Анам мен әкем 1961 жылы отау құрады. Сол кезде анам 16 жаста, ал әкем 24 жаста екен. Анам алты құрсақ көтерген. Алайда тұңғыштары шетінеп кетіп, 5 ұлы есен-сау ержеттік. Мен – тұңғыштан кейінгі екінші ұлмын.
Тағдыр-талайы сол да, 1974 жылы әкем Қыдыралы Садырұлы небәрі 37 жасында жазатайым жағдайда, мезгілсіз қаза табады. Асқар тауымыз ауыл шаруашылығы маманы, зоотехник болған. Көзкөргендер әкемді қатарластарымен сыйластықта, шаруаға ілкімді, жаңалыққа жаны құмар, шабандоз, кеңпейіл азамат десетін. Көлікті қолы жететіндер мінген уақытта елдегі тұрғынның «Волга» ГАЗ-21 көлігін 1962 жылы сатып алып, мінген екен. Бәлкім, қамшы сабындай қысқа ғұмырында заманауи игіліктерді көріп қалғысы келген болар.
Әкем дүниеден қайтқанда анам Ұлбосын Сейдуалықызы 29 жаста ғана екен. Жаратқанның үлкен жақсылығы ғой, анам 5 перзент сүйіп үлгереді. Ол кезде үлкеніміз 11 жаста, мен 8 жаста, кенжеміз 9 айлық болған екен. Сөйтіп, жас келіншек жесірліктің қамытын киеді. Тағдырдың салғанына көніп, жалғыздықтан жасып қалған жоқ. Сан түрлі сынақтардан сүрінбей өтті. Біздер атам мен апамыздың, әкеміздің бауырларының қамқорынды болдық.
Атам екі ұлын екі жағына жеке үй етіп қойып, ортасында кіші ұлымен өзі отырды. Үй арасында қоршау болған емес. Үш үй кезек-кезек қазан көтеріп, балалар араласып, бір дастарқаннан ас ішіп өстік.
Анам ауылдағы Б.Тайшапұлы атындағы білім ордасында лаборант болып 25 жыл еңбек етіп, зейнетке шықты. Үйде де, мектепте де анамыздың көз алдында болдық. Бесеуміз де ұл баламыз. Қасында қолғабыс ететін қызы да жоқ. Үй шаруасын жалғыз өзі атқарды. Бірақ 5 бала бес саусақтай жұмыла бар шаруаға көмектесіп, қасынан табылатынбыз. Бес саусақтың әрбірінің атқаратын қызметі болса, біз де іске солай жұмылдық. Әрбіріміздің бұлжымайтын өз міндетіміз болды.
Сол уақытта анам мектептен аз айлық алатын. Бар болғаны – 90 рубль. Жәрдемақысы да болар-болмас ақша. Сол аз қаражатты үнемдеп, бәріне жеткізе білді.
Анам ерекше мейірімді, мінезі өте жұмсақ кісі еді. Менің түр-әлпетім әкеме ұқсап, мінезім анама тартқан.
Кейде «тал бойында тарыдай мін жоқ» деген сөз анама қарата айтылғандай болады. Анамның бойында ерекше қасиеттер көп. Соның бірі – кіршіксіз тазалығы. Тірлігімен де, жанымен де өте таза кісі еді. Бесеумізді жуындырып, тырнақтарымызды мұқият тазалап, шашымызды ұстарамен алғанда бір қылшық қалдырмайтын. Және бір жерімізге сызат түсірмей, тап-тұйнақтай етіп алатын.
Анамның ерекше дәмді жасайтын асы – кеспе көжесі мен таба нан. Шіркін, қазірде ең болмаса бір мәрте анамның қолынан дәм татуды аңсайды екенсің. Естеліктер ғана сыр сандықта сақталады дейді ғой. Менде анамның әзірлеген асы да тілімнің ұшында мәңгілік қалып қойғандай. Нағашы әжем де кеспені дәмді пісіретін. Иісін бұрқыратып, қамырын қатты илеп, қазаннан езбей түсіретін. Сиыр сауып, сүтті сүзіп, қаймақ алатын. Айран ұйытатын. Жұмысқа шығарда тезек тұтатып, күнде 5-6 таба нан пісіретін. Тіпті біз дүкеннен бөлке нан сатып алмайтынбыз. Таңертең табадан буы бұрқыраған таба нанды алып, арасына күбінің сары майын жағып, қою айранмен жеп алатынбыз.
Қаз-үйректің балапандары секілді тізіліп мектепке бірге барып, бірге қайтатынбыз. Мектепте де сабағымызды ұстаздармен кеңесе отырып жіті қадағалайтын. Сол бейнеттің арқасында бәріміз жоғары оқу орнына түстік. Былай айтқанда, еңбегі ақталып, жоғары, орта, арнаулы білім иегерлері атандық.
Анамның мейірімімен қатар, өзіне тән қаталдығы да болатын. Қаталдық болмаса әкесіз бес баланы бағу оңай ма? Күніге талдың солқылдаған жас шыбығын жаңалап әкеліп қоятын. «Сабақтарыңды оқымай, тәртіпсіздік жасасаңдар осымен ұрамын» дейтін. Бірақ ешбірімізді сабамапты. Сол таяқ әкеліп қойғанынан сескенетінбіз.
Әрқайсысымыз мектеп бітіргенде тәтті тағамдар пісіріліп, лимонад секілді сусындар әкеліп, дастарқан жайылатын отбасылық дәстүр болатын. Сол дастарқанда бәріміз кезек-кезек тілек айтамыз. Алдымен ағам мектеп бітірді. Келесі жылы менің оқуды аяқтауыма орай дайындалған дастарқан басында өзім тілек айтып тұрып: «Кейін мен сізге ұқсаған келіншек аламын, менің бес қызым болады. Олар сізге қолғабыс етеді », – деп салдым. Сонда анам: «Тәйт, періштелер «әумин» деп қояды», – деп ескертті. Кім білсін, анамның бес баланың кір-қоңын жуып, үйді тазалап жүргенін көріп, «әттең, осы бес ұлдың ең болмаса бірі қыз болғанда анама қолғанат болар еді» деген пейілден атқан шығармын. Кейін сол сөзім айна-қатесіз келді.
Ағам да, мен де, бауырларымда келіншегімізді анамыздың қалауымен алдық. Бір жеңгеміз Аса ауылында тігінші болып істейтін. Қасындағы бөлімде жұмыс істеп жүрген ибалы жас қыз бар екен. Есімі – Шолпан. Соны анама айтқан ғой. Анам арнайы барып, бір көргеннен ұнатыпты. Себебі ол қыздың отбасылық жағдайы да біздікіне ұқсайды екен. Олар да бір шаңырақта бес перзент. Және әкелері 37 жасында теміржол жолда мастер болып жұмыс жасап жүріп, қайтқан екен. Ана мен баланың ой-арманы, ниетінің бір арнада тоғысқаны шығар, қыз маған да бір көргеннен ұнады. Танысқан соң екі жылдай сөйлесіп жүріп шаңырақ құрдық. Жоғарыда айтқаным дәл келіп, бес қыз сүйдім.
Үшінші қызым дүниеге келгенде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын оқып жатқанмын. Сәбиге туу туралы куәлік беретін жерде сыныптасым қызмет істейтін. Ол «Осы қызыңның атын өзің қой» деген соң Әйгерім деп қоятын болып шешіп, куәлігіне тапсырыс беріп кеткенмін. Үйге келсем, анам қызымның атын «Ұлдана деп қоямын» деп қуанып отыр. Жолдасым екеуміз үндей алмадық. Куәлікті алғанда көрсетуге батпай қоя салдым. Анам бір күні ауылдық әкімдіктегі досыма барып, «Қызымның атын Ұлдана қойдым» десе, бірден түсінген олар тіркеу кітапшасын қайта жазып, қызым солай Ұлдана болды. Кейін қызыма осы оқиғаны айтқанымда, «Қап, Әйгерім болғаным жақсы еді» деп қалжыңдаған еді. Анам біздің екі қызымыз болғандықтан үшіншісі ұл болсын деп «Ұлдана» қойғанын қайдан білсін. Үш қыздың атын өзі қойған анам төртінші қызымның есімін өзімнің қоюыма рұқсат берді. Бесінші перзентімнің есін жолдасым Шолпан қойды.
Анаммен көп сырласатынмын. Ешкімге айта бермейтін дүниелерді де анама ашық айта алатынмын. Анаммен сөйлескен әр сәтіме ерекше мән беретінмін. Перзенттерінің қандай да бір ыңғайсыз жағдайларға, оқыс оқиғаларға тап болғанын аналық жүрекпен сезіп, пайымдап отыратына таң қалатынбыз. Сонда анамыздың кеудесінде бір жүрек қана емес, бес жүрек дүрсіл қағып тұрған екен-ау.
Жұмыр жерге тараған пандемия кезінде анам бірнеше мәрте е инсульт алды. Күніге қасында болатынмын. Таңертең жұмысқа кетерде бетінен сүйіп шығып, түсте үйге келген бойда қасына баратынмын. Есімде 2021 жыл еді. Жұмысқа шығып бара жатсам, анам: «Балам, әкім болғаның құтты болсын! Еліңе ерінбей еңбек ет! Енді көп шаруаны өзің шешетін боласың, Алла абырой берсін!» – деді. Ол кезде мен аудан әкімінің орынбасары болып жұмыс істейтінмін. Түс көрді ме, әлде Алла аян берді ме, ол жағы жұмбақ. Бірақ анамның әулиелігіне әлі күнге таңғаламын. Алты қат аспан астында, анаңдай тілеуші, жанашыр адам болмайтынына көзім жетті.
Ақыры денсаулығы қайта сыр беріп, 2021 жылы 15 шілде күні 77 жасында көз жұмды. Қайтыс боларының алдында маған бәрін түсіндіріп, «сүйегіме ана кісілер түссін, жекжаттарға хабар беруді ұмытпаңдар, әулетіңе еге бол» деген сияқты шаруалардың бәрін қағазға түсіріп алуымды тапсырып кетті. Шындығында, анам алдын ала тапсырмаған болса, қаза үстінде қиналып қалар ма едім. Сонда да кейде әлі де балаларының, немере-шөберелерінің қасында бірге жүре тұрғанда деп өкінішімізді білдіріп қаламыз. Бірақ Алланың өлшеп берген ғұмырына бізден не шара.
Анам тіршіліктегі әйелге тән барлық қарызы мен парызын адал өтеген бақытты ана болды десем қателеспейтін шығармын. Менің мәңгілік сағынышым өзіңізсіз! Жаныңыз жәннатта болсын, асыл да ардақты менің анам!
Ерлан ҚЫДЫРАЛЫҰЛЫ,
Жамбыл ауданының әкімі