Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Паралимпиаданың алтынын алмайынша жаным тыным таппайды»

«Паралимпиаданың алтынын алмайынша жаным тыным таппайды»
Ашық Дереккөз
Франция астанасы Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғаған саңлақтарымыз 9 медаль еншілеп, Токиодағы үздік көрсеткішін жаңартты. Жамбыл жұршылығы әсіресе суға жүзуші Нұрдәулет Жұмағалидың жеңісіне айрықша қуанды. Паралимпиада ойындарына екінші рет қатысып тұрған жамбылдық жүзу шебері Токио олимпиадасында алған қола жүлдесін күміске алмастырып, мерейімізді өсірді. Жақында кезекші жарысына дайындалып жатқан жас спортшымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Спорттық мансабыңыздағы екінші Паралимпиадада күміс медальға қол жеткізіп, еліміздің абыройын асқақтаттыңыз. Аз-кем артқа шегініс жасап, Париж сапарынан алған әсеріңізбен бөліссеңіз...

Франция төріндегі жеңістен кейінгі жүрек толқынысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Алтынға біртабан жақындағаннан шығар, Токиода қола медаль алған кездегі сезімге мүлде ұқсамайтын көңіл күйге бөлендім. Мұның бәрі халықтың қолдауының арқасы. Барша қазақ жұрты, әсіресе жерлестерім – жамбылдықтар қошеметпен қарсы алғанда өзімді өте бақытты жан сезіндім.

Әуежайдан құшақ-құшақ гүлшоқтармен күтіп алып, жылы лебізін білдірген жанкүйерлердің қошеметі барлық атақтан, жүлдеден де қымбат. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі құттықтап, 2028 жылы өтетін Паралимпиада ойындарынан алтыннан алқа тағынып қайтуыма тілектестік білдірді. Жазғы Паралимпиададағы көрсеткішім үшін демеушілердің тарапынан 2 бөлмелі пәтер мен «Toyota Camry 75» автокөлігінің кілті табысталды. Жеке жаттықтырушым Саттар Бейсембаевқа да ілтипат көрсетіліп, «Haval M6» автокөлігі берілді.

Маған сенген халықтың қолдауы мен жылы сөздері жеңіске жетуіме ықпал етті. Жанкүйер болған барша спортсүйер ағайынға алғысым шексіз. Алдағы уақытта да байрақты бәсекелерде топ жарып, ел сенімін ақтай беремін.

– «Мың шақырымдық жол – алғашқы қадамнан басталады» демекші, оқырмандарымызға спортқа қашан, қалай келгеніңізді айтып берсеңіз...

Спортпен достығым екінші сыныптан, яғни сегіз жасымнан басталды. Бала күнімнен ерте тұрып, жүгіріп, жаттығулар жасайтынмын. Негізі былғары қолғап шебері болғым келетін. Бірақ денсаулық жағдайыма байланысты бокспен айналыса алмадым. Кейін футболды серік еттім. Бірде аяғымды сындырып алып, футболды да тастап кеттім. Сонда әкем футбол жарақат көп алатын спорт түрі екенін айтып, бассейнге алып келді. Осылайша 11 жасымда жүзу спортымен таныстым. Бастапқыда мүлдем қызықпадым. Тек әкем айтқан соң барып жүрдім. Тіпті жүзуден жарыстар не үшін ұйымдастырылатынын түсінбейтінмін. Алғаш қатысқан жарысымда жеңу туралы мүлдем ойламастан, асықпай жүзіп шыққаным есімде. Байқасам, жүлдегер атанған балалар жетістігіне ерекше қуанып жатты. Ата-аналары да ұлдарының қабілетіне риза болып, бақыттан бастары айналып жүрді. Сонда ендігі жарыстарда міндетті түрде жеңіске жетемін деп алдыма мақсат қойдым. Осылайша жарты жылдай облыстық деңгейде ұйымдастырылған жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көріне бастадым. Уақыт өте келе, республикалық жарыстарға да қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинмен бірге бірнеше жарысқа қатыстым. Дегенмен денсаулығыма байланысты Олимпиада ойындарында өнер көрсета алмадым.

Спортшылар әр жарыстың алдында медициналық тексерістен өтетінбіз. Жыл өткен сайын көру қабілетім нашарлай бастады. Дәрігер мұндай көру қабілетіммен тек Паралимпиада ойындарына қатыса алатынымды айтты. Шыны керек, қатты таңғалдым. «Мақұл» дедім де шығып кеттім. Жаттықтырушыммен ақылдастым. Ойлана келе, мұндай мүмкіндік көп адамға берілмейтінін түсіндік және оны жіберіп алғымыз келмеді. Сөйтіп, Паралимпиада ойындарына қатысуға бекіндім.

Ұзақ уақыт дайындалған еңбегім зая кетпеді. 2021 жылдың сәуірінде АҚШ-та өткен паражүзуден әлем кубогында жеңістің ең биік тұғырына көтерілдім. Арада бірнеше айт өткенде Берлинде тағы бір жеңіске қол жеткіздім. Ал қыркүйекте күллі әлем көз тіккен Токиодағы XVI жазғы Паралимпиада ойындарына қатысып, қола жүлдені қанағат тұттым.

– Спортшының мансабы ұзақ жылдарға созылмайтыны белгілі. Әлі қанша жыл спортта жүру жоспарыңда бар?

– Күш-қуатым қанша жасыма дейін жетсе, сол уақытқа дейін спорттық бәсекелерге қатысатын боламын. Алдымызда не болатынын білмейміз. Әзірге спорттан кету жайлы ойланған жоқпын. Паралимпиада ойындарында қазақ еліне алтын сыйламайынша жаным тыным таппайды. 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көріну үшін дайындықты қазірден бастап кеттім.

– Мемлекет тарапынан пара спортшыларға қандай жағдай жасалуда? Көңіліңіз тола ма?

– Бұрынырақта пара спортқа тиісті деңгейде қолдау көрсетілмейтін. Қолдауға, құрмет-қошеметке он екі мүшесі сау спортшылар кенеліп жататын. Қазір бәрі өзгерді. Шүкір, пара спортшыларымызға да барынша қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде жыл санап пара спортшылардың да, бапкерлердің де қатары артып келеді. Жалпы қолдау болған жерде спортшы да аянбай тер төгуге дайын болады.

Бір нәрсені ерекше айтып өткім келеді. Пара спортшылардың жеңісінің артында үлкен күш-жігер, өмірге деген талпыныс, құштарлық жатыр.

– Париж Олимпиадасынан соң қазақстандық спорт жанкүйерлері жеңілістерді ауыр қабылдағаны жасырын емес. Сіздің ойыңызша, спорт саласының деңгейін тағы бір сатыға көтеру үшін не істеу керек?

– Жазғы Олимпиадада спортшыларымыз нашар өнер көрсеткен жоқ десек те, «әттеген-ай» дегізген сәттердің де болғаны жасырын емес. Спортшы үшін ең ауыры – Олимпиададағы жеңіліс. Сондықтан спортшыларға елге жеңіліспен оралу моральдік тұрғыда оңай болған жоқ. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін әуежайда ұшақтан түскен сәттен бастап аяғын жерге тигізбей, құрмет-қошеметпен күтіп алып жатты. Ал жеңіс тұғырынан көріне алмағандарды тек ата-анасы мен жақындары ғана қарсы алды. Сол жағдайларға куә болғанда көңілім құлазыды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, өмірдің өзі жеңіс пен жеңілістен тұрады. Спортшының сағын сындыруға болмайды.

Спортшылар еліміздің мәртебесін әлемдік ареналарда асқақтатып жүргенін ұмытуға болмайды. Сол себепті Үкімет спорт саласына барынша назар аударса, әсіресе шалғай ауылдардағы спортты дамытса жөн болар еді. Өкінішке қарай, ауылдарда спорт саласы әлі де ақсап тұр. Сондай-ақ бапкерлерге лайықты жағдай жасалса дейміз. Талантты бапкерлер елімізден қолдау таппай жүргенін Мемлекет басшысының өзі де айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде сөйлеген сөзінде осы мәселені көтерген болатын. Президентіміз айтқандай-ақ, жеңіс жолында спортшы ғана емес, сол саланың көптеген маманы да тер төгеді. Жауапты сәттерде спортшыларымыздың қасында болып, қолдау көрсететін жаттықтырушылар. Өкініштісі сол, бапкерлеріміз мемлекетімізден қолдау көрмеген соң басқа елге барып, өзге елдің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындап жүр.

– Былтырғы Паралимпиада ойындарының финалында неміс спортшысы Талисо Энгельге есе жібердіңіз. Талисо Токиода да жеңімпаз атанған. Мұндай жағдай спортшыларға психологиялық тұрғыда әсер етпейді ме? Спортта қарсылас, өмірде жақын бауырға айналған достарыңыз бар ма?

– Токиода да, Парижде де Талисо Энгель алтыннан алқа тағынып қайтты. Бір қарсыласқа екі рет есе жібергеніме сәл құлазығаным рас. «Жеңіске жете алмауыма не кедергі болды?» деп, елге оралғаннан кейін сараптама жасадым. Сонда екеуміздің дайындығымыз мүлде бөлек екенін түсіндім. Қазақстанда көбіне тек хобби ретінде қабылданатын суға жүзу спорты Еуропада қатты дамыған.

Десе де жарыс жолында қарсылас болғанымызбен Талисо екеуміз өмірде доспыз. Әлем чемпионаттарында да жиі кездесіп тұрамыз. Одан бөлек әзербайжандық Вели Исрафилов, Роман Солей, Беларусь спортшысы Игорь Бокий секілді жүзу шеберлерімен жақсы қарым-қатынастамыз.

– «Жанкүйерлердің қолдауы жігерімді жаныды» деген сөзді спортшылар жиі айтады. «Халықтың сенімін ақтай алмай қалсам не болады?» деген уайым да жиі болып тұра ма? Осы қорқыныш, ішкі арпалыс жарыс жолына шығуға кедергі болмай ма?

– Кез келген ірі жарысқа қатысу психологиялық тұрғыда қиын болатыны рас. Мысалы, Токио Паралимпиадасының алдында денсаулық жағдайыма байланысты біраз жаттығуды өткізіп алдым. Ауырып жүргенде антибиотиктер мен вирусқа қарсы дәрілерді көп қабылдадым. Ал оның бәрі спортшының денсаулығына кері әсерін тигізеді. Иммунитет әлсірейді. Бірақ мен оған мән бермеуге тырыстым. Паралимпиада ойындарының алдындағы дайындыққа, қалпыма келуге 5-6 күн ғана уақытым болды. Коронавирус пандемиясы кезі болғандықтан карантинде ауруды қиын өткердім. Осының бәріне қарамастан алдыма жеңіспен ораламын деген мақсат қойып, аз уақыттық дайындықпен, ауырғаныма мән берместен жарысқа шығып кеттім. Сондықтан миыма «Ұтылып қалсам қайтемін?» деген сауалмен психологиялық қысым түсірмеуге тырысамын.

Спортшы үшін бәрінен маңыздысы – жақындарының қолдауы. Егер қолдау болса, кез келген қиындықты еңсеруге болады. Тағы бір маңызды нәрсе – тәртіп, ол бар жерде нәтиже болады. Уақытында ұйықтап, тамақ ішіп, жаттығудан қалмау керек. Өзіңе сенім айтар халық барда уайымға салынуға болмайды, толқыныс пен қобалжуға салқынқанды қарап дағдыланғанмын.

– Белгілі спортшы Нұрдәулеттің жұртшылық біле бермейтін қандай қырлары бар екен?

– Жалпы өзім «жігітке жеті өнер де аз» деген ұстаныммен жүремін. Әр нәрсені көріп, үйренуге тырысамын. «Әу» демейтін қазақ жоқ» демекші, гитарада ойнап, ән айтып тұрамын. Кітапті жиі оқып, тауға шыққанды ұнатамын. Жылқыны жақсы көргендіктен көкпар, бәйге сынды ұлттық спорт түрлері жаныма жақын.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз... Жуық жылдарда бапкерлікке бет бұру ойыңызда бар ма?

Әуелгі мақсатым – әлемді шарлап, саяхаттау. Реті келгенде бұл арманыма арнайы уақыт бөлетін боламын. Болашақта қандай таңдау жасасам да спортқа қатысты болмақ.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Денешынықтыру және спорт» факультетінде білім алғанмын. Бапкер атанып, шәкірт тәрбиелеу бойынша қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Спорттағы арманым басқа. Бәрін де уақыт көрсете жатар.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар