Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастарға 136 бос жұмыс орны ұсынылды

Жастарға 136 бос жұмыс орны ұсынылды
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі

Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «...біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», деген еді.

Осыған орай елімізде еңбек адамдарын дәріптеу, жастарды жұмыспен қамту бағытында түрлі іс-шаралар өтуде. Кеше облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Скиф Трейд» сауда орталығында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

Іс-шара барысында жұмыс берушілер өз компаниялары туралы ақпарат беріп, бос жұмыс орындарын ұсынды. Жұмыс іздеушілер өз кезегінде қызмет ұсынушы тараппен тілдесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Ерсаят Қоңырбайдың айтуынша, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі – жастардың жұмыссыздығымен күресудің бірден-бір амалы.

– Бүгінгі іс-шара жастарға қолдау көрсету үшін ұйымдастырылуда. Облыс көлемінде 19 бен 35 жас аралығында 355 мыңға жуық жас бар. Оларды қоғамның белсенді азаматтарының қатарына қосу маңызды міндет. Әулиеата жастары осы жәрмеңке арқылы бос жұмыс орындары, құқықтық сауаттылық және тағы басқа өздерін толғандырған сауалдар төңірегінде жауап таба алады. Әр адам өз мүмкіндігін жүйелі пайдалану арқылы жетістікке жетеді. Бұл бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан іс-шара. Өткен жылы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне 2 461 жұмыс беруші мекеме қатысып, 7 993 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 7 515 жас қатысты. Жәрмеңке қорытындысымен 156 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға, 18-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 249-ы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша, 367-сі тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Сонымен қатар 991 жас консультациялық кеңес алды, – деді Е.Қоңырбай.

Жәрмеңкеге келушілерге Тараз қаласы бойынша мансап орталығы филиалының мамандары пайдалы кеңестер беріп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар жайлы хабардар етті.

Айта кетейік, жәрмеңке барысында Сәуле» кондитерлік зауыты, «FIRKAN», «Тәтті себет» сауда дүкендері мен «Qazaq oil», «Helios» жауапкершілігі жектеулі серіктестігі, ҚР Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімі секілді 72 жұмыс беруші мекемеден 136 бос жұмыс орны ұсынылды.

Жәрмеңкеге келген жастар мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысты. Тіпті баласына лайықты қызмет іздеген ата-аналар да болды. Мәселен, ұзақ жыл «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде энергетик болып еңбек еткен, бүгінде зейнеткерлікке шыққан Еркін Қонақбаев ұлына еңбекақысы көбірек жұмыс іздеп келді. Нәтижесінде «Qazaq oil» жанар-жағармай құю стансасына заңгер қажет екендігі анықталып, екі тарап байланыс нөмірлерімен алмасты.

Мұнда келушілердің арасында студент жастар да аз болмады. Солардың бірі – Сағынбай Нұртілеу. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде 4-курста білім алатын Сағынбай мансап орталығының мамандарынан бітіруші түлектер қандай бағдарламалар бойынша жұмысқа орналаса алатынын сұрауға келіпті.

– Жоғары оқу орындарының түлектері бос жұмыс орындары үшін талас-тартысқа түседі. Сондықтан бос жұмыс орындары туралы мәліметті басқалардан бұрын білу маңызды. Бір мезгілде бірнеше жұмыс берушімен әңгімелесу өте ыңғайлы. Сонымен қатар интернеттегі немесе еңбек биржасындағы хабарландырулардан айырмашылығы – мұнда жұмыс берушімен бетпе-бет кездесіп, толғандырған сұрақты қоюға болады. Ал жүзбе-жүз әңгімелескен кезде міндетті түрде көп ақпарат аласыз. Әрі мансап орталығының мамандары бізге жастарға арналған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы туралы мәліметтермен бөлісті, – деді студент С.Нұртілеу.

Жәрмеңке қорытындысымен 30-40-қа жуық жас жұмысқа орналасатын болды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар