Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мерекеде де қауіпсіздікті күзеткен жауынгерлер

Мерекеде де қауіпсіздікті күзеткен жауынгерлер
Ашық Дереккөз
Жаңа жылды мерекелік дастарқан басында, жақындарының қасында емес, жұмыста қарсы алатындардың қатарында әскери қызметкерлер де бар. Отан қорғаушылардың жауынгерлік міндеті бір сәтке де тоқтамайды.

Міндетіне жауапты мамандар арасында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жедел кезекшісі, подполковник Абзалхан Симбиев пен оның көмекшісі, подполковник Мұхтар Есенжоловтың есімін ерекше атап өтуге болады. Жауынгерлер үшін 31 желтоқсан – кезекті күндердің бірі. Қызығы, екі кейіпкеріміз де кезекшілікке бірінші рет түсіп отырған жоқ. Жиырма жылдық қызметтік жолында Абзалхан да, Мұхтар да Жаңа жыл мерекесін кемінде бес-алты рет жауынгерлік бекетте өткізген.

– Жаңа жылды қанша рет жұмыста қарсы алғаным есімде жоқ. Қуанатыным, отбасым бұған түсіністікпен қарайды. Әйелім мерекемен тұспа-тұс келетін кезекшілігіме үйренген. Үйдегі 5 балам да қастарында бола алмағаныма ренжімейді. Бұл – біздің қызметіміз. Біз үшін жауынгерлік әзірлік пен қауіпсіздік қашанда маңызды, – дейді подполковник Абзалхан Симбиев.

Подполковник Мұхтар Есенжолов алғаш рет жаңажылдық кезекшілікке курсант кезінде, яғни әскери институтта оқып жүргенде түскен. Жиырма бес жылдан асатын әскери өмірінде бірнеше рет кезекшілікке түсіп, халықтың тыныштығын күзетіпті.

– Қай кезде болмасын, тұрғындар қауіпсіздігі үшін жауапты екенімізді түсіну өте маңызды. Биылғы Жаңа жыл түнінде де кезекшілік бекетінде болып, тиісті жұмыстарымызды атқардық. Қандай жағдайда да өз міндеттерімізді орындауға дайынбыз.  Жаңа жылды әскерде талай рет тойладым, бұл менің қызметімнің бір бөлігіне айналды, – деп атап өтті подполковник Мұхтар Есенжолов.

Мереке күндері қызмет ететін офицерлер мен сарбаздар үшін мұндай әрекет үйреншікті жағдай. Жақындарының қолдауы жауынгерлерге үлкен көмек, жігер береді.

– Өмірімде алғаш рет Жаңа жылды әскери қызмет жағдайында қарсы алдым. Бұл түн есімде мәңгілікке қалары анық. Осы күзде әскерге шақырылдым. Жаңа жыл қарсаңында бекетте кезекшілікке отырып, тұрғындар тыныштығын бақылап отырдым. Мен бұл кезді қуанышпен еске алатын боламын. Отбасымды және барша қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтаймын, баршаңызға бақыт пен береке тілеймін, – дейді 5-механикаландырылған бригаданың әскерге шақырылған жауынгері Александр Шишкин.

Бүкіл халық Жаңа жылды тойлап жатқанда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері, сондай-ақ барлық Қазақстан әскері осы мерекелік түнде бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етуі – ерлік пен антына адалдықтың белгісі.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар