Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қара жәшіктің құпиясы қандай?

Қара жәшіктің құпиясы қандай?
Ашық Дереккөз
Жыл басында елімізде және Оңтүстік Кореяда орын алған ұшақ апаттары қоғам назарын аудартпай қоймады. 25 желтоқсан, сәрсенбі күні сағат 11:20 шамасында Ақтау қаласы маңында қайғылы оқиға болды.

Баку қаласынан Грозный қаласына бет алған әзербайжандық «Az Airlines» әуе компаниясының «Embraer 190» жолаушылар ұшағы әуежайға жетпей құлап, өртке оранды. Ұшақ бортында 62 адам, 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 39 адам қаза тапты. Сондай-ақ 29 адам жарақат алды. Сол секілді 29 желтоқсан күні Оңтүстік Кореяның Чолла-Намдо провинциясында орналасқан Муан әуежайында да жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 181 адам болса, тек екеуі ғана тірі қалған.

Мұндай оқиғалардан кейін қара жәшіктің көмегімен апат себептерін анықтау жұмыстары басталады. Қара жәшік – ұшақтағы маңызды деректерді сақтайтын құрылғы. Негізгі міндеті – ұшақтың ұшу кезінде орын алған техникалық жағдайы мен экипаж мүшелерінің әрекеттерін тіркеу.

Әдетте «қара жәшік» атауы құрылғының сыртқы келбетіне байланысты қойылған деп ойлайтындар көп. Бірақ құрылғы қара түсті емес. Ашық қызғылт сары немесе қызыл түске боялады. Бұл түс апат орнынан құрылғыны оңай табуға мүмкіндік береді. Қара жәшік екі бөлікке бөлінеді: бірі ұшу деректерін, екіншісі пилоттардың кабинасындағы сөйлесулерді жазып отырады. Ұшу деректері ұшақтың жылдамдығы, биіктігі, қозғалтқыш жұмысы сияқты техникалық параметрлерді тіркесе, дауыс жазу құрылғысы апат алдындағы соңғы минуттарда экипаждың қандай әрекет жасағанын, қандай сөздер айтқанын анықтайды.

Құрылғының беріктігі ерекше. Қара жәшік жоғары температураға, қатты қысымға, суға төзімді материалдан жасалады. Тіпті  6 000 метр тереңдікке батып кетсе де 30 күн бойы сигнал беріп, құрылғыны табуды жеңілдетеді.

Қара жәшіктің тарихы 1950 жылдардан басталады. Алғаш рет аустралиялық инженер Дэвид Уоррен ойлап тапты. Бұл жаңалық авиация саласында төңкеріс жасады. Бүгінде әрбір жолаушылар ұшағы мен жүк тасымалдайтын әуе кемесінде аталған құрылғы орнатылады. Қара жәшіксіз ұшақтың әуеге көтерілуіне рұқсат берілмейді. Тіпті ғарыш кемелерінде де ұқсас технологиялар қолданылады.

Болашақта қара жәшіктердің функциялары жақсара түспек. Бұлттық технологиялар арқылы олар деректерді тікелей серверге жіберуге мүмкіндік алады. Бұл апаттан кейін деректерді іздеуді жеңілдетіп қана қоймай, уақытты үнемдейді. Бірақ қазіргі таңда қара жәшік апат себептерін анықтайтын негізгі құрал болып қала бермек.

Ұшу қауіпсіздігі – тек технологияның ғана емес, адам факторына да тәуелді маңызды сала. Қара жәшік – осы жауапкершілікті арттыратын басты құралдардың бірі.

Қара жәшік неге «қара» деп аталады? Тоқтала кетейік, негізінен бұл атаудың бірнеше нұсқасы бар. Біріншіден, құрылғының алғашқы нұсқалары расында да қара түсті болған. Екіншіден, «қара жәшік» ұғымы оның апат кезінде маңызды, бірақ «жасырын» деректер сақтайтынынан шыққан деген де пікір бар. Қазіргі жәшіктер ашық түсті болса да атауы сол қалпы сақталған.

Қара жәшік ұшақтың ең қорғалатын бөлігінде орнатылады. Ол 1100°C температураға 30 минут бойы шыдай алады. Сондай-ақ оған 3400 атмосфералық қысым әсер етсе де ішіндегі деректер жойылмайды. Бұл көрсеткіш құрылғыны жасау кезінде ғарыштық материалдарды пайдаланумен қамтамасыз етіледі.

Қара жәшіктер тек авиацияда ғана емес, ғарыш саласында да кеңінен қолданылады. NASA-ның көптеген ғарыштық миссияларында осыған ұқсас деректер тіркеуші құрылғылар пайдаланылады. 2003 жылы апатқа ұшыраған «Колумбия» ғарыш кемесінен табылған қара жәшік ғарыштық температуралар мен жылдамдықтарға төзімділігімен таңғалдырған еді.

Кейбір оқиғаларда қара жәшікті табу айларға созылады. Мысалы, 2009 жылы Атлант мұхитына құлаған «Air France» ұшағының қара жәшігі апаттан екі жыл өткен соң ғана табылды. Ал 2014 жылы жоғалған «Malaysia Airlines MH370» рейсінің қара жәшігі әлі күнге дейін табылған жоқ.

Халықаралық авиациялық ұйымдардың мәліметінше, әлемде жыл сайын 1000-нан астам ұшу жазбасы талданады. Олардың көбі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тексеріледі, ал апат жағдайындағы деректер ерекше зерттеледі.

Қара жәшіктің салмағы шамамен 4-5 келі, ал көлемі кішкентай микротолқынды пешке ұқсас. Оны жеңіл әрі ықшам ету үшін ерекше қорытпалар пайдаланылады.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі таңда кейбір әуе компаниялары деректерді бұлтқа жүктеу технологиясын енгізуді жоспарлауда. Бұл ұшақ апатқа ұшыраған жағдайда қара жәшікті іздеуді қажет етпейді, себебі барлық ақпарат нақты уақытта сақталады.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар