жөн. Жалпы аң-құсты бейберекет өлтіре беруге де болмайды. Өзіміз малды ауылда өскеннен кейін қақпан құруды жыртқыштан қорғану үшін үйренгенбіз, – дейді Бөлтірік Мұстафаев.

Сөзге тартқан кейіпкерлеріміз бүгінде қақпан құрумен айналысатын жастар жоқ екенін қынжылыспен жеткізді. Сондықтан барынша ұлттық өнер, бай мұрамыз – қақпаншылықты өмір салтымыздан өшірмеуге атсалысайық.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар