Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отан отбасынан басталады

Отан отбасынан басталады
Ашық Дереккөз
«Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Отбасы берекесі – имандылықта» тақырыбында жас отбасылармен кездесу өтті.

Келелі мәселе қозғалған кездесудің мақсаты – жас отбасыларға кеңес беріп, қоғам назарын отбасы құндылықтарын нығайтуға аудару.

Жиынды орталық директоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали жүргізді. Алғысөзді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов алса, одан кейінгі ойды облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Зәуре Тұрғынова жалғады. Сонымен қатар дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы Нұрдос Рахымжан «Қазақ даласындағы отбасы институты» тақырыбында баяндама жасап, отбасы құндылықтарына қатысты әңгіме өрбітті.

Тараз қалалық «Әулие-ата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев өз кезегінде ерлі-зайыптылардың бақытты болу жолдарын имани тұрғыдан сараптап, өз ой-пікірімен бөлісті. М.Х.Дулати атындағы Тараз  университетінің аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратов отбасы және қазіргі қоғамдағы отбасында кездесетін түйткілді мәселелерге шолу жасады.

Ол жаһандану дәуірінде отбасылық құндылықтарды сақтаудың маңызына баса тоқталды. Отбасы құндылықтарын келер ұрпақтың бойына сіңіру арқылы ұлттық келбетті сақтауға болатынын сөз етті. Тек берiк отбасылық дәстүрлерi орныққан ел ғана мығым әлi мызғымас ел болатындығын айрықша атап көрсетті.

Ал облыстық «Jambyl» телеарнасының журналисі Қасымжан Байкүшіков отбасы мәселесіне арналған бағдарламалар туралы айта отырып, оның қоғамдық қызметін аса маңызды институт ретінде бағалауға кеңес берді. Сондай-ақ шаңырақ шаттығы мен ата-анаға деген құрметін білдіріп, отбасы сыйластығы жайлы терме орындап берді.

«Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады» демекші, ел тұтастығы, мемлекет келешегі, ұрпақ жетістігі отбасы бақытынан бастау алатынын айғақтаған кеш мазмұны рухани құндылыққа толы болды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар