Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Наршаның ұлдары деген мәртебелі атағымыз бар»

«Наршаның ұлдары деген мәртебелі атағымыз бар»
Ашық Дереккөз
Әдетте танымал әрі ел сыйлаған адамның ұрпағын көргенде жұрт «асылдың сынығы», «жақсының жалғасы», «тұлпардың тұяғы» деп құрмет көрсетіп, ізет білдіріп жатады. Себебі жақсы әкенің тәрбиесі балаға өмір бойына азық. Әке – алып бәйтерек. Әрбір перзент үшін әкенің орны қашанда бөлек. Ұл мен қыз сенімділікті де, өмірлік құндылықтарды да әкеден үйренеді.

Тамырын енді жайған өскіннің күн шуағына мұқтаж болатыны секілді, бала да әкенің қамқорлығына зәру. Асқар тауы – әкесі барлар өздерін ту сыртында берік қамалы бардай сезініп, еркін әрі сенімді болып өседі.

Осы орайда еліне еңбегі сіңген, артында игі істері қалған белгілі тұлғалардың ұрпағын оқырмандарымызға кеңірек таныстыру мақсатында «Жақсының тұяғы» атты жаңа айдар ашып отырмыз. Айдарымыздың алғашқы кейіпкерлері – Таласта туып, Алашқа танылған талантты ақын Нарша Қашағановтың ұлдары.

Біз Нарша ақынның ұлдарына Нарбол, Ернар, Тайлақ деп ерекше есімдер қойғанын жақсы білеміз. Бірақ немерелерінің де есімдерін түйемен байланыстырып Ақбота, Нариман, Нарқұлан, Ақнар, Ботакөз, Наркенже деп атағанын білмейді екенбіз.

Әке тәрбиесі мен есімдерінің мәні туралы Нарбол Қашағанов былай дейді:

– 1980 жылы Талас ауданындағы Ақкөл ауылында дүниеге келдім. Әкем – Нарша, анамыздың есімі – Болған. Үйдің үлкені болған Наршаның Нар-ын, Болғанның Бол-ын, яғни алғашқы буындарын алып Нарбол қойыпты. Үйдегі үш ұлдың үлкені болғандықтан әжемнің қолында өстім. Әкеммен әрі сырлас, әрі дос болдым. Ақкөл орта мектебін аяқтаған жылы талабымды байқап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсірді. Әкем әрдайым ақылшым бола білді. Әсіресе кітап оқу туралы көп айтатын. Асқар тауымнан алған, бойыма сіңірген тәрбиені бүгінде отбасымдағы екі қызыма беріп келемін. Бірнеше жыл М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Қазақ филологиясы және журналистика» кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс істедім. Әкем дүниеден озған соң Қаратау қаласына көшіп келдім. Бүгінгі таңда аудандық «Талас тынысы» газеті редакторының орынбасары болып еңбек жолымды жалғастырып жатырмын. Жолымды журналистикада жалғап жатсам, ол да ақылшы әкенің тағылымы деп білемін.

«Атың жақсы болса, ер жігіттің пырағы,
Балаң жақсы болса, жан мен тәннің шырағы» деп Төле би бабамыз дәл тауып айтқан ғой. Жақсы әкеден негізіне тартқан ұл туған. «Әке болуды әкемнен үйрендім» деген Нарбол көп сөйлемейтін, біртоға, тыңдай білетін жан екен.

Нарша ақынның кенжесі Тайлақ бүгінде Талас аудандық тарихи-өлкетану музейін басқарады. Әке жырларын жүрегінде сақтап, жатқа айтатын Тайлақ та 4 баланың әкесі.

– Әкемді көбісі тұрағын туған жерден тапқан ақын деп біледі. Ұлдары әкемнің жолын қумасақ та, салып беріп кеткен сара жолынан таймадық. Туған жерден біз де қол үзбей, кіндік қанымыз тамған өлкенің дамуына қал-қадірімізше еңбек етіп жатырмыз, – дейді Тайлақ Наршаұлы.

«Жақсы әкенің тәлімі балаға қырық жыл азық» дегендей, ортаншы ұл Ернардың да өз айтары бар. Ернар әкесінен қалған қарашаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Екі ұл мен үш қыздың әкесі. Үйдің бесінші бөбегі кішкентай Наркенже жақында ғана дүние есігін ашыпты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған Ернар бүгінде Қаратау қаласындағы «Talas Invest» компаниясында жұмыс істейді.

– Әкемді әлі күнге сағынамын. Расымен, өңірімізге ғана емес, елімізге танымал болған ақынның берер тәрбиесі мол болды. Қазағымның әрбір сөзінің мәні бар ғой. «Әкенің малы балаға мал болмайды» дейді. Біз жақсы әкенің ізін жалғар ұрпағы ретінде оның өсиетін, өлеңін бәрінен де биік қоямыз. Әкенің атағы мен даңқы әлі дүркіреп тұр. «Наршаның баласы» деген дардай атымыз бар. Ел бізге қызығып та, сынап та қарайды. Аллаға шүкір, үш бауыр татумыз. Бір-бірімізбен көрші тұрамыз, – дейді Ернар Наршаұлы.

Адам өміріне текпен бірге берілетін тәрбиенің айрықша әсері бар. Казақтың қайсар ақыны Мұхтар Шаханов «Құз басындағы аңшының зары» кітабында әкесінің жастайынан батырлар жырын жаттатқызып өсіргені туралы айтады. Қайда жүрсе де ұлының рухани жетілуіне үлкен үлес қосып, бабалар аманатын бойына сіңіріп, құлағына құйып отырған екен. Содан болар, әке тәрбиесінің арқасында адуынды ақынның еліне деген сүйіспеншілігі сарқылған емес. Тарихта өшпес із қалдырған «Ән патшасы» аталып кеткен Моцарт пен Майкл Джексонның әкелері олардың талантына еш шүбә келтірмеген. Ұлдарын жастайынан өздерімен бірге ел аралатып, жұртты балаларының өнерімен тәнті еткен. Бұл орайда ұлы математиктер Софья Ковалевская мен Карл Фридрих Гаусты айта кетуге болады. Неге десеңіз, олар да әкелерінің арқасында сандар әлеміне ерте бастан енген екен. Міне, «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген осы.

Өрнегі бөлек өлеңдері, қарапайымдылығы мен сөзге шеберлігі арқылы жұртты аузына қаратқан, соңына өшпес із, өнегелі өмір жолын қалдырған Нарша Қашағановтың есімі халқымен бірге жасай бермек. Әрі артында ұлағатты ұрпағы барда ақынның аты ешқашан өшпейтіні анық.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар