Облыс прокуратурасы интернет-алаяқтықтың алдын алу және тергеп-тексеру сапасын арттыру мақсатында бірқатар шараны қолға алған. Атап айтқанда, мекемеаралық жиналыстар өткізіліп, 2024 жылдың 4 қарашасында облыс прокурорының өкімімен «Cyberpol» мекемеаралық жұмыс тобы құрылған. Бұл топ заманауи құрал-жабдықтармен және қажетті ақпараттық жүйелермен жабдықталған.
– Прокуратураның бастамасымен әзірленген «CyberShekteuTaraz» телеграм-боты арқылы 114 жалған мәлімет түсіп, бұғатталды. Тергеу жұмыстарының нәтижесінде 267 интернет-алаяқтық қылмысының 90-ы бойынша күдіктілер анықталып, жауапкершілікке тартылды. Қылмыстардың ашылу деңгейі 34 пайызға өсті, – деді Нұрбек Ұласбекұлы.
Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін Ұлттық банктің «Антифрод-орталығының» мүмкіндіктерін пайдалану тәжірибесі күнделікті қолданылуда. Аталған орталыққа күмәнді 256 банктік есепшот енгізіліп, оның 231-і бұғатталған. Сондай-ақ телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алу мақсатында «Қазахтелеком» және «Kcell» акционерлік қоғамымен меморандумдар жасалған. Бірлескен жұмыстар нәтижесінде 128 слоттық «СИМ-бокс» құрылғысы анықталып, күдіктілер қамаққа алыныпты.
Сондай-ақ спикер дропперлердің (қылмыскерлерге банк есепшоттарын пайдалануға немесе қаражат шешіп алуға көмектескен адамдар) жауапкершілігін қатаңдатуға ерекше назар аударылып жатқанын жеткізді. Қазірдің өзінде екі дроппер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың бірі – Ресей азаматы И.Рыбаков. Ол Қазақстан азаматтарын алдап, қаражатты қылмыскерлерге жолдап отырғаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Тағы бір Ресей азаматы Алматы әуежайында ұсталып, жымқырылған қаражатты қылмыскерлерге жымқыруға көмектескені үшін қамаққа алынған.
Жәбірленушілерден ұрланған қаражатты қайтару жұмыстары да қолға алынған. Мысалы, өткен жылы 50 талап арыз негізінде дропперлерден 61 миллион теңгеден астам қаржы өндіріліпті. Сонымен қатар интернет-алаяқтық құрбандарына қатысты банктік қарыздарды өтеуді тоқтату шаралары да жүзеге асырылған. Осы негізде 48 жәбірленушінің 59 миллион теңгеден астам қарызы тоқтатылыпты.
Брифинг соңында мамандар интернет-алаяқтық қылмыстарының көбі телефон қоңыраулары арқылы жасалатынын атап өтті. Сондықтан тұрғындарға күдікті қоңырауларға сақтықпен қарап, өз есепшоттарын ешкімге бермеу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ күмәнді жағдайларда «Cyberpol» тобына хабарласу ұсынылды.
Байланыс нөмірлері: 99-78-56 және 99-78-57.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Құрылыс сапасы қатаң бақылауда
Ұқсас жаңалықтар
«Крещение господне»: шомылу кезінде қандай ережелерді сақтау керек?
- авторAR-AY
- 17 қаңтар, 2025