Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ана безсе баладан...

Ана безсе баладан...
Ашық Дереккөз
Әйел атаулының алпыс екі тамырын иітіп, тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп «шыр» етіп дүниеге келген әрбір сәби буыны қатып, бұғанасы бекігенде де, жасы алпысты алқымдағанда да анасының алдында нәркес-нәресте болып қала бермек. Дүниеге әкелген ананың айналайыны баласын суыққа тоңдырмай, қарнын тойдырып, өзін бақытты сезіндіруге қауқары жетсе, сол бақыт. Ана сондықтан да қымбат, сондықтан биік. Анаңның жұмыр жердің бетінде аман-есен жер басып жүруінің өзі дәтке қуат, жанға медет. Себебі ол адам баласының Құдайдан кейінгі құдіреті.

Бар қателігіңді кешіріп, бар күнәңнан ақтап, бар жақсылықты басыңа үйіп-төгіп, әлем теріс айналса да қасыңнан кетпейтін жалғыз адамның әп-сәтте бөтен жанға айналып, тастап кете баруы мүмкін емес сияқты. Бірақ өмірдің өзі кей-кейде ең жақын адамың – анаңның да қателесуіне жол береді. Тастап кетуіне ықпал етеді. Соған жеткізеді. Сөйтіп, кіндігі бір-біріне байланған ең жақын екі адамды бір-бірінен көзінің тірісінде-ақ айырады. Әрине, ананың баладан безуі адам айтса сенгісіз, тіпті ешкім ақтап ала алмайтын, ешбір шеңбер-сызыққа сыймайтын дүние. Алайда мәселеге терең үңілген жан оның да себеп-салдары бар екенін ұғынады.

Мәселен, әлі аузынан ана сүті кеппеген 16 жасар Алиманы оқудан келе жатқанда жолай тоқтаған егде жастағы такси жүргізушісі көлігіне мінгізіп, айдалаға апарып, ойындағысын жүзеге асырып тастап кеткен. Аты-жөні мен түр-түсі есінде қалмаған егде кісіге деген өшпенділік өзегін кернеген жас қыз сол оқиғадан кейін өмірден түңіліп кетеді. Алайда мұнымен басына төнген сынақ біте қоймады. Құрсағына біткен шарана жас ананы өмірден тіпті жирендіріп жіберді. Сол бір қасіретке толы түнді есіне сала берді. Сөйтіп, дүниеге келген егіз қыз ана сүтінен ғана емес, ана мейірімінен де қағылды. Әкесі белгісіз, анасы тастап кеткен тірі жетім атанды.

Алайда Алиманың ата-анасы күнәсіз қос бүлдіршінді бауырына басты. Міне, сол уақыттан бері жиырма жылдың жүзі өтсе де Алима дүниеге келген қыздарын да, баласын асырап алған ата-анасын да кешіре алмады.

– Туған жер, қара шаңырағымды, мені мәпелеп өсірген ата-анамның әрбір еркелеткен сәтін ұмытпадым. Жақсы көремін. Бірақ әлгі қарғыс атқан түнге деген жек көру сезімі бәрін басқаша етті. Бүкіл жер бетіндегі тіршілік иесі менен теріс айналып, ата-анам арымды таптап жатқан сияқты. Арада жиырма жыл өтті. Осы уақыт ішінде қиындығымды бір сәт те ұмытпадым. Менің өмірімді тас-талқан еткен адамнан туған балаларды бауырына басқан әке-шешемді кешіре алмадым. Керісінше, жыл өткен сайын жүрегімдегі қорқыныш ұлғайып жатыр. Өзім жүздерін бір рет те көрмеген қыздар соңымнан іздеп келіп, «Ана» деп айтса қайтпекпін?! Бұл мені түнде түсімнен, күндіз күлкімнен айырған ең үлкен үрейім. Егіздер жиырмаға толды. Олардың қай сағатта, қай күні дүниеге келгенін жатқа білемін. Алайда не өзімді кешіре алмадым, не мезгілсіз дүниеге келген қыздарға деген аналық сезімімді оята алмадым. Себебі олардың қандай себеппен дүниеге келгені көз алдымда. Мейлі, мені қоғам «қатігез ана» деп атасын. Теріс айналып кетсін. Тіпті адам ретінде көрмесе де ішімдегі мұң-шеріммен алысып, түйінін шеше алмаған бейбақ болып ғұмыр кеше беремін. Менен әлдекім «Балаларыңды неге тастап кеттің?» деп сұрар болса, тағдырыма үңіліп көрсін. Оқуымды бітірмедім. Арманым орындалмады. Еркек атаулыны жек көруден жас болып сейілдеп жүре алмадым. Тұрмысқа да шықпадым. Өз ата-анамнан тірідей кетіп, өзім де балаларымнан тірідей айырылдым, – деп егілді Алима.

Біз үнсіз қалдық. Ішкі күйзеліс, сетінеген сенім, үзілген үміттің кесірінен ана мен бала бір-бірінен ажырап қалды. Кім білсін, күндердің күні адасқан тағдырлар қайта тоғысар. Біз соған тілектеспіз.

Ал қазақтар бауырына басқан орыстың сары баласы Алексей туралы ауыл-аймақ түгел біледі. Осы ауылдың тұрғыны болған Алексейдің туған анасы Валентинаны да танымайтын жан кемде-кем. Бірақ отыз жыл бойы Валентина қайда жүрді? Ол өз ұлын неге тастап кетті? Осы сұрақты Валя апайдың өзіне қойып көрдік.

– Мен үлкен махаббатпен отбасын құрдым. Дүниеге Алексей келді. Алайда ұлым екі жасқа толғанда күйеуім төбелес барысында адам өлтіріп қойып, жиырма жылға сотталып кетті. Өзегімді өртеген өкінішті ащы сумен бастым. Сонда ғана күйігім азайды. Кейін тіпті баламның қайда қалғанымен шаруам болмай, көше кезіп кеттім. Сонда көршілерім екі жастан енді асқан Алексейді асырап алды. Кейін ұлым 10 жасқа қараған шағында іздеп барғаным есімде. Бірақ балам маған келмей, бағып-қаққан анасынан айырылмай қойды.  Өмірімнің жиырма бес жылын ішкілікке арнаппын. Кім білсін, бір күні көшеде бөтелке құшақтаған күйі көз жұмар едім, егер Ардақ есімді азаматпен таныспағанымда. Ол мені балшыққа батқан жерімнен шығарып алды. Емдетті. Баладай мәпелеп қарады. Менің өз қалпыма келуіме тағы бес жылдай қажет болды. Сөйтіп ес жиып, етек-жеңімді жинап, отыздан асқан ұлым Алешаны іздеп бардым. Ол мені бірден таныды. Құшағымыз айқаса кетті. Осылайша ұлымды қолымызға алдық. Қазір Алексей орысша үйреніп жүр. Қазақша есімі – Әлібек. Ұлымды асырап-баққан қазақтардың алдында мәңгілік қарыздармын. Қазіргі таңда Әлібек баққан анасына жиі барып тұрады. Сол кісінің отымен кіріп, күлімен шығады. Айша апайды «Анашым» деп атайды. Ал маған енді үйреніп келе жатыр. Не болса да баламды бауырыма қайта басқаныма қуаныштымын. Менің қателігімді ешкімнің басына бермесін, – дейді Валерия.

Аяулымның бес айлығында әке-шешесі ажырасып кеткен еді. Сонда бесіктегі қызға қарамастан анасы: «Мен басқа ер-азаматпен бақытты боламын. Сенімен табыса алмаймын. Ал қыз маған қолбайлау болады», – деп қаша жөнелген.

Көп ұзамай әкесі екінші рет отбасын құрады. Кішкентай қыз аға-жеңгесінің тәрбиесінде қалады. Олар туған қызындай бауырына басып, бар махаббатын арнайды. Ол өзін баққан адамдарды туған әке-шешесі деп ойлапты. Алайда бір күні соғылған қоңырау оны шындықтың бетіне тура қаратады.

– «Сіз менің туған әпкемсіз, сіздің бір анадан туған ініңізбін. Кездесейікші» деп бір жігіт қоңырау шалды. Телефонды тастай салдым. Түк түсінбеген күйі ішімнен тындым. Тамағыма тас түйілді. Алайда кездесуге шақырып қоймаған соң әжеммен сөйлестім. Әжем болған жайды баяндап бергенде сене алмадым. Мені аялап өсірген анамның өгей екеніне сенгім келмеді. Бірақ іштегі бір дүлей күш тастап кеткен анамды көргісі келді. Көзіне тік қарап, «Мені неге тастап кеттің?» деп сұрауға асықтым. «Бәлкім елжіреп, құшақтай алармын. Жақсы көрмеуім мүмкін емес, менен аумайтын шығар» деген сияқты түрлі ойдың жетегінде айтылған мекенжайға бардым. Анам да, мен де Таразда тұрады екенбіз. Бір іздемегеніне таңғалдым. Есік ашылғанда жасы өзіммен қатар жігіт құшақтай алды. Жанары мейірімге тұнып тұр. «Әпке, біздің анамыз бір, туған ініңізбін» дейді. Бір-ақ жас үлкен екенмін. Яғни анамның мені іздеуге уақыты болмай, лезде тұрмысқа шығып кеткенін ұқтым. Үлкен дастарқан басына жайғастық. Жарты сағат өтті. Мен іздеп келген адам көрінбеген соң інімнен «Мамаң қайда?» деп сұрадым. «Ас үйде отыр, келуге ұялады» деді ол. Сол сәт оның алдына өзім бардым. Ол басын көтермеген күйі: «Қызым, кешір!» деп күбірледі. Мен бірден «Мені неге тастап кеттіңіз?» деп сұрадым. Ол үнсіз отыра берді. «Біз ешқашан көшпедік. Мекенжайымыз ешқашан ауыспаған. Мектеп бітіргенде қайда болдыңыз? Тұрмысқа шықтым, тойға келмедіңіз бе? Күйеуім өмірден озды, қайғымды бөліспедіңіз бе? Мені баққан әкем де бақилық болды. Алайда көз жасымды сүртіп, түн ұйқысын төрт бөлген адамның менің өгей шешем екенін сезбедім. Сезіндірмеді. Кешіріңіз, мен сізді кешіруге, құшағыңызға тығылуға, қайғымды бөлісуге келіп едім. Мүмкін емес екен. Сіз жай ғана мені дүниеге алып келіпсіз. Менің анам үйде, ол мені тумаса да аялап өсірді. Қош болыңыз» деп шығып кете бардым. Соңымнан інімнің «әпке» деп жүгіргенін, анамның «тиме» деп сыбырлағанын естіп қалдым, – деді Аяулым.

Біз де Аяулымның анасына қоңырау шалдық. «Өзім өсірмеген соң жат болып қалыппын. Несін жасырайын, тұрмысқа шықсам, қыз кедергі болар деп ойлап, жастықпен тастап кеттім. Арада неше жыл өтті. Мен оның өміріне араласқым келмейді» деді анасы. Осы сәтте ақын Ботакөз Мұхитденқызының:

«Әкем үшін әлі ертемін, дерт едім,
Алдымда ажал, жан-жағымда бекініс.
Ал шешемнің шерлі өзегін өртедім,
Шикі өкпемін...
Менің атым – өкініш», – деп басталатын шарананың монологына құрылған «Қателік» деген өлең жолдары есіме түсті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар