Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қала тазалығы – баршамызға ортақ

Қала тазалығы – баршамызға ортақ
Ашық Дереккөз
Өңіріміздің тазалығы – баршамызға ортақ іс. Дегенмен бұл міндеттің ауыр жүгін ұзақ жылдардан бері «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқалап келеді. Мұнда 463 жұмысшы күн-түн демей, уақытпен санаспай еңбек етуде.

Шаһардың жасыл желекке оранып, тазалығымен танылуы тек осы мекеме қызметкерлерінің еншісінде деп санағанымызбен бәріміздің де үлес қосуымыз керек-ақ. Егер әрқайсысымыз тазалыққа атсалыссақ, қала көркі бұдан да арта түспес пе еді? Осы мақсатта біз серіктестік директорының орынбасары Талғат Торғаевпен сұхбаттасып, мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстық.

Талғат Болатұлының айтуынша, мекеме өткен жылы жеті қоқыс таситын көлік, екі қар тазалайтын техника және бір экскаватор алып, жұмысын біраз жеңілдеткен. Дегенмен бұл мәселелерді толық шешпейді. Қазіргі таңда жұмысшылардың орташа айлық жалақысы – 160 мың теңге, ал қоқыс таситын көлік жүргізушілері 200-250 мың теңге аралығында еңбекақы алады. Бірақ мекемеде маман тапшылығы өзекті күйінде қалып отыр.

– Көше сыпырушылар жеткілікті, бірақ көгалдандыру мамандары мен көлік жүргізушілері жетіспейді. Себебі көпшілік бұл жұмысты «лас әрі ауыр» деп қабылдайды. Біз қолда бар жұмысшыларды сақтап қалу үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Жұмысшылар таңертең жұмысқа, кешке үйлеріне арнайы көлікпен жеткізіледі. Сонымен қатар түскі үзілісте ыстық тамақ беріледі. Бірақ жастар бұл жұмысқа тұрақтамайды. Екі-үш күн істеп, кетіп қалады, – дейді Талғат Торғаев.

Мекемедегі жұмысшылардың 70 пайызының өз баспанасы жоқ. Дегенмен Жұмысшы мамандықтары жылына жаңа ипотекалық бағдарламаның іске қосылатынын естіген қызметкерлер мәселелерінің шешілетінінен үмітті.

Күнсұлу Сапбергенова – «Жасыл ел-Тараз»-дың «Гүлзар» жылыжайында гүл егумен айналысып жүрген көпбалалы ана. Жұбайы Бауыржан Керімбаев та осы мекемеде көгалдандыру жұмыстарын атқарады.

– Қара жұмыстың ауыртпалығына қарамай тірлігімізді адал атқарып келеміз. Бірақ тұрғындардың кейбірі біздің еңбегімізді бағаламайды. Мұрнын шүйіріп қарайтындар бар. Дегенмен осы жұмысымыз арқылы отбасымызды асырап, күн көріп отырғандықтан елдің сөзіне мән бермейміз. Баспаналы болсақ деген арманымыз бар. Биыл жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады дегенге қатты қуандық, – дейді Күнсұлу Сапбергенова.

Мекемеде көп жылдан бері еңбек етіп жүргендермен қатар, жас мамандар да бар. Жұмыстың ауыр болса да әр қызметкер өз міндетін тиянақты атқаруға тырысады. Солардың бірі – 29 жастағы Жадыра Мұқашова.

– Әр адамның ішкі мәдениеті болғаны дұрыс. Санасы болса, тіпті жақсы. Кейде астына қымбат көлік мініп, шырттай киініп жүрген өзін мәдениетті, парасатты санайтын үлкен қызметкерлердің өзі жолай сусынның бөтелкесін, темекі тұқылын лақтырып кетеді. Тіпті оны қоқыс шелектеріне салмайды да. Арттарынан біз тазалап жүреміз. Таңертең аялдамаларды сыпырып, тазалаймыз. Ал аялдамалар адам көргісіз болып жатады. Тазалық мәдениеті бізде әлі қалыптаспаған. «Көше тазалайтындар осыны жинамағанда не істейді?» деп, шіреніп тұрып қоқыс лақтыратындар жетерлік. Тазалық – ортақ іс. Еңбегімізді бағаласа, бұл бізге үлкен қолдау болар еді, – дейді Жадыра.

Қала тазалығының сақталуы – тек мекеме қызметкерлерінің ғана емес, әр тұрғынның міндеті. Тұрғындардың санасы мен мәдениеті өзгермесе, тазалық толық орнамайды. Сондықтан әр тұрғын қаланың тазалығына үлес қосып, еңбекті бағалауды үйренуі керек.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар