Жангелді Жайлауұлының айтуынша, «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры былтыр әр өңірдегі белсенді азаматтардың бастамасымен құрылған. Осы уақыт аралығында қордың қатары елдің ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтармен толыға түскен.
– Бүгінде қоғамдық қордың жақтастарының саны 8 мыңнан асып жығылады. Олардың арасында кәсіпорындардың жұмысшылары, фермерлер, кеншілер, құтқарушылар, дәрігерлер, мұғалімдер мен журналистер, түрлі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар. Қордың Қазақстанның әрбір аймағында өз өкілдігі бар. Облысымыздағы өкілдік өңірлер арасындағы көшбасшылардың бірі. «Әділдік және өркендеу» қорының әрбір әлеуметтік жобасына, түрлі бастамаларына жамбылдықтар белсенді қатысуда. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігіне, жол мен мектептегі тамақ сапасына қатысты жүргізілген әлеуметтік мониторингке белсенді қатысып, жауап берді. Мониторингтің қорытындылары жауапты мемлекеттік органдарға жіберілді, – деген Ж.Омаров өңірлік өкілдік былтыр облыс көлемінде 54 іс-шара өткізгенін жеткізді.
Жалпы қордың негізгі мақсаты – еңбек адамының құқығын қорғау. Осы бағытта облыстық өкілдік ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.
– Біздің заңгерлер еңбек адамдарына тегін заң көмегін көрсетеді. Кездесуді пайдалана отырып бір маңызды мәселені көтергенді жөн көріп отырмын. Еңбек қатынастарын реттеу – еңбек шартын жасаудан басталады. Қазіргі кезде жас мамандар еңбек шартының маңызын түсінбейді, талап етпейді. Кейін айлық төлемей немесе басқа да бір бұзушылық болғанда дәлелдеу қиынға соғады. Естеріңізде болса, өткен жылы Таразда оқу жылының ортасында жабылып қалған жекеменшік мектептің мұғалімдері айлықсыз қалған еді. Біз мұғалімдерге тегін заңгерлік кеңес алуға көмектестік. Бірақ мұғалімдерде еңбек шарты болмағандықтан көп қиындықтар туындады. Дәл осындай жағдай Тараз қаласының тұрғыны Александра есімді қызда да болды. Ол үкіметтік емес ұйымда жұмыс істеген. Басшысы айлық төлемеген. Еңбек шартына қол қойылмаған, сондықтан сотқа беруден бас тартты. Бұдан бөлек даяшы болып қызмет етіп жүрген жастарымыз, маусымдық жұмысқа шығып жүрген жандар бар. Олардың да құқықтары қорғалмай жатыр, – деді спикер.
Сонымен қатар Жангелді Жайлауұлы қор өткен жылы Еңбек күнін ерекше атап өткенін жеткізді. Мерекеге орай «Адал еңбек – 2024» республикалық байқауы ұйымдастырылып, жамбылдықтар үздіктер қатарынан көрініпті. Нақтылап өтсек, ең жоғары разрядтағы газбен кесуші, тараздық жұмысшы Қуанышбек Әбдуалиев бас жүлдеге лайық деп танылса, ІІ орынды 28 жастағы дәнекерлеуші Төрекелді Тұрмағанбет иеленіпті.
– Біздің мақсатымыздың бірі – жастардың азаматтық көзқарасын қалыптастыру. Заң факультетінде оқитын студенттер тұрғындарға қоғамдық қабылдау барысында құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл жыл аясында қор бірқатар төл бастамасын жария етті. Олардың бірі – жосықсыз жұмыс беруші реестрі. Яғни қор Еңбек кодексін бұзып, жұмыскердің еңбек құқығын бұзған әрбір жұмыс берушіні арнайы тізімге қосады. Болашақта реестрге кірген жұмыс беруші басқа жұмыс іздеп жүрген адамдарды алдай алмайды. Еңбек қатынасын реттеуде елімізде алғашқы рет жасалғалы отырған реестр – қоғамдық бақылаудың маңызды тетігі болмақ. Қор бастамаларының қатарында «Еңбек даңқы» онлайн-кітабы бар. Бұл адал еңбекпен отбасын асырап, ел экономикасын еселеуге үлес қосып жүрген сіз бен біздің жақындарымыздың есімі жазылатын естелік кітабына айналады, – деген баяндамашы қор журналистер мен блогерлер арасында «Еңбек адамы туралы ең үздік материалға» байқау жариялайтынын хабарлады.
Конкурсқа журналистер және кемінде 3 мың жазылушысы бар блогерлер қатыса алады.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Отан отбасынан басталады
Ұқсас жаңалықтар
«Крещение господне»: шомылу кезінде қандай ережелерді сақтау керек?
- авторAR-AY
- 17 қаңтар, 2025