Өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбиннің «Өмір-иірім» роман-мозайка кітабы оқырманға жол тартып, қалың көпшіліктің ризашылығына бөленді.
«Өмір-иірім» кітабы 6 тарауға бөлініп, тақырыпқа сәйкес әңгімелер баяндалады. Роман-мозайканың алғашқы бөлімі «Көне иірім» деп аталады. Бұл тараудағы кез келген әңгіме, ондағы оқиғалардың өткірлігі, кейіпкерлердің жанкешті әрекеттері оқырманға ерекше сезім мен әсер беріп отырады. Мәселен, «Күләш әженің сыры» әңгімесіне тоқталайық. Мұнда қырыққа дейін жесір қалған әйелді ешқашан жалғыз қалдырмау, жолын тауып әмеңгерлік жолмен немесе өзге ыңғаймен ер адамға қосу парыз екендігі кейінгі ұрпаққа өнеге етіледі.
«Қоңыр иірім» бөлімінде адамның аузынан шығар сөзге абай болуы, көмейжыннан барынша сақ болуы ескертіледі. Сонымен қатар иегіне имандылықтың белгісіндей болып шыққан қаба сақал қариялардың қара жерге таласуы, артынша бірбеткейліктен гөрі бітімгерлікті ойлап, татуласуы, бала көңілінен жылу іздеген ана махаббаты жан тебірентпей қоймайды.
«Беймаза иірім» бөлімінде де әсерлі әңгімелер топтастырылған. «Биғазы» әңгімесінде Биғазы шалдың отбасының ойран болуы, ақырында үйін күзеткен итінің де қара жауында қасірет ұялаған жанары қарияны беймаза күйге түсіреді. Жазушы «Шымшық торғай» әңгімесінде құсқа да құрметпен қарау керектігін, обалының жауабы болатынын айта келіп, өткен ғасырдың ортасында Қытайдың басшысы Мао халқына үкім жасап, шымшық торғайға қарсы соғыс ашқанын, артынша қиындыққа ұшырағанын жеткізеді.
Келесі бөлім «Тұңғиық иірім» деп аталады. Тұңғиыққа батыратын әңгімелердің қатары «Операция» шығармасымен басталады. Әңгімеде жас жігіттің жүрген жаман жолы мен адами қасиеттен ада болғандығы рет-ретімен тілге тиек етіледі. Тірлігінен ашынған анасының зар илеген үні құлағына жаңғырықтай қайта-қайта естіліп, өткен істен өзегіне өксік толады. Соңында операция барысында қара ниетті істердің куәсі болған жігіттің жас жүрегі қара тасқа айналуы мұндай істерден аулақ болу керектігін түсіндіріп тұрғандай.
«Үшем» шығармасында ана жатырындағы үш шақалақтың өмірге деген көзқарасы автордың ойтолғанысы арқылы суреттеледі. Тағдырдың тәлкегіне түскен ананың жанына медеу болған үш сәбиі көкейіндегі көңілсіз ойларының құрсауынан арашалап алатындай. Ал «Антихибакуся» шығармасында әйелі ерте о дүниелік болып, екі баланың қамын ойлаған әкенің жай-күйі баяндалады. Пәтер ақысын төлей алмай, екі баласына таңдаған тағамдарын алып бере алмаған Сағынбек қатты қиналады. Жақын туыстарынан қайыр болмай, екі қолға бір күрек таба алмай сергелдеңге түскен әке өмірі өзгеріске ұшырайды. Әрине, қиындық артында қуаныш тұратыны белгілі. Сағынбек әйелінің туысы Мұратқа хабарласып, екі баласын сол үйге қалдырып, Астанаға кетсем деген ұсынысын жеткізеді. Ол келіскенімен жолкіре таппай әуреге түседі. Көп ұзамай хат келіп, Мұрат ағасының 150 мың теңге салып жібергені, Ақтөбеден дайын жұмыс тапқаны, өздерін құшақ жая қарсы алатыны жазылған. Сонымен қатар «Тұңғиық иірім» бөлімінде «Жетінші купе», «Көз жасы» әңгімелері арқылы өмірдің өзге де көзге көріне бермейтін иірімдерін ашып береді.
«Қанды иірім» бөлімінде әке мен атадан көмейжыннан басқа көсегесі көгерер сөз естімеген Бақтыбектің қойнына ауыр тас салып, көтерілген күнге соңғы рет назар тастап, көзін тарс жұмуы трагедиялық оқиға екендігін көрсетеді. Ал «Соңғы хат» шығармасында анасының адасқан дін шырмауына шырмалғанына ашынған Аягөздің өз-өзіне қол жұмсауы көзіңе еріксіз жас келтіреді. Шынында, мұндай жайттар қазіргі таңда да көптеп кездеседі. Автор мұндай жолдардан аулақ болуға шақырады. «Сайлау-Өлмес» әңгімесінде қуғыншы болып келген Өлместің жеңгесі өз еркімен келген қызға рұқсатын бермей, қалам дегеніне қарғыс айтуы, жас үлкендердің сөзіне құлақ аспауын ашуың келіп, ашына оқисың. Қарғыстың кеселі ме, кім білсін? Өлмес келін болып түскеннен кейін 1 жыл өткен соң дүние салады. Ал жеңгесі болса, тап сол күні қылтамақтан көз жұмады.
Роман-мозайканың соңғы бөлімі «Тұнық иірім» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, шығарма желісі оқырманын өз тереңіне бойлатып әкетеді. «Меңдіқыз» шығармасында Ғаппардың Айман сұлуға ғашық болуы, әскери борышын өтеп жүрген кезеңде де, сұрапыл соғыс жылдарында да ғашығын ойынан шығармауы көркем баяндалады.
Жазушының қай шығармасын оқысаң да астарында тәрбиелік мәні бар тәмсілдер жасырынып тұрады.
Ойлы шығармалары арқылы оқырман жүрегіне жол тауып жүрген көрнекті қаламгердің әлі халқына бергенінен берері көп деп ойлаймыз. Қаламыңыз мұқалмасын, жазарыңыз таусылмасын!
Мұқағали БАЛТАБАЕАВ