Ел арасында құрметке ие, қарапайым еңбек өкілінің бірі – ұста Абзал Шымыр. Жақында заманауи пештерді жөндейтін ұста, жылу жүйесін, жылы еден жүргізетін шебермен кездесіп, сөзге тартқан едік.
– Бұрын мұндай жұмыстардың барлығы орыс немесе неміс ұлтының өкілдерінің ғана қолынан келетін. Әлі күнге дейін сантехникалық жұмыстардың қыр-сырын орыс қана біледі деген оймен күн кешеміз. Осы іске қабілеті бар қазақты көргенде «неміс» дейтініміздің мәнісі сол. Бұл отарлау саясатының жемісі болар. Киноларды қарап отырсаңыз, қазақты дәрменсіз, қолынан түк келмейтін етіп көрсетеді. Әйтпесе қазақтың қолынан бәрі келеді. Қазір заманауи аспалы (настенный), басқа да пештерді жөндейміз. Біз де кезінде «орыс-неміс емес, мұны қазақ та істей алады» деген оймен намысқа тырысып үйренгенбіз. Кәсібім өзіме ұнайды. Табысы да жақсы, әрі елдің алғысын алып жүреміз, – дейді Абзал Шымыр.
Осы орайда ойға бір сұрақ оралып, оны іркіп қала алмай: «Жастардың мамандық таңдауындағы қателік дейміз бе, жылына көп қаражат төлеп, әке-шешесіне салмақ салып, нәтижесінде дұрыс маман болып шықпай жатқанын көріп қаламыз», – деп, одан әрі сөзін сабақтай түсуін күттік.
– Жастардың грантқа түсе алмағандықтан ақылы оқып жүргеніне жиі куә боламыз. Ол бала ертең өзі қаламаған мамандықты игеріп, алып кетсе бір жөн. Әйтеуір, «пәленшенің баласы оқыған оқуды менің де балам оқысын» деп жатамыз. Жастардың жоғары оқу орнын бітіріп, жақсы маман болып кетуіне тілектеспіз. Алайда әр ата-ананың баласын оқытуға шамасы жете бермейді. Сондықтан дәнекерлеуші, сантехник, электрик, архитектор, шаштараз сияқты мамандықтарды игеріп шықса, біріншіден, өрендер табысты да жақсы табады. Екіншіден, сұранысқа да ие. «Жұмыс жоқ» деген жоғалады, жұмыс таңдамаған оңалады». Өзге ұлт өкілдерінің саудаға икемді, кәсіпке қаблеттілігін көріп кейде намыстанасың. Жастар қай салада болсын, өз ісінің шебері болса екен деймін. Қазақша айтқанда, етікші болсаң да өз мамандығыңның шебері болған дұрыс, – деген ұста үйренем деген ниет болса, адам барлық істі меңгере алатынын айтады.
Расында, ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда.
Ол бұл кәсіпке өз қызығушылығымен келген нағыз маман. Жастар осындай тірлікте епті болса, қай мамандықтың егесі болса да ел ішінде сыйлы, табысты болатыны анық. «Жұмыс қиын екен» деп бастаған істі орта жолда тастап кетуге болмайды. Ер-азаматтың қолынан іс келуі жақсы нәрсе. «Орыс біледі» деген ойдан арылып, жастарды еңбекке баулудың маңызы жоғары. Абзал айтпақшы, қазақта расында да бір жаман әдет бар. «Әй, осының қолынан келер ме екен, құртады ғой бұл» деп, іске бел шеше кіріскен баласының өзіне сенім артудың орнына күмәнданып, жалтақ қылып тастайды. Өзге ұлт өкілдері баласы 16-ға толса болды, оған зор сенім артып, тірлікке бейімдейді.
Мақсат БЕГІЛДӘ,
Тараз қаласы