Айталық, қазір мұнда көпқабатты 22 үй бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде мемлекеттік құрылыс саласындағы келісімшартқа сәйкес 2025 жылға өтпелі болған 13 үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Ықшамауданды аралау барысында шаһар басшысы құрылыс сапасына салғырт қарап, белгіленген кестеден кешігіп жатқан мердігер компаниялардың жұмысын сынға алды.
– Мен әрдайым құрылысты сапалы әрі межеленген мерзімде аяқтау керектігін айтып келемін. Алайда осы мәселеге атүсті қарайтын серіктестіктер әлі де бар. Солардың кесірінен бірқатар тұрғын үй әлі пайдалануға берілмей отыр. Мұның барлығы жұртшылықтың наразылығын туындатады. Сондықтан әрбір мердігер құрылыс сапасы мен мерзіміне үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ал өз ісіне жауапты компаниялармен қашанда тығыз байланыс орнатуға әзірміз, – деген қала әкімі жаңадан салынған тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру мәселесін де назардан тыс қалдырмады.
– Қазір қалада бой көтерген үйлердің аулаларын да абаттандыруға баса мән берілуде. Шыны керек, бұрын бұл мәселеге аса көңіл бөлінбейтін. Енді осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында әрбір тұрғын үйді салу барысында бірден аулаларына балалардың ойын және спорт алаңшаларын да орнатуды қолға алудамыз. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жайлы тұрмысына өз септігін тигізіп, осы үйлерге деген сұранысты арттырады, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Әрине, бұл тұрғыда аулаларды күтіп-ұстау мәселесі де туындайтыны сөзсіз. Қала әкімі бұған да екпін түсіріп, айрықша атап өтті.
– Тұрғын үйлердің аулаларын қараусыз қалдырмау – күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі. Егер ойын алаңшасын күтіп ұстамасақ, жасыл желекті уақытылы суармасақ, көп ұзамай-ақ жарамсыз күйге түседі. Сондықтан әкімдіктің жауапты бөлімі аулалардың жағдайына үнемі назар аударғаны жөн. Бұл ретте тұрғындар арасында мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ-ОСИ) құрып, олардың да жауапкершілігін арттыру қажет, – деген қала әкімі жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан кейін шаһар басшысы үйлердің жертөлесіне түсіп, жылу жүйелерін тексеріп, тұрғындармен тілдесті.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы